Павлодарда Ертіс өңірінің аяулы азаматы Ардақ Райымбеков туралы кітаптың тұсаукесері өтті  

         Облыс орталығындағы Қуат Әбусейітов атындағы мәдени орталықтың залында өткен шараға Павлодар облысына танымал қайраткер тұлға, білікті басқарушы, талай лауазымдық қызметтер атқарған, өмірінің соңғы жылдарында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болған Ардақ Райымбековтің анасы мен ұл-қызы, оны бала кезден білетін ауылдастары, студент кезден қимас шақтарды бастан кешірген жанашыр достары, кейін қызметтес болған азаматтар қатысты. Павлодар облысының мәдениет, руахният саласында қажырлы қызмет еткен азамат туралы «Шәмшіден шыққан шарболат» атты кітаптың лентасын қиюға Ардақтың ұлы Олжас пен қызы Аянат және осы естеліктер жинағының басылуына қаржылай қолдау көрсеткен Қуаныш Сәдуақасов шақырылды.

 

         Ардақ Райымбеков 2018 жылдың тамыз айында жары Данара және үш жасар ұлы Нұржолмен бірге жол-көлік апатында көз жұмған еді. Аяулы азаматтың достарының ұйытқы болуымен жарық көрген естеліктер кітабына Ардақтың өзінің қаламынан туған өлеңдері мен ой-толғамдары, оны таныған, бірге қызмет еткен рухтас жандардың естеліктері енді. Сондай-ақ, кітаптың үшінші бөліміне Ардақ Райымбековтің құрметіне осы жылы оның туған күніне орай ұйымдастырылған «Алаштың Ардағы» атты жыр мүшәйрасына жолданған өлеңдер  жарияланды.

         Тұсаукесер рәсімінің басталуында сөз алған  Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және құжаттама басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов Ардақ Тәтімбекұлы бастамашысы болған көптеген ірі жобаларды атап өтіп, оның Ертіс-Баян өңірінің мәдениет және өнер саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Ардақ Райымбековтің маңызды жобаларының бірі – Павлодар облысында 2016, 2017, 2018 жылдары республикалық көлемде өткізілген «Ұлы Дала елі» мегажобасы еді. Ертіс өзенінің жағалауында жүзден астам ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ат бәйгесі, палуандар күресі ұйымдастырылып, ұлтымыздың төл өнері барынша насихатталған еді. Сонымен қатар, тағы бір атап өтер ірі жоба — «Ertis Promenade» халықтық серуені еді. Ертістің қалалық жағалауындағы күмбезді сахнада жергілікті және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылып, бұл жер қала тұрғындарының әр демалыс күндері жиналатын сүйікті орнына айналды.

         Ардақ Райымбековтің халқы үшін жасаған өнегелі істерін баяндап берген Ернұр Дәуенов сахнаға аяулы азаматтың ардақты анасы Қарлығаш апайды шақырып, қазақы қамзол мен ақ орамал  сыйлады.

         Бұдан кейін сөз алған Аққулы ауданының қадірлі азаматы Серік Тастанбеков Ардақ жайлы тебірене сөз толғады.

— Ардақтың көзіндегі отты көріп, балаға тән емес салмақтылығын байқайтынмын, — деді  Серік Тастанбеков. – Ол менің немереммен бірге оқыды. Құдай қаласа, біздің Ардақ үлкен азамат болады деп ойлаушы едім. Ардақ қай жерде қызмет істесе де, өзім оған іштей жанкүйер болып едім.

Тұсаукесер шарасында мінберге шыққан ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының облыстық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Арман Қани Ардақтың адамгершілік болмыс-бітіміне ерекше тоқталып өтті. Екібастұз қаласының  талантты қызы Алмагүл Жүгінісова көлік апатынан қаза болғаннан кейін айтыскер ақынды еске алуға арналған концерт өткізіп, оны өткізуден тапқан қаражатты түп-түгел Алмагүлдің анасы мен артында қалған қыздарына берген Ардақ Райымбековтің қайырымдылығы көзі көрген жанның бәрін де сүйсінтіп еді. Арман Бақтанұлы залдағы қауымға Ардақ өмірден озғанда шығарған «Жол» өлеңін оқып берді.

Сондай-ақ, тұсаукесер шарасында Ардақтың сүйіп тыңдаған  «Балқадиша» мен «Біздің елдің жігіттері» және ол өзі сазы мен өлеңін жазған «Тәуелсіздік тұғырым» әндері шырқалды.  Ақан серінің әні «Балқадишаны» Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның директоры, дәстүрлі әнші Амангелді Қожанов, «Біздің елдің жігіттері» әнін осы филармонияның белгілі әншісі Бауыржан Ахметов шырқады. Ардақ Райымбековтің «Тәуелсіздік тұғырым» авторлық әнін жас өнерпаз Бақтияр Қожанов орындады.

Шараның соңында сахнаға көтерілген Ардақтың студенттік кезден бергі досы, белгілі айтыскер ақын Бейбіт Бөжен жан досының өр мінезі мен қайраткерлік рухы жайында тебіреніп сөз сөйледі.

— Ардақ досымыз қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында көп дүние жасап кетті, — деді ол. – Естелік кітапты сатудан түскен қаражат оның артында қалған ұл-қызына беріледі.

Айта кету керек, кітаптың жинақ болып қатталуына, баспадан шығуына мұрындық болған — Бейбіт Бөжен, ал, мәтіндерді қарап, түзетумен айналысқан — Аққулы ауданының Құрметті азаматы Серік Сатыбалдин.

Сонымен қатар, тұсаукесерде «Алаштың Ардағы» жыр додасында жеңімпаз болған, жүлдеге қол жеткізген ақындар өздерінің Ардақтың рухына арнаған өлеңдерін оқыды. Олардың қатарында елімізге танымал айтыскер ақын Қуаныш Шарманов, «Найзатас» әдеби-көркем журналының жауапты хатшысы Айбек Оралхан мен жас ақын Алтынбек Мұқышев болды.

Әлихан Рахметоллаұлы