Еуразияның қаржы хабы!

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары» — экономиканы әртараптандыруға және елдің қаржы секторын дамытуға бағытталған «100 нақты қадам» (24, 70, 71, 72 қадамдары) негізгі қадамдарының бірі.

 

АХҚО-ның мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. Ал міндеттері ретінде ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу. Ол үшін тартымды орта құру. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету. Осы бағыттарда үздіксіз жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, 2018 жылы АХҚО-ның органдары қалыптасты. Орталық жұмысын толық бастады десек болады. Ал 2019 жылы АХҚО өзін бәсекеге қабілетті, мақсаты айқын, қадамы нық Орталық ретінде дәлелдеді. Осы ретте айтта кету керек Қаржы орталығының органдары толық қалыптасқан және тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

2019 жылға АХҚО алдында ауқымды жоспарлар болатын. Мәліметтерге мән берсек жоспар орындалған. Жыл басында АХҚО басшылығы: «250 компания тіркейміз» деп айтқандары есімізде. Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушы ретінде әлемнің 35 елінен 350 компания тіркеліпті.

 

АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы

2019 жылдың 2-шілдесі АХҚО Соты мен Төрелік орталығы үшін айтулы күн болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығын (ХТО) ресми түрде ашты. Сот Төрағасы Англия мен Уэльстің Жоғарғы Сотының бұрынғы Төрағасы Лорд Гарри Кеннет Вульф ағылшын заңдылығы бойынша Ұлыбританиядағы біртуар тұлға. Төрелік Орталығының Төрайымы Барбара Доманн да заң саласындағы аса сыйлы маман. АХҚО Сотында 12 судья мен 37 төреші (арбитр)бар. Лорд Вульф пен Барбара Доманн сынды мамандар барда халықаралық инвесторлар Қазақстанға іркілмей келетіні сөзсіз әрі олардың мүдделері тең қорғалатынына сене алады. Осы ретте АХҚО Сотының Төрағасы Лорд Гарри Кеннет Вульфтың пікірі мынадай: «АХҚО сотының шешімдерін орындауды қамтамасыз ету үшін тараптар жергілікті соттарға жүгінуге мәжбүр болмайды. Олар біздің соттан орындау үшін Қазақстан Республикасының Жеке сот орындаушылар палатасына тікелей баратын атқару парағын алады. Яғни, АХҚО сотының тәуелсіздігін бұзуға ешқандай мүмкіндік болмайды».

АХҚО Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманн да әріптесі Лорд Вульфты қолдады: «Біздің мақсатымыз – төрелік және дауларды соттан тыс реттеудің басқа да әдістері арқылы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін Еуразиялық аймақты таңдауда Халықаралық төрелік орталығын бірінші нөмір ету».

Еуразиялық аймақта нөмірі бірінші ету жөн-ақ. Себебі биыл АХҚО Соты мен ХТО Орталық Азия аймағында бірінші болып eJustice электронды сот төрелігінің жаңа жүйесін ресми түрде іске қосты. eJustice – онлайн-портал. Ол тараптарға электронды түрде әлемнің кез келген нүктесінен талап-арыз беруге мүмкіндік береді. Яғни Нұр-Сұлтан қаласына келудің қажеті жоқ. Заңды тұлғалар мен бизнес-клиенттер үшін АХҚО Соты мен ХТО қызметтеріне қолайлылық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Талап-арыз берушілердің жолға шығындалмайтынын ескерген де жөн.

АХҚО Соты мен ХТО Тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холттың айтуынша: «EJustice арқасында халықаралық, аймақтық және жергілікті қоғамдастық үшін АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы уақыт жағынан тез қол жетімді болды. Біздің жүйеміз әлемдік нарықтағы ең соңғы – заманауи үлгі. Мұны біз әртүрлі нарықтарда адвокаттармен бірге тексергенбіз.»

Сондай-ақ биыл АХҚО Соты мен ХТО Еуразия, Азия және Еуропадағы дауларды шешу жөніндегі жетекші орталықтармен ынтымақтастық туралы 17 меморандумға қол қойған. Демек АХҚО Соты мен ХТО-ға сенім артушылар көбейіп келеді. Бұны біз АХҚО Соты мен ХТО ескертпелері бар 1300-ден астам келісімшарттарды негізге ала отыр айта аламыз. Тараптар дауларды шешудің таңдаулы форумы ретінде АХҚО Соты мен ХТО деп ескертпе енгізген екен. Осындай келісімшарттардың көрсеткішіне қарасақ бизнес қауымдастықтың ағылшын жалпы құқына негізделген АХҚО Соты мен ХТО қызметтеріне деген сенім мен қызығушылықтың өскенінің дәлелі.

 

Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет (AFSA)

Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі Комитеттің мақсаты АХҚО қаржы жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қолдау. Сонымен қатар АХҚО-да қаржы нарықтарының әділдігін, тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету жолымен бизнеске жәрдемдесу. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық институттарды авторизациялауды, тіркеуді, тануды және бақылауды көздейді.

AFSA – АХҚО құзыретіндегі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тәуелсіз реттеуші орган.

AFSA Директорлар кеңесінің төрайымы Леди Барбара Джадждың айтуынша: «AFSA-ның алғашқы міндеттерінің бірі – АХҚО-ның реттеуші ортасы икемді, бірақ қатаң реттеу арқылы бизнес пен инновацияны ынталандыруды  қамтамасыз ету. Біздің реттеушілік тәсіліміз АХҚО қаржы жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қолдай отырып әділ, тиімді және ашық қаржы нарықтарын қамтамасыз ету, іскерлік белсенділікті жеңілдетуге бағытталған».

2019 жылдың желтоқсан айының 25-і күні АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті Қазақстанға капиталды аудару бойынша қазақстандық компаниялар үшін оң прецедент болатын алғашқы кэптивті сақтандыру компаниясын лицензиялады. Қазақстандық энергетикалық қайта сақтандыру компаниясы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы бола отырып, сақтандыру қызметін тек «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ шеңберінде жүзеге асырады. КЕРК акционері Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелген Cooperative KazMunaiGaz U.A. компаниясы.

 

АХҚО Биржасы (Astana International Exchange)

Құқық қорғау және реттеуші органдарымен қатар АХҚО-да үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жаңа жоғары технологиялық биржа құрылды. Биржаның стратегиялық серіктестері Nasdaq қор биржасы, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы және Жібек Жолы Қоры атанды. Әлемдік алпауыт қорлар мен биржалармен серіктес екенін ескерсек AIX-тің ұсынары көп. Мәселен  сауда-саттық, есеп айырысу клирингтік операцияларды, деректермен алмасу және оларды біріктіру, IT-қызметтерімен қамтамасыз ететін толық бизнес-циклымен Биржа ойыншыларын қамтамасыз ете алады.

Astana International Exchange (AІX) құрылғанан бері 18 ай өтті. Осы уақыт ішінде бүкіл әлем бойынша 60-тан астам биржаларда пайдаланылатын платформаларға ұқсас Инфрақұрылым, технологиялық платформа құрылды. Бұған қоса арнайы нормативтік-құқықтық базасы бар.

Astana International Exchange Төрағасы Тимоти Беннеттің айтуынша: «Егер инвесторға Орталық Еуразия аймағы қызықты болса, онда AIX 20-30-40 түрлі бағалы қағаздарды ұсынатындай маркетплейс құрғымыз келеді. Бұл біздің ұсынысымыз. Мұндай ұсыныс бізде ғана бар. Өңірге инвестиция салуға арналған қақпа деуге болады.»

AIX-те алғашқы сауда-саттық «Қазатомөнеркәсіптің» IPO-сымен басталған еді. Осылайша Қазақстан жаһандық инвесторлар сенетін қолайлы ортаны және реттеуші құрылымды қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Ал 2019 жылдың сәуірінде бірінші шетелдік эмитент Ресейлік ірі «Полиметалл» тау-кен компаниясы болды. Бұл компанияның жай акцияларына деген сұраныс болжамнан асып түсті. Инвесторлар сауда-саттықтың алғашқы күні 17,2 млн доллар сомаға компанияның бағалы қағаздарын сатып алған.

Айта кету керек AIX «Самұрық-Қазына» АҚ-ның инвестициялық жағынан барынша тартымды компанияларын жекешелендіруді өткізудің негізгі алаңына айналмақ.

Бүгінгі таңда AIX-те 23 эмитенттердің 36 шығарылымы бар. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсі» АҚ, «Полиметалл» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ ITI Funds биржалық инвестициялық қоры (ETF) бар.

Биржаның сауда мүшелері болып 17 қазақстандық және 6 халықаралық брокер тіркелген.

 

 Экспат Орталығы

Инвест климатты жақсартудың бір тетігі инвесторлар мен шетелден келіп жұмыс істейтін мамандарға құжаттық қолдау көрсету, мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі бір ғимараттың ішінде ағылшын тілінде көрсету. Ол үшін  АХҚО-да ТМД-да  баламасы жоқ арнайы орталық – Экспат орталығы жұмыс істейді. Орталық қызметтеріне қол жеткізу Қазақстандағы барлық шетелдік сарапшылар мен инвесторларға берілді.

Енді АХҚО Экспат-орталығының қандай қызмет түрлерін көрсететінін жіктеп айтсақ: визалық қызметтер, полицияда тіркеу – АХҚО-ның Экспат-орталығында жедел тіркелуге көмектесетін полиция қызметі жұмыс істейді. Бұдан басқа салықтық және 500-ден астам мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Уақыт өткен сайын АХҚО-ның Экспат-орталығы танымал болып келеді. Экспат-орталық елорданың қалалық және іскерлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналды. АХҚО-ның Экспат-орталығы клиенттерге мемлекеттік қызметтерден басқа қызметтердің кең спектрін ұсынуға ұмтылады. Мәселен инвесторлар мен сарапшылар үшін жүргізуші куәлігін рәсімдеу және шетелдік автокөлікті тіркеу бойынша қызметтерді енгізді. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін Экспат-орталығының инфрақұрылымы кеңейтілді: нотариус пен аударма бюросынан басқа мульти-касса, фото-кабинет, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы және Қазақстан тарихының бұрышы жұмыс істейді. Сонымен екі жылдың ішінде 5 700 қызмет көрсетіліпті.

 

Үздіксіз кәсіби даму бюросы (BCPD)

АХҚО қаржылық қызмет көрсету және активтерді басқару саласында білікті мамандардың болуына мүдделі. Сондықтан Үздіксіз кәсіби даму бюросы (BCPD) кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән береді. Бүгінгі таңда АХҚО-да тіркелген компания үшін білікті мамандардың кадрлық резерві 10 000 адам болды. Жалпы 2019 жылы 2642 маман қайта даярлаудан өтіпті.

АХҚО-ның стратегиялық бағыттарының бірі ретінде толықтыра айтатын болсақ ислам қаржылары мен жасыл қаржы, қаржылық технологиялар бар.

Қазақсан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «АХҚО қазірдің өзінде ірі халықаралық банктер, инвестициялық компаниялар үшін тартылыс орталығына айналды. Орталық қызметінің маңызды бағыттары активтерді, қорларды басқару, жаңа қаржылық және жасыл технологияларды енгізу еді. Әлемдік қор және валюта биржаларында турбуленттілік жағдайында АХҚО ЕАЭО елдерінің экономикасы мен қаржы секторына инвестициялар тартудың генераторы болады» деген еді.

2020 жылы АХҚО қатысушылардың қатарын 500 компанияға дейін жеткіземіз деп отыр.