Үш ауыл сумен қамтылды
Аққулы ауданы тұрғындарының 74 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жыл басынан бері Қазы, Шақа ауылдарында жаңадан су құбыры тартылған болса, жақында Шарбақты ауылының тұрғындары арбамен су тасудан құтылатын болады. Соңғы жоба еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақ журналистерімен кездескен Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы есеп берді. Аудан басшысының мәліметіне сүйенсек, Шарбақты ауылындағы су жүйесі іске қосылғаннан кейін 9 мыңнан астам халық орталықтандырылған су құбырына қол жеткізеді. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазантай, Шәмші, Шоқтал, Жабағылы ауылдарында шағын КБМ орнату жоспарлаған. Жалпы, 2022 жылға дейін Аққулы ауданының барлық ауылына заманауй су жүйесі тартылып, халық 100 пайыз таза сумен қамтылады деген жоспар бар.
Аққулы өңірі тұрғындарын толғандырған әлеуметтік сауалдардың бірі — жол мәселесі. Әсіресе, шалғай ауылдарға қатынайтын асфалттардың күрделі жөндеу күтіп тұрғаны қашан?! Аудан басшысының сөзінше, бұл мәселеле де біртіндеп шешімін тауып келеді. Алдағы жылы Шақа ауылдық округіне қатынайтын 30 шақырым жолды жөндеуден өткізуге 1 млрд. 96 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жоба 2020 жылдың маусым айында аяқталып, іске қосылуы тиіс. Бұдан бөлек Чорное ауылы мен Қазы елді мекені аралығындағы 36 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
— Ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін көтеру мәселесіне назар аударамыз. Аққулы ауданы тұрғындарының саны 12 мыңнан асты. Еңбек нарығындағы, яғни, еңбекке жарамды адамдар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды құрады. Жыл басынан бері 424 жаңа жұмыс орны құрылған болса, 178 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Жыл басынан бері аудандық «Жұмыспен қамту орталығына» жұмысқа орналастыру бойынша 874 адам өтініш білдірді. Оның ішінде 708 адам жұмысқа орналастырылды. 16 адам жастар тәжірибесі бойынша жұмыс тапты. Бұдан бөлек «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары айтарлықтай жоғары деңгейде жүргізілуде, — деді Абзал Әбілқақұлы.
Тілеуберді САХАБА