Тәуелсіздік бағасын қазақ баласы, ұлы даласы ардақтауға тиіс!
Уақыт шіркін зымырап өтіп барады. Таң атады, күн батады. Бажайлап қарасақ, тәуелсіздігімізге де 28 жыл толғалы тұр. Аз ба, көп пе? Тарих безбеніне тартсақ – қаңбақ құрлы салмағы жоқ мерзім. Пенде баласының түйсігімен шамаласақ орда бұзар отыздың, қылшылдаған жастықтың жігері есетін тұс. Етек-жеңін жинаған, алды-артына қараған, байсалды пікірі бар, өзіндік биігі бар, кемшілігін сезінген, кемелдігі көрінген, толысқан, дараланған бозбала шақ осындай-ақ болар. Тәуелсіздік жайлы сөз айтылғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еске оралады. Мені біреу құптар, біреу бәлкім боқтар мәселе онда да емес, мәселе тәуелсіздік пен Елбасының егіз ұғым екендігінде. Тәуелсіздікті алу бар да, оны мәңгілікке сақтап қалу бір жүк. Жақсы болайық, жаман болайық, еліміздің іргесі берік, ынтымағымыз бірлігімізге серік. Әрине, желтоқсан батырларының асқақ рухына да тағзым бөлек! Олардың қар жамылып, мұз төсенген жастық жігері, асқақ болмыстары ұрпақтан ұрпаққа жалғасар ерлік дастан! Ендеше бәрін нөлден бастаған, ешкімнің әмірін тоспаған, халқы сенім артып қостаған Назарбаев — ғасыр айырығында үлкен миссияны өз мойынына артып алды.
ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЕЛБАСЫ ЕГІЗ ҰҒЫМ
Осы жолда жеңістің де, жеңілістің де дәмін татуына тура келді. Қателескен де шығар, пенде ғой. Бірақ ел үшін жасаған елеулі істері қателігін көмкеріп, кемшілігін төңкеріп тастағандай көрінеді маған. Әріге бармай-ақ, Алматыдай сұлу шаһар Астананы, Ақмоладай батпағы былыққан, өзге ұлттар көп шоғырланып «шыныққан» қалаға айырбастай салуының өзі көзсіз ерлік еді. Сол жылдардағы газет – журнал қиындыларын ақтарып отырсаң, бүгінгі білікті деген, елге сөзі өтеді деген талай марқасқаның, Целиноградтың Астана болуына қарсылық танытқанына тап боласың. Алайда толқынға қарсы жүзген кемедей қажыр-қайраты мол азаматтың бірбеткей мінезі – өз жемісін берді. Қиял-ертегінің шындыққа айналғанын дұшпан көріп күйінді, досы көріп сүйінді. Енді міне, оның рахатын қазақ жұрты көріп отыр. Ми батпағы шыққан шалшық дала, аз уақытта адам сенгісіз – еңселі ғимараттары самсаған қалаға айналды. Шүлдірлеген көшелер — күмбірлеген күй мен елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімімен жаңғырып тұр. Бұдан артық не керек? «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыров сөзін қазақтың сөз ұғатын зиялылары елдік мұрат жолында алтын көпір етіп жүр. Сол елдік мұраттың түпкі негізі – бірлік. Иә, бұл халық нақылы бүгінде өз өміршеңдігін көрсетуде. Ынтымақ пен ымыра бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Қандайда ел болмасын, терезесі тең, керегесі кең болуды аңсайды.
Шүкір, қазірде Қазақстан өзіндік саяси және экономикалық жүйесі қалыптасқан, әлем елдері мойындаған егеменді, тәуелсіз мемлекет. Яғни, қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді ел. Еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұратына қол жетті. Бір сөзбен айтқанда, ғасырлар бойы тағдыр талқысына тегеурінді қарсы тұра білген Ұлы Дала елі ұлыс пен ұлтты құтты қонысына сыйдыра білген дархан елге айнала білді. Ата-бабамыз ғасырлар бойы тәуелсіздікті, азаттықты, бақытты ел болуды аңсады. Жаугершілік заманды басынан өткізіп, бейбітшілік заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін көрсетіп, бауырына өзге ұлттың баласын салып, бір үзім нанын бөліп беріп, дастарханын жайған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес.
Олай болса тәуелсіздіктің бағасын қазақ баласы, алаш даласы ардақтауға тиіс!
Экономикасы әбден тұралаған, жері мен елінің берекесі қашқан, кеңестік дәуірден «мұраға» қалған, «мешел баладай» Қазақияны 1992 жылы Назарбаев қалың бұқараның қолдауымен қабылдап алды. Қиыншылығы көп болған жылдар ішінде, әбден құлдыраған Қазақияны биік деңгейге көтерген Елбасы еңбегі – бір төбе екенін айтпай кету арға сын! Қалай десек те, жақсылық пен жамандық текетірескен мына заманда, сыртқы күштер сасық саясатпен ел ішіне іріткі салып жатқанда, даралыққа, даналыққа тас лақтырушылар жоқ дей алмаймыз. Бірақ ел іргесінің бекіуіне, тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына ерен еңбек сіңірген тұлғаны – тарих бетінен сызып тастау мүмкін емес. Саясат деген тотыдай түрленіп, мың құбылып тұрған мына дәуірде, қателесу де оп-оңай, ат құйрығын кесісу де тым жылдам, татуласу мен тамырласу да қас-қағым сәтке байлаулы.
Саясат деген – кейде маған өткір пышақ секілді көрінеді. Түйінді мәселені шешерде қиналып тұрғанда, өз қолыңды да байқамай кесіп алуың бек мүмкін. Ел мен жердің тағдыры талқыға түскенде қанша шешен болсаң да, қанша көсем болсаң да сенің қасыңда күншілдер мен күні үшін жүргендердің қара көрсетуі ықтимал. «Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» деген осы орайда айтылса керек. Адам тануға да үлкен қабілет керек-ау шамасы. Бәлкім Елбасы осы жағынан қателесіп кетті ме, екен? Өйткені кейбір сенім артқан шенділері жерге қаратып, халықтың алдында ұятқа батырған кезі аз емес?! Мұндай да қазақ «Әттең тонның келтесі –ай» демеуші ме еді! Бізде осыдан аса алмаспыз негізі. Әйтсе де Әлихан Бөкейханов жеріне жеткізе айтыпты мұның ақырын. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деп. Тағы бір мақаласында «Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс» депті. Бұл да Елбасыға артылған заман жүгінің зіл батпан екенін әйгілеп тұрғандай….
Қайтейік, елім деп еңіреген азаматтың «ұйқысыз түндері мен мазасыз күндерінің» өтеуін болашақ ұрпақ зерделей жатар. Саралай жатар. Әділ бағаны да солардың еншісіне қалдырғанымыз жөн болар…
Иә, кешегі күн бүгін тарих. Өткенді ойласақ көкірегіміз шерге толады, көзіміз жерге «қонады». Сөйте тұра барды бағалауға келгенде – сараңдық танытуға пейілміз, жақсылықты – тез ұмытуға үйірміз. Тәубешіл едік – тамырдан ажырап барамыз, сабырлы едік – тағатымыз қашып жүр. Ойдан – қырдан құйылған ақпараттар ағыны да сананы жаулап алуда. Тәуелсіздікке жету жолындағы құрбандықтардың бәрін ұмытып кеткендейміз.
Азаттықты аңсаған алаш қайраткерлері еді… Олардың изгі армандарының біразына қол жеткізсек те, мұрат-мүдделеріне терең бойласақ та, нақты бағасын беру жағы кемшін түсіп жатқанын жасырғым келмейді….
Иә, азаттықты аңсаған алаш ұлдарының биігіне, дұға–тілегіне, дархан тілеуіне Алла нәсіп етіп кейінгі ұрпағы қол жеткіздік. Бұған да тәубә. Бұған да сансыз шүкір, тоба!
ШЫРШАНЫҢ ТАСАСЫНАН «СЫҒАЛАҒАН» АЗАТТЫҚҚА КҮЙІНЕМІН
1917 жылы Алаш Туы көкке көтерілгенде Абайдың інісі, Алаштың ірісі – Шәкәрім қажы: «Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер, Арға ие басшының соңынан еріңдер!» – деп бар қазаққа сауын айтып, сүйінші сұрап, жол нұсқады. Арға ие басшы Әлихан жолы – Алаш жолы, Алаш жолы – қазақтың жолына, азаттық таңына айналды. Олай болса: «Алаш жолы – ұлт тарихының айнасы, елдік мұрат-мүдденің асыл арнасы. Ел тарихының арғы-бергі кезеңінің өрнекті өрісі, азаттық арқауы деуге негіз бар.
Алланың қолдауымен, 1986 жылғы жастардың толқуымен егемендікке қол жеткіздік. Біз ғана емес, іргесі мәңгі сөгілмейді делінген 15 республиканың ыдырауына да әйгілі Желтоқсан «кінәлі». Жалпы, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін посткеңестік елдердің сарапшылары КСРО-ны құлатуға бірден-бір түрткі болған оқиға екенін айтады. Оны қазір әлем мойындап отыр. Қан төгілді. Жазықсыз жапа шеккендер көп…
Жасырып жабары жоқ, әлі күнге ұлтқа ұртын толтыра қарайтындар, тілге пысқырып та қарамайтындар билік басында көрінуі – Назарбаев саясатының осал тұсы болды дейтіндер бар. Жемқорлыққа былыққан, тек ақшаға құныққан шенеуніктердің қаптап кетуіне шынымен кім кінәлі? Назарбаев қана ма? Онда сол шіріген жұмыртқаларды өсірген, асырап-баққан, білім берген, тәрбиелеген отбасы, олар өмір сүріп отырған қоғам неге ұмыт қалуы тиіс? Балық басынан шіритініне осының өзі жарқын дәлел.
Санасы оянбаған, «құлдық қамытынан» босамаған ондайлардың кесірі бірге емес мыңға тиюде. Қойдай қоңыр, қозыдай момын халықтың кейде ашу – ызасына, билікке қарсы кіжінуіне «тұрпайы істерімен» көзге түсетін «жөргегінде былғанған» шенділер айыпты! Шынын айтайық, бүгінгі дүрбелеңге толы қоғамда «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» (Бөкейханов) дейтін тұлғалар азайып барады. Оның зардабын бейкүнә халық тартып отыр..
Қайтейік, «Күріштің арқасында күрмек су ішкен» заманда тіршілік кешіп жатырмыз. Тәуелсіздікті айтқанда, алаш арыстары еске жиі түседі.
Азаттық алуға ұмтылған «Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысын алсақ та, бәрі ауыл молдасынан қара танығаны болмаса, бастауыш мектептен бастап жоғары оқу орнында түгел орысша оқыған екен. Бірыңғай қазақша білім алған біреуі жоқ. Соған қарамастан, олардың бәрі түгел ана тілінде жазып, сөйлей білді. Бұл не уызына жарығандық па?
Олар қайда жүрсе де, Ресей Думасында отырса да, ешқандай да қызмет-шенге сатылған жоқ, ана тілін ардақтады, қазақ мүддесі үшін қызмет қылды. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болды» (Сұлтанмахмұт). Азаттық үшін арпалысты, әз жандарын құрбан қылды. Бостандық жолында бастарын бәйгеге тікті. Олар негізінен екі мақсатты көздеді. Бірі – қазақ елін отарлық езгіден азат ету, екіншісі – қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу еді…
Онда неге бүгінгі шенеуніктер тәуелсіздікке 28 жыл толса да «орысшыл» мінезден арыла алмай жүр? Осы сұрақтың жауабын келер ұрпақ та сөзсіз сұрамақ! Ақ пен қараның аражігі сонда ашылар? Көкейге кептелген көп сұрақты бірінің құлағы осындайда қылтиады. Ата-бабамыз аңсаған азаттықтың ақ таңын дұрыс қарсы алып жүрміз бе? Осы күнге екі аяғымыз салбырап көктен түсе қалғандай кейіптеміз бе әлде? Бәлкім біз тойынып толған болармыз. Онда Аяз би секілді тәубәға келуге не кедергі? Аяз би заманында әділ болды. Тура билік етті, нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының мандайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тоны мен тымағына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» — деп, көңілін басушы еді дейді. Онда біздің қара халықтың қамын емес нанын жеген байшікештерде бір сәтке ойланып көрсін демекпін. Қарға тамырлы ағайын, ғаламда тәуелсіздікке жетер дүние бар ма? Тәуелсіздік үшін малы мен жанын бергелі жүрген халықтар барын білсек те, оларға сәруәр сағыныш болған, қол жетпес арман болған – Тәуелсіздік екенін жүрегімізден өткізіп көрдік пе? Біз – тәуелсіздіктің қадірін терең түйсіне алдық па өзі? Материалдық, дүниеауи мақсаттар бізді алға жетелеп бара жатқан жоқ па? «Қолда тұрған алтынның қадірін» қаншалықты сезіне алып жүрміз осы?
Көршіміз Ресейде кешегі «Алтын орданың» заңды мұрагерлері тәуелсіздікті аңсап алақандай жерге зар болып отыр. Ұйғыр – тәуелсіз ұйғыр мемлекеті үшін Қытаймен тіресіп жүр, күрд – Күрдістанның тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін барын салуда. Тізе берсем, мұндай мысалдардың әлі жүзін келтіруге шамам жетеді. Біреуге арман болған жақұттай – тәуелсіздік біздің арамыздан шыққан кейбір жандарға қадірі қашқан байлықтай құнсызданып бара жатқаны несі? Қазақтың атынан билікке жеткендер, қазақтың төлеген салығымен милиондап жалақы алатындар, қазаққа қадірлі тәуелсіздік күніне неге салғырт қарайды?
Тәуелсіздік мерекесі есік қағып тұр. Басқа жерді қайдам, бір ғана астанада мерекелік көңіл күйді сезу қиын. Қаптаған жаңа жылдық шыршалар. Құттықтаулар. Ізгі тілектер. Бұл өзі жылда қайталанып әбден жауыр болған тақырыптың бірі. Журналист Бейбіт Оспан күйініп жазыпты. «Қайран қасиетті қара нар, баһадүр бабаларым не деген текті, көсем, дана, данышпан едіңдер. Бір-ақ ауыз сөзбен керемет пәлсапалық ой айтқансыздар. Мәселен, «Бассыз үйдің иті осырақ». Осы тәмсіл бүгінгі күннің өзегін тап басып тұрғаны. Қазақтың азаттығы жолында алты ай бойы ат үстінен түспей, киімі денесімен бітісіп тері болып кеткенше жүріп шаумен шайқасқан Ер Жәнібек мына кейпімізді көрсе күйіктен қанқұса болып кететін шығар. Олай дейтінім, ұлтымыз үшін ең қасиетті де тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің қадірін әлі күнге дейін сезінбей келе жатқанымыз жанды күйзелтетінін қайтерсің. Бүгіндері, «Орыс ойына келгенін істейдінің» кері келіп, әркім ойына келгенін істеп, бет-бетімен жүр. Көшелер, ойын-сауық сауда орталықтары жағалай шырша қойып тастаған. Қазақ елінің Тәуелсіздік тойына пысқырып қарап жатқан біреуі жоқ. Тіпті, астанамыздың қалалық әкімшілігінің алдына да көкпен таластырып шырша орнатылған. Осы көріністен кейін бұл дегеніміз бассыз үйде істелінетін тірлік емес деп айтып көріңізші? Мына бетімен кеткендерді жауапқа тартып, жазалайтын, айып салатын біреу бар ма? Ұлы мейрам тәуелсіздік күніне орай көшелерде бірде-бір ұран, плакат, құттықтаулар кездестірмейсің. Болса да бірең-саран. Жағалай шырша. Тәуелсіздігімізді ұлықтай алмасақ, ұлықтата алмасақ, ұлт ретінде қадіріміздің қашқаны емес пе? Әй, «Бассыз үйді қонағы билейтіні», «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтығы», — рас екен. Қожайыны жоқ елде осылай болады. Өкінішті-ақ» депті. Ащы да болса шындық осы.
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ ҚАНДАЙ ЕДІ!
Тағы айтамын, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмеді. Оған қол жеткізу үшін түлкінің айласы, қасқырдың азуы, жылқының төзімі, түйенің шыдамдылығы ауадай қажет еді. Бүгіндері отбасына билігі жүрмейтіндер мінберден ел тағдырын шешуге бейім. Алла бізді солардың зымияндығынан сақтасын. Екі жүзділігінен қорғасын. Мен Назарбаев президент болып тұрғанда мақтап мақала жазып көрмеппін. Алайда бір мақалам да «Мен Назарбаевты ертең қызметінен кеткенде жеріне жеткізе жазамын. Ол кезде бүгінгі мақтап жүргендердің кейбірінің маскасы шешіліп, бұрынғы айтқандарынан тайқып жатады» деп айтып қалыппын. Сол сөзім – сөз! Қазақтың бір қара баласындай қарапайым отбасында дүниеге келген Елбасының Алаш тарихын білмеуі мүмкін бе өзі? Әрине жоқ. Егер алашты білмесе, білімінің де бір жақты болғаны емес пе? Алаш қозғалысы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай дейді: «Біз Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтарды құрметтеуіміз керек. Алаш қайраткерлері Патшаның тақтан құлауы қазақ халқына бостандықты алып келеді деп сенген еді. Бірақ, олай болмады. Ұлттық идея үшін арыстар өмірлерін қиды, бірақ олар тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды одан ары күшейте түсті. Ол бақытты күнге жету бүгінгі ұрпақ еншісіне бұйырды. Алаш аманаты – өзіміздің тарихи мәдени бірлігімізді сақтау, Алаш аманаты — келісімді сақтау және нығайту болып саналады». Ендеше, Алаш идеясы – Қазақстан азаматтарының бірігу идеясы, болашақ дамуының айқын бағыты, егемендігімізді нығайта түсетін ұлы жол деп түсінуіміз керек» дейді. Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» — деп көрсеткен болатын. Көрдіңіз бе, зерделі де зерек ойлы президент тарих қатпарындағы жай-жапсарлармен толық танысып, Қазақстан халқына билік тармақтарын қайта қарау жөнінде үндеуін жариялады. Осыған қарағанда, Елбасы – ғасыр басындағы Алаш зиялысы Барлыбек Сыртанұлының «Қазақ елінің уставы» деп аталатын алғашқы конституциялық еңбегін оқып, танысып шыққандай әсер қалдырды. Әсіресе, Елбасының үндеуі – Барлыбектей арыстың пікірімен ұштасып тұр. Бұны – екі дәуірде өмір сүрген қазақтың қос перзентінің бірін-бірі толықтырғаны деп түсіну керек.
Халық арасында Елбасының шекараны шегендедік деген бір ауыз сөзіне де дау айтушылар көп. Әрине, шекара мәселесі қазақ хандығы тұсында шешімін тапты. Жаугершілік заманда өрістеді де, кей жерлеріміз уыстан шығып кетіп жатты.
Ал тәуелсіздік тарихында Назарбаев әлем картасына алаштың арманын тасқа басып қалдырды. Оны енді өшіру ешкімнің қолынан келмейді… Біз алаш арыстарының асқақ арманының жүзеге асқанына қуануға тиіспіз. Олар көрмеген азаттықтың дәмін біз таттық. Өкінішке қарай 1920 жылдың 5-наурызында Алаш үкіметі большевиктер тарапынан күшпен таратылды, бірақ алаштықтар осымен бәрі бітті деп жерге қарап қалған жоқ. Қайта олар 1920 жылғы 17-наурыз күні Қазақ тарихындағы айтулы оқиғада өте белсенділік көрсетіп қана қоймай, ұлттық мүдде жолында адам айтса нанғысыз зор жеңіске жетті.
29 жастағы Әлімхан Ермеков Ұлт көсемі Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Кремльде өткен Кеңес Одағы Халық комиссарлар Кеңесінің жиналысына қатысып, Лениннің төрағалығымен өткен қызу талқыда Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндама жасайды. Баяндамашы Ә.Ермеков Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын 3 миллион 467 мың 922 шаршы шақырым жерді Қазақ Республикасының құрамына беруді ұсынды. Кеңес үкіметінің орталық билігіне осы талабын түгел орындатқан қазақ өкілдері қазіргі Қазақстанның шекарасын осылай белгіледі. Бірақ… Осылайша, өткен күнге көз жіберсек, Алаш арыстары атқарған «Әрбір істе – қазақ иісі аңқығанын» (Ғұмар) көреміз. Сондықтан да Алаш ұлт-азаттық қозғалысы туралы әрдайым айта беруіміз керек. Ол біздің тәуелсіздігіміздің бағасын арттырмаса, құнын түсірмесі белгілі.
Әлеуметтік желі де не жазылмай жатыр қазір. Демократия жоқ дейтіндер бар. Егер елімізде демократия болмаса соның бәрін жазу мүмкін бе еді? Ел арасында қос Президент басқарып отырған мемлекетпіз деген де сөздер айтылуда. «Исатай басшы, мен қосшы» деп Махамбет батыр жырлағандай ел басқару ісінде тәжірибелі басшының жолын ұстану, ақыл-кеңесіне құлақ түру де ел болашағына алаңдаған азаматтың өресін көрсетеді. Көзі ашық, көкірегі ояу, саясатқа жетік қайраткерлер биліктің қос тізгіні Тоқаевтың ырқында екенін әлдеқашан мойындаған. Онда «күңкіл мен қыңқылдың» иелері тәуелсіздікке сына қаққысы келеді. Басқа не болуы мүмкін?
ШЕНЕУНІКТЕР ЕЛІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ КЕРЕК
Түйін сөз: ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқаннан кейін, елде саяси инновация жүре бастапты. «Қазақстанға келер болсақ, елде саяси инновация орын алды. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, ұлт көшбасшысы. Ол үлкен құрметке лайық. Мен заңды түрде сайланған президентпін, мемлекет басшысымын», – деді Тоқаев Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында. Ол Назарбаевпен ешқандай көзқарас қайшылығының жоқ екенін мәлімдеді. «Екеуіміздің арамызда ешқандай қайшылық жоқ. Ол кісіден кеңес сұрайтын кездерім болады. «Қос билік» немесе тандем дегендер жоқ. Тек заңды түрде сайланған президент бар», – деді Тоқаев. Бұдан асырып не айтуға болады.
Ғалымдардың сөзіне сенсек, әлемде 6 мыңнан астам тіл бар. Африкадағы, Оңтүстік Америка мемлекеттеріндегі ұсақ тайпалардың тілін санамағанның өзінде 3 мыңға жуық тіл қалады десек, әлемде сонша халық бар деген сөз. Егер барлық халықтар тәуелсіздік алатын болса, дүниежүзінде үш мыңнан астам тәуелсіз мемлекет болар еді. Алайда, ғаламторда жарияланған осы сынды деректерге құлақ түрсек, 1900 жылдың басында жер бетінде тәуелсіз 52 мемлекет қана болса, қазір бұл көрсеткіш екі жүзге ғана жеткен. Дәл осындай көзқараспен қарайтын болсақ, «Тәуелсіздіктің қадіріне жете алып жүрміз бе?» деген сауал туындауы заңдылық. Бүгін біздің қоғамда неше түрлі алыпқашпа әңгіме бар. Менің ойымша, бүгінгі тәуелсіздігіміз сан ғасырлар бойы бабаларымыздың азаттық үшін, мемлекеттікті құру үшін жүргізген күресі, күйзелісі, жантәсілімі, нартәуекелінің тікелей нәтижесі. Бірі болмаса, екіншісі болмас еді. Жалпы, кез келген адам – құмсағат сияқты болып көрінеді. Егер көзіміз, көкірегіміз ашық болса, тарихи жадымыз толық болса, кешегінің, өткен күннің құмы бойымыздан сырғып өтіп, болашаққа барып құйылып, ұлт уақытын белгілеп, анықтап отыратын. Ньютон айтпақшы, біздің ірі, биік болып көрінуіміз ұлылардың иығында отырғандығымыздың ғана нәтижесі. Бүгін біздер ірі-ірі тарихи концепцияларды жасақтап, онда ұлт пен мемлекеттің тарихын мықтап жазып шығуымыз ауадай қажет. Бұл да тәуелсіз ойлау, мемлекет болу, құлдық, отарлық санадан арылудың алғышарты.
Тәуелсіздік үлкен бақыт. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Ешқашан мемлекеттің жақсылықтары көп, жаманы да жетерлік деп айтуға болмайды, бірақ біздің потенциалымыз, біздегі мемлекеттің күші, жердің асты мен үстіндегі байлықтарымыз мұндай өмір сүруге татымайды, біз бұдан да артық, жоғары өмір сүруге міндеттіміз. Себебі, бүкіл еуропа мемлекеттерінің байлығын жинағанда Қазақстанның байлығына жетпейді. Біздің мұнайымыз, көміріміз, уранымыз, алтынымыз, газымыз бар. Бүкіл Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бізде. Осыны тиянақты, берекелі қылып шығарып, халықтың игілігіне жұмсауымыз қажет. Халықты көтеруіміз керек, егер мықты халық болмайтын болсақ, экономикамыз дамымаса, болашағымыз күмәнді болмақ. Ертеңгі ұрпақтарымыз өз Отанында емін-еркін жүретіндей, елдің, жердің иесі болатындай, байлығын пайдалана алатындай қоғам құрсақ, халықтың да көңілі тоқ болады. Бұл ел басында отырған азаматтарға айтар базынам. Ел Президенті Тоқаевтың аз уақытта халық үшін жасап жатқан еңбектері көптің көңілінен шығуда. Несиелік қарыздардың кешірілуінің өзі – қарапайым халықтың еңсесін бір көтеріп тастады. 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының өзі – тосын сый болғалы тұр….
Меніңше, президент Тоқаев өз қабілетін терең пайдалануға мүмкіндік алды. Ол президенттік тұғырға кездейсоқ келіп қона қалған адам емес. «Кезектен тыс президент сайлауы Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өткелі жатыр. «Nur Otan» партиясының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ел президенті ретінде сайлауды ұсындым. Оны басталған істі жалғастыратын, мұрагерлікті қамтамасыз ететін, (президенттікке) даярланған адам деп санаймын» деді Назарбаев. Бұл тұңғыш перзиденттің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдауы. «Ат тұяғын тай басар» дейді қазақ мұндайда.
Еліміздің гүлденуіне, дамуына, тыныштығына сүбелі үлес қосқан Елбасының арда істері келешек ұрпаққа үлгі! Тәуелсіздік тарихында ол кісінің аты алтын әріппен жазулы тұр. Оған елі сүйген Елбасы әбден лайық! Құрметті оқырман! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Сәуле Мешітбайқызы