Мойынқұмда жастар кәсіпкерлігі жалындап тұр

Бүгінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға барынша қолдау бар. Жамбыл  облыстық кәсіпкерлік палатасы өз кәсібін ашуға ниетті жастардың бетін қақпай, «Бастау Бизнес» жобасы аясында белдерін бууда. Бағдарламаның шарапатын көруге шалғай Мойынқұм ауданы сынды елді мекендерден де ағылған жастардың қарасы қалың.

Мәселен Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Алуа Сәбитқызының  елді мекеннен сән салонын ашқанына көп болмаған. Бағдарлама аясында арнайы оқып келген жалынды жас дәл қазір мойынқұмдықтарға өз қызметін қалтқысыз көрсетуде.

– «Бастау Бизнес» жобасы арқылы арнайы оқу курсынан өткеннен кейін, өз бизнес жоспарымды ұсыну арқылы 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Аталған сомаға сән салоныма қажетті қондырғыларды сатып алып, қазір тіршілігімді бастап отырмын. Шындығы керек, өзім де осы Мойынқұм ауылында туып өскендіктен, бұрындары бір жерге бара қалайын десең, өз-өзіңді қалыпқа  келтіру  үшін айна алдында сағаттап отыратынбыз. Ал үй жағдайында барлық мүмкіндік қолда бола бермейді. Сондықтан мерекелік кештер немесе тойлар болса, бетіңді әрлеп, шаш үлгісін жасату үшін 120 шақырым қашықтықта жатқан Шу қаласына шабылатынбыз. Қазір осы қызметтің барлық түрін сан салонымда ұсынып отырмын. Күніге кемі 4-5 адам келіп, қызметімді тұтынады. Ал демалыс немесе мереке күндері тіпті ұзын-сонар кезектен аяқ алып жүре алмайсың. Әзірге сән салонымның ғимаратын жалға алып жұмыс жасаудамын. Бұйыртса алдағы уақытта өзімнің жеке кеңсемді ашсам деген жоспарым бар. Осындай мүмкіндік туғызған және жас кәсіпкерлерге қолдау білдірген Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және жергілікті билікке айтар алғысым шексіз, -дейді жас кәсіпкер Алуа. Иә, қалай алып қарасаң да бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық  дүние. Шалғай Мойынқұм ауылында сән салоны ашылады дегенге бұрындары сену қиын болатын. Қазір бұл мемлекеттік бағдарлама арқылы ертегі емес ел алдындағы қызметке айналып отыр. Ендеше мойынқұмдық жастардың бастамасы көпке үлгі болсын демекпіз.

Әрине жастардың кәсіпкерлікке тартылғаны қос қолдап қолдауға тұрарлық. Ол бір жағынан өңір экономикасын алға сүйресе, екінші қырынан шалғай елді мекендегі жастарды еңбекке балуға шақыруда. Осы тұсынан келген  «Бастау Бизнес» жобасының жемісі орасан екені айқын.

Төлен Дедек