Павлодарда Тәуелсіздік күнінің қарсаңында жабық футбол манежі ашылды
«Спорт-Сити» қалашығының аумағында ашылған жаңа кешен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынды.
Футбол манежі футболдан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Ақсу қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерінің арасындағы ойынмен ашылды. Павлодар облысының әкімі допты ойынға енгізу рәсімін өткізді.
— Қазіргі таңда өңірде футболмен айналысатын 19 мың балалар мен жасөспірімдер бар, — деді Болат Бақауов. – Осы спорт түрін дамыту үшін аса қажетті жабық манеждің ашылуы мені қуантып отыр. Өздеріңіз білесіздер, соңғы үш жыл ішінде біз бүкіл облыс бойынша 15 толық көлемді футбол алаңдарын салдық. Жаңа спорттық инфрақұрылым мен жас футболшылардың арқасында біз «Ертіс» футбол клубының даңқын қайта көтере аламыз деп ойлаймын.
Тәулігіне 88 адам футбол ойнай алатын спорт кешені құрылысының құны 1,4 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберіндегі жобаны ERG компаниясы қаржыландырды. Осы жобаның арқасында жылдың кез келген мезгілінде спортпен шұғылдануға болатын өңірдегі тұңғыш жабық футбол алаңы пайда болды.
— Павлодарлық аяқдопшылардың жас өскіндері үшін бұл манеж керемет сыйлық болды деп ойлаймын, — дейді журналистика саласының ардагері Мұхит Омаров. — Табиғаты қатал біздің өңір үшін ауа райының қолайсыз кезінде таза ауада ойнаудың өзі қиындық тудырады. Ендігі жерде біздің спортшылар мен жаттықтырушылар бұл қамқорлыққа жоғары жетістіктермен жауап берулері керек деп ойлаймын.
Манеждің территориясында толық көлемді футбол алаңы, баскетбол алаңы және скейтборд тебуге арналған кіші формалар бар. Кешен «Спорт-Сити» спорттық жобасының бір бөлігіне айналады. Қазіргі кезде спорт қалашығында мұз аренасы, жеңіл атлетика манежі мен олимпиадалық резерв пен даярлық мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге, қалашықта «Құлагер» ипподромы жұмыс істейді.
Әлихан Рахметоллаұлы