Павлодар облысында 2020-2022 жылдарға арналған үш жылдық бюджет бекітілді
2020 жылы өңірлік бюджеттің көлемі, республикалық қазынадан бөлінетін трансферттерді есепке алғанда 222,6 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артық.
Павлодар облысының басты қаржылық құжаты облыстық мәслихаттың сесииясында бекітілді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы өз сөзінде 2020 жылы күтілетін кірістер 33 млрд теңге көлемінде жоспарланып отырғанын атап өтті.
— Бұдан бөлек республикалық бюджеттен 55,4 млрд теңге көлемінде субвенциялар бөлінеді, — деді ведомство басшысы. – Сонымен қатар, келесі жылы жоғарыдағы бюджеттен 79,3 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферттер мен несиелер бөлінеді. Осы соманың 41,2 млрд теңгесі – ағымдағы шығындардың трансферттерін құрайды, 34,3 млрд теңге – даму бағдарламаларына, 3,8 млрд теңге – бюджеттік несиелерге бөлінеді. Мақсатты трансферттердің есебінен жүзге жуық инвестициялық жоба қаржыландырылады. Оның ішінде қалалар мен ауылдық елді мекендерде сумен қамту және су бөлу жүйелерін дамыту, әлеуметтік осал тұрғындар тобына арналған тұрғын үйлердің құрылысы мен реконструкциясы, инженерлік инфрақұрылым, жолдардың реконструкциясы, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және «Павлодар» АЭА дамыту жобалары қаржыландырылады.
Бюджетті жоспарлау кезінде оның әлеуметтік бағытталуына көп көңіл бөлінеді. Облыстың әлеуметтік салаға бөлінетін шығындары 27 процентке артып, 76 млрд теңгеден астам соманы құрады. Осылайша, кеелсі жылдың бюджетіндегі әлеуметтік шығындардың көлемі 47 %-ен 53 %-ке дейін артты. Білім беру жүйесіне 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. 111 толық жиынтықты мектептер 108,6 млн теңге көлеміндегі сомаға «Назарбаев зияткерлік мектептері» стандарттары бойынша оқушылар жиһазымен жабдықталады. Қалалық мектептер үшін 200 млн теңгеге 800 бірлік компьютер техникасын сатып алу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жалпы сомасы 282 млн теңгені құрайтын физика, химия және биология кабинеттерінің 51 жаңа модификациясы сатып алынады.
— Денсаулық сақтау жүйесіне 2,7 млрд теңге көлеміндегі қаржы қарастырылды, — деді Мақсат Тұрлыбаев. – Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі 1,3 млрд теңгені құрайды. Мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберіндегі дәрілік заттардың тізбесіне енбейтін дәрілік препараттарды сатып алуға 400 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады. 103 студент медициналық жоғарғы оқу орындарындағы облыс әкімінің білім гранттары бойынша оқуларын жалғастырады. Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу үшін әлеуметтік осал тұрғындар тобына сібір жарасы, тымау және А гепатитіне қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі.Осы мақсаттарға 190 миллион теңге қарастырылды.
Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 2020 жылы 4,0 млрд. теңге бөлінеді. Облыста арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін 8 әлеуметтік мекеме бар. Оларды қаржыландыруға 2,7 млрд теңге қарастырылған. Осы жылдың қазан айында ашылған тірек-қозғалыс апапаратының ауытқушылықтары бар балаларға қызмет көрсету орталығындағы 48 жатын орынға лайықталған күндізгі бөлімшені күтіп ұстауға да қаражат жоспарланды. Медициналық-әлеуметтік мекемелер мен оңалту орталықтарында екі мыңға жуық адамға арнайы қызметтер көрсетілетін болады. Сонымен бірге, екі мыңнан астам мүгедектер жеке сауықтыру бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік көмек алады.
— Халықты тұрғын үйлермен қамтамасыз ету үшін 7,5 млрд теңге бөлінді, — деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы. — 3,5 млрд теңге «Нұрлы жер» және «Нұрлы Ертіс» бағдарламалары бойынша коммуналдық тұрғын үй қорының құрылысына бөлінеді. Тағы да 2,5 миллиард теңге «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайтып, «Достық» шағын ауданында 216 пәтерлік екі тұрғын үй салуға бөлінді. Ақсу қаласындағы №2 жатақхананың құрылысы мен «Достық» шағын ауданы бойынша жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуді аяқтау үшін 668 млн теңге бағытталады.
Келесі жылы Ертіс өңірінде жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы басталады. Павлодарда «Сарыарқа» және «Затон» шағын аудандарында екі мектеп, сондай-ақ, Абай атындағы №10 лицей-мектебіне қосымша блок салу жоспарланып отыр. Ақсу қаласының Үштерек ауылындағы бала бақша мен Павлодар ауданының Кемеңгер ауылында бастауыш мектептің ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, Павлодар қаласындағы №3 мектеп-гимназиясының спорт және мәжіліс залдарын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленеді. Денсаулық сақтау саласында 63 млн теңге облыстық балалар аурухаансына диагностикалық корпус пен Сұлтанов атынадғы облыстық ауруханаға жаңа корпустың құрылысы бойынша ЖСҚ-ын әзірлеуге бөлінеді.
— 2020 жылы дене шынықтыру және спорт саласын дамыту шеңберінде Мойылды кенті мен Ақсу қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, Тереңкөл ауылында хоккей кортының құрылысы мен Ақсу қаласындағы сауықтыру кешенінің реконструкциясына 563 млн теңге қаранстырылды, — деді Мақсат Тұрлыбаев. – Мәдениет саласында Аққулы ауданындағы Ямышево ауылында Мәдениет үйі мен Шарбақты ауданындағы Есілбай ауылында ауылдық клуб салу үшін 429 млн теңге бөлінді.
Павлодар облысының әкімі атап өткендей, бекітілген бюджетте көп балалы және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар үшін жақсартылған әлеуметтік пакет қарастырылды. Сонымен бірге, Болат Бақауов тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және шұғыл жағдайлар бойынша мәселелерді бақылайтын жаңа 109 қызметінің құрылғаны туралы айтты.
Әлихан Рахметоллаұлы