Павлодар облысында ауыл шаруашылығы музейі ашылды  

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Павлодарда ауыл шаруашылығының музейінің таныстырылымы өтті. Музейді құру ісін өңірдің ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары қолдады.  

Музейдің тұсаукесер рәсімі облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен өтті. Өңір басшысы мұражай экспозициясын толтырып, павлодарлық аграрлық сала тарихын түгендеуге бір адамдай атсалысқан ардагерге алғысын білдіріп, еңбек ардагерлерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. — Бірінші кезекте сіздерді шын жүректен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, — деді Болат Бақауов. – 90-жылдары ауыл шаруашылығының жай-күйі қандай болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Дегенмен, бүгінде адамдар еңбек етуде, жер өңделуде, өнім алынуда – бәрі өз орнына келе бастады.

Павлодар қаласындағы ауыл шаруашылығының қоғамдық музейі 2001 жылы ашылған болатын. 2019 жылы музей экспозициясы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимаратқа көшірілді. Музей қоры жаңа жиынтықтармен және экспонаттармен толықтырылды. Музейде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің революцияға дейінгі 1887-1917 жылдардан бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңін қосқандағы тарихы көрсетіледі.

Музейдің басты мақсаты – адамдардың жермен және оның табиғи сыйларымен байланысын көрсету болып табылады. Музейдің қызметі тек тарихи-ағартушылық және патриоттық бағытта ғана емес, ауыл шаруашылығын дамыту және мамандарды ауылда бекітуге бағытталады.

Музей қорында үш мыңға жуық экспонаттар және түрлі құжаттардан тұратын анықтамалық материалдар бар. Экспозиция 29 стенд, 27 витрина және 15 стеллажда орналасқан. Музейді құруға ауыл шаруашылық саласының ардагерлері,  «Ауыл Ардагері» ҚБ ардагерлер қозғалысының белсенділері құрды. Ауыл шаруашылық басқармасы мен бөлімдерінің, салалық ведомстволардың мамандары, ғалымдар, журналистер, облыстық архив пен музейлердің қызметкерлері, Павлодар облысының қоғамдық қорлары мен бірлестіктері оларға көмек көрсетті.

Музейді құру ісіне «Галицкое», «Абай», «Победа», «Рубиком» ЖШС-тері, «Ұлан» ФҚ ЖШС-і, «Иртышское» ҚШ, «Сүт» АҚ, «Жаңа-қала», «Три и К»,  «Оразбаев», «Комаров», «Луч», «Құндыз» ШҚ-тары сынды ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындар мен «Екібастұздың болашағы үшін қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.

 

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы