Б.Жұмаділов: Боксшы бауырларым Рио төрінде көк туымызды көбірек желбіретсе екен деп Алладан тілеймін

Ел намысын әлемдік ареналарда қорғап, жеңіліске мойымай, жеңіске мастанбайтын жігерлі спортшылар көп деу қиын. Қанша жетістікке жетсе де, уақытында ілтипатқа бөленіп, кейін ұмыт қала беретіндер де аз емес. Арамызда қаймағы бұзылмаған қазақы қасиетіне қанша жылдан бері қалада тұрса да шаң тимеген, қарапайым қалпынан таймаған өр азамат бар. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, бәлкім, көз алдымызда сау жүргесін бағаламай жатқан шығармыз. Оны көпшілік бокстан Жазғы Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері деп таниды. Бүгін оқырман назарына егемендік алған алғашқы он жылдықта қос Олимп шыңының финалында ғана сүрінген Болат Жұмаділовпен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

«МЕН ҰМЫТ ҚАЛҒАН ЖОҚПЫН»

Сөз басында уақытында ғана қошеметке бөленіп, ескерусіз қалған саңлақтарымыз аз емес деген едік. Осы ойымызды Б.Жұмаділовке сауал етіп қойғанымызда ол:

— Бұл ойыңмен онша келісе қоймаймын. Неге? Өйткені әр спортшы өз кезеңінде бағаланып, жарнамаланады деп ойлаймын. Мәселен, өзің меңзеп отырған Сиднейдегі Олимпиаданың тарихқа енгеніне 16 жыл болды. Одан бері қанша Олимпиада өтті, алдымызда енді Рио бәсекесі тұр. Сондықтан әр боксшының, тіпті, кез келген спортшының өз уақыты бар. Сенің жасың жиырма үште болса, егер боксшы болсаң, нағыз жарқырайтын кезең осы уақыт. Бірақ мен үшін танымалдылық шарт емес. Мен елге қызмет етсем, намысын қорғап, абыройын түсірмесем, сол маған жеткілікті. Ал еңбегім еленбей келеді, журналистер іздемейді, ел танымайды деу табиғатыма жат қылық. Тіпті, оны ойлаған да емеспін. Қоғамдық орындарда танып сәлемдесіп жататындар аз емес. Журналистер қауымы да хабарласып тұрады. Әсіресе осы Рио додасының да төбесі көрінген сәтте пікірімді сұрайтындар көп. Десе де, бәрінің қоятыны бір сауал: сол Илья Ильиннің жағдайы немесе допинг дауы. Оларға менің жауабым — мен ол саланың маманы емеспін. Расында да, менен бокс жөнінде сұраса бірсәрі. Ал, өзім білмейтін салаға тұмсық сұғудың өзі ұят деп есептеймін. Сондай-ақ, ұмыт қалған сияқтысыз дейсің. Құдайға шүкір, қайталап айтайын, мен өз уақытында мақтау мен марапатқа кенде болмаған пенденің бірімін. Сиднейден аман-есен оралғаннан кейін мемлекет бар жағдайымызды жасады, орден, медальдар өз алдына, үйлі де, машиналы да болдық. Қысқасы, мен ұмыт болған жоқпын, қазағым да ұмытқан жоқ! — деп жауап қатты.

«АЛТЫН АЛСАМ, МАСАТТАНЫП КЕТЕР МЕ ЕДІМ…»

Кешегі ринг төрінде атой салған, бүгінде бапкер болып, қазақ боксына үлесін қосып жүрген Болат ағамыздың Қазақстанның рекордтар кітабына (КИнЭС) 2006-2007 жылдары есімі енгенін көпшілік біле бермейді. Сондай-ақ, бір жыл 54 келіде өнер көрсеткен де кезі болған.

— 1992 жылы Ересектер қатарына өткеннен сегіз жыл үзіліссіз бокспен айналыстым. Қос Олимпиадада алған болаткүміс жүлдеме ризамын. Бірінде 11:12, екіншісінде 12:19 есебімен жеңілдім. Бірақ, Құдайға шүкір, күміс медальді иелендім. Қайта алтын алсам, масаттанып кетер ме едім деп те ойлап қоямын (Бөкең жымиып қойды). Аталған екі Олимпиаданың финалында алтын олжалауға мүмкіндік болды. Десе де, сол кезде былай етуім керек еді деп қазір өтіп кеткен жекпе-жекті әңгіме қылу артық болар. Алланың қалауымен өзіме тиісті жеңістерге жеттім. Әлем чемпионы болдым, Азияны да мойындаттым. Бастысы, жеңістердің баршасына әділдікпен жеткеніме сенімдімін. Жеңілістерімді де әділетсіз деп айта алмаймын. Өзімнің замандасым, иық тіресе жарыстарда өнер көрсеткен бауырым Ермахан Ыбырайымов Австралиядағы Олимпиададан кейін бірден бапкерлікпен айналысса, мен өзіме үзіліс алдым. Он алты жыл ішінде бокстан өзге салаларда да өзімді сынап көрдім. Кеден саласында қызмет еттім, жеке жұмыстармен де айналыстым. Ал бапкерлік қызметімді 2010 жылы Арқалықта бастадым. Белгілі меценат ағамыз Қайрат Боранбаев киелі Торғай өңірінде жасөспірімдерді боксқа баулуды ұсынғанда бірден келістім. Содан үш жылдай Арқалықтың жасөспірімдеріне ринг айқасын Марат Сейтамағамбетов және осы жылдың ақпанында дүние салған Рашид Байменов секілді білікті бапкер бауырларымызбен бірге үйреткен жайымыз бар. Қанат Сәңгіл, Жандос Мұхамедәли, Шалқар Таймас және өзге де шәкірттер ел біріншіліктерінде облыс намысын қорғап, еңбегіміздің жануына атсалысып жүр. Қазір «Астана Арландарын» жаттықтырып жүрсем де, еліміздің балғын боксшылары көрген кезде сәлем беріп, ақыл-кеңес алып тұрады. Сөздің шыны керек, солардың жартысынан көбін танымаймын да. Бірақ боксшы болып та, бапкер болып та бір елдің намысын қорғап жүргендіктен, ізімізден ерген жастар бізді ұстаз тұтып жатады. Байқап отырсақ, қазіргі таңда AIBA-ның басшылығына Тимур Құлыбаев ағамыз келгелі Қазақстанның бокс саласында біршама өзгерістердің барын аңғару қиын емес. Мәселен, бұрын тек Алматы, Шымкент, Тараз бен Қарағанды облыстарында бокстың даму деңгейі қарқынды болса, қазір Өскеменнің, Маңғыстаудың да жігіттерінің төбе көрсетіп, бәсекелестіктің артқаны көзге ұрып тұр. Мемлекет көңіл бөлмей жатыр деген сөзден аулақ болу керек.

«БІРЖАНҒА СЕНІП ОТЫРМЫЗ»

Өзі ашылып айтпаса да, спортқа саясаттың және әртүрлі күмәннің араласуын құптамайтынын жеткізген бокс майталманы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада жөнінде ағынан жарылды.

біржан— Алдымен Олимпиада деген не деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Менің тұжырымым бойынша Олимпиада – бүкіл әлем халықтарын бірлікке, татулық пен достыққа шақыратын спорттық бірегей ұлы шара. Енді ел құрамасының жағдайына келсек, өкінішке орай, Ильядай көшбасшы спортшының дүбірлі додадан шеттетілуі қазақ елі үшін ауыр соққы болды. Алайда біз тақым қысып отырғанда жарысқа түскелі отырған атлеттеріміз елді жерге қаратпайды деген сенімдеміз. Ал жап-жас таэквондошы Руслан емес, жазғы атлеттеріміздің барлығынан да алтын күтетініміз жасырын емес. Боксшыларымызға келсек, он жігіттің барлығы да әбден ысылған, Олимпиадада ел намысын қорғауға лайық нағыз сайыпқырандар.

— Болат аға, сөзіңізді бөлейін. Өзіңіз айтып отырған он боксшының ішінде жеңіл салмақта Біржан Жақыповтың Риоға баруы қаншалықты дұрыс деп есептейсіз? Әлде бас бапкер «ер кезегі үшке дейін» деген тәмсілге сүйеніп отыр ма?

— Біржан бауырымыздың баруы орынды деп санаймын. Себебі ол бармаса да, оның салмағында дәл қазір Олимп бәйгесіне қоса қоюға дайын боксшы жоқ. Біржанмен жұдырықтасу деңгейі тең спортшы жігіттер бар десек те, олардың Олимпиадада тәжірибесі жоқ. Мәселен, Ержан Жомарт та 49 келіден сынға түсіп жүрген талантты боксшы. Бірақ, оған қарағанда, Біржанның Олимпиадада топ жаруға мүмкіндігі бар. Жасы да келіп қалды, отызында орда бұзады деп сенейік.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЗ КЕЛГЕН АЙМАҒЫ — «МЕНІҢ ҮЙІМ»

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WBS) өнер көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген «Astana Arlans» бокс клубын Нұрлан Ақүрпековпен бірге жаттықтыратын Болат Жұмаділовтен «еліміздің басқа аймағынан ұсыныс түссе, қандай шешім қабылдар едіңіз» деп сұраған болатынбыз.

— Қазір күллі әлемнің назары Риоға ауған шақ. Сондықтан әзірге «Астана Арландарының» күнделікті жаттығуына бас-көз болып жүрмін. Егер еліміздің өзге аймақтарынан ұсыныс түсіп, үлкен жаттығу залдары ашылса, барамын. Өйткені ұлан-ғайыр жеріміздің кез келген тұсын «менің үйім» деп есептейтін жанмын. Туған жерім Жамбыл облысы болса да, елімнің барлық тауы да, тасы да маған ыстық. Арқалыққа барғанымда да жалғызсыраған жоқпын.

— Аға, әуесқой рингте 500-ден аса кездесу өткізіпсіз. Оқырмандарымыз біле жүрсін, солардың ішінде ең бір тартысты өткен жекпе-жекке тоқталып, сұхбатымызды аяқтасаңыз.

сидней 2000
Сиднейде ел абыройын асқақтатқан саңлақтар

— Сегіз жылда өткен жекпе-жектерімнің ішінде 1995 жылы өткен әлем чемпионатындағы бір кездесу есімде ерекше қалыпты. Франциялық болуы керек, Рашид Боайтамен тең дәрежеде, өте тартысты жекпе-жек болды. Екінші раундтың соңына қарай қарсыласымның «сына» бастағанын сездім. Өзім де жеңілуге шақ қалдым, бірақ берілмей боксты жалғастырып кеттім. Ақыры дегеніме жетіп, оны ұттым. Сол сияқты 1999 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Вахтан Дарчинянмен тартысқа толы кездесу өтті. Бірбіріміздің осал тұсымызды әбден іздеп кеткен болуымыз керек, оңтайлы сәтті күтіп уақыт өткіземіз деп екеуміз де шаршадық. Алайда оның маған қарағанда қатты әлсірегенін аңғарып, 3-раундтың ортасында шабуылды күшейттім. Сөйтіп, оңайлықпен келмеген жеңіске еңбекпен жеттім. Биыл да боксшы бауырларымыз, жалпы қазақстандық атлеттер Рио төрінде көп еңбек етіп, жеңіс тұғырынан көрініп, әнұранды шалқытып, туымызды желбіретсе екен деп бір Алладан тілеймін.

— Болат аға, емен-жарқын отырып айтқан әңгімеңізге көп рақмет! Қазақ еліне талмай еңбек ете беріңіз!

Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы