Елордада күнделікті жауған қалың қардан 2,5 мың КамАЗ қар шығарылады
20 тонналық самосвал 2 минутқа жетпей қармен толады, осы аралықта 4 метр жердің қары ғана тиеледі. Қаланы қардан тазалауға күн сайын 1 мыңнан астам техника мен 2 мыңға жуық жұмысшы шығады. Бір күнде КамАЗдар орташа есеппен 2,5 мың рейс жасайды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов түнде әріптестерімен бірге қар тазалау жұмыстарының барысын тексерді.
«Қысқы кезеңнің басынан бастап біз 2 млн текше метрден астам қар шығардық, бұл 170.000 рейс. Қар тазалау жұмыстары елорданың коммуналдық қызметтерінің қажырлы еңбегінің арқасында атқарылып жатыр. 20 қаңтарда күндіз 1700 жұмысшы мен 1500 арнайы техника жұмыс істеді. Қазір толасыз жауып тұр. Алдымен мектептерге, медорталықтарға, балабақшаларға, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен көлік жолдарын, жаяу жүргіншілер жолдарын тазартамыз. Арнайы машиналар (комбинированные дорожные машины) колоннамен жүріп, қарды сыпырады. Сағат түнгі бірден екіге дейін үзіліс уақыты, жұмысшылар ауысады. КДМ арнайы машиналарынан кейін грейдерлер шығады. Грейдерлер қар үйінділерін жинап болған соң, тиегіштерге қар тиеледі. Әрбір тиегішке 10-15 камАЗды бекітеміз. КамАЗ полигонға барып, қарды төккен соң, қар тазалау жұмыстары болып жатқан жерге қайтып оралады. КамАЗдар жетіспеген кезде, біз оларды жалдаймыз. Коммуналдық қызметтер 3 ауысымда жұмыс істейді», — деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Сонымен қатар, қала әкімі пәтер иелері кооперативтері мен мердігерлік ұйымдар жауапкершілікті нақты сезінуі керек екендерін атап өтті. Сауда ойын-сауық орталықтары өз учаскесі үшін жауап береді. «Техниканының 30-40% — ы тозған. Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер паркі 130 арнайы техникамен толықты. Қала өсіп келеді, тиісінше техника да үлкен сұранысқа ие. Қалада 4 полигон бар, бұл күнде 2 полигон толды. Бұл екі полигонның орнына тағы екі жаңа полигон ашылды», — деді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Мердігер ұйымның өкілі Ержан Имашевтің айтуынша, жылымық қар көп жауған кезде жұмыс істеу қиын. Мұндай қар жабысқақ болғандықтан, оны тиеген кезде салмағы ауыр болады және ол камАЗға тығыз жабысады. Биыл жауын-шашын көп түсті, бірақ біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз». Қысқы кезеңде 2 млн текше метр қар шығарылды (170 мың рейс), бұл өткен қыспен салыстырғанда 55% — ға артық.