Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде Олжас Сүлейменов атындағы орталық ашылды
ПМПУ-да ақын, публицист, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов атындағы шығармашылық орталықтың салтанатты тұсаукесері өтті. ПМПУ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, орталықта жастар еркін түрде шығармашылықпен айналысатын болады.
— Ақын орталықты салтанатты түрде ашып, сәттілік тілей келе, жастар шығармашылығына табыс тіледі, — деді баспасөз қызметінде. – Сондай-ақ, университеттегі «Жастар орталығы», «Химия методикасын оқыту» кабинеті мен «STEM білім беру» кабинетінде болып, жасалған жұмыстарға жоғары бағасын берді. Оған қоса, Олжас Сүлейменов облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге университет қабырғасында биыл ғана топтастырылған «Ұлы даланың ұлағатты ағартушы-ұстаздары» галереясын салтанатты түрде ашты.
Галереяда ұлт тарихындағы кемел ұстаздар мен ұлы ағартушылардың портреттері топтастырылған. Олардың қатарында Әл-Фараби, Абай, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұсахан Қанапияұлы сияқты ұлағатты ұстаздар бар.
Сонымен қатар, бұл күні халық жазушысы Олжас Сүлейменов атындағы стипендия табысталды. — Белгілі композитор, меценат Ерұлан Қанапиянов тағайындаған стипендия иегері «Музыкалық білім беру» мамандығының 3-курс студенті Айдос Хамитов атанды, — деді университетте.
Ол Олжас Омарұлының өз қолынан сертификат алып тұрғандығы үшін бақытты екендігін айтып, ақынның бір өлеңін жатқа оқып берді. Студенттер мен ұстаздар аты аңызға айналған тұлғамен естелік суретке түсіп, сұрақ-жауап алмасып, қолтаңбасын алды.
Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды