Қазақтың айбынын асырған Желтоқсан көтерілісі

(Баспасөз конференциясына қатысушылар толғақты мәселелерді ортаға салды)

Жаңғырығы әлі басылмаған, әрі қазағымызға рух беретін Желтоқсан көтерілісіне биыл отыз жыл толатыны баршаға аян. Осы ұлы күнге қатысты игі, тағылымды шаралар қазірдің өзінде түрлі деңгейде өткізіліп жатыр. «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Алматы қаласында 13 шілде күні «Желтоқсан — Тәуелсіздік таңы, мәңгілік ел мұраты» тақырыбында пресс-конференция өтті.  Желтоқсан мен Тәуелсіздік ұғымын егіз тұтатын, осы ұлы ұғымдарды  піріне балайтын желтоқсаншылар, тарихшылар мен журналистер бас қосқан жиында кешегі тарих термеленіп, біршама толғақты мәселелер талқыланды. Сол орнықты ойлардың, ұтымды ұсыныстардың мәйегін төменде ұсынып отырмыз.

Толыққанды пайымдау — биліктегілерге аманат

Талғат Айтбай, жазушы:
— Желтоқсанды жай ғана оқиға деп бағалайтындар әлі күнге дейін бар. Оған себеп тарихи көтерілістің дәрежесі, ал желтоқсаншыларға мәртебе берілмей келеді. Желтоқсанда үн көтерген қазақ жастары — қазіргі аға буынның рухы одан кеміп қалған жоқ. Әйткенмен биыл Желтоқсан оқиғасына отыз жыл толар қарсаңында оған сай мәртебе беру мәселесін мықтап қолға алған жөн. Бұл іс бір адамның не жеке бір ұйымның шаруасы емес, оған кешегі өршіл жас — қазіргі желтоқсаншылар, тарихшылар мен өзге де ағартушы мамандар, тілшілер мен халық болып тізе қосуы тиіс. Сонда ғана әлі қаны тамшылап тұрған Желтоқсан ақиқатының ажары кіреді.

Бейбіт Қойшыбаев, тарихшы:
— Күні өткен кешегі қызыл империяның қылышынан қан тамған қиын-қыстау кезеңінде қазақ жастарының дәл осылай бас көтеруі Тәуелсіздікке ел қадамын жақындатқан бетбұрыс болды. Себебі тарихи мекенінде қазақты тек қазақтың өзі ғана басқару шындығын ешкім жоққа шығара алмайтын. Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын да қазақтың өзі. Осы себеп түрткі болып, қазақ жастары ажалдың өзіне қарсы тұрып, өрлікпен іріп-шіріп, күні бітуге таяу тұрған кеңестік жүйеге қарсы тұрды. Бұл ұлт мүддесі үшін өткен ғасырдың соңында әрі соңғы рет жасалған, қан тамған қасіретті әрі құдіретті күн. Оның тарихи, ғылыми, саяси бағасы толық берілмеді. Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен Желтоқсан оқиғасы арасындағы тылсым сабақтастықтың бар екендігін мойындаған абзал. Дегенмен Желтоқсан қазақ ұлттығының, патриоттығының өлшеусіз бір көрінісі болып мәңгілікке қала береді. Оны зерттеу, толыққанды пайымдау — бүгінгіге аманат. Желтоқсан шындығын бүкпесіз күйде ел көлемінде таныту, қала берді халықаралық деңгейде мойындату — бүгінгінің ауыр аманатты ісі.

Асылы Осман, қоғам қайраткері:
— Ата-бабамыз үш жүз жыл бойы аңсаған арманы, қол жеткізген қазынасы — Тәуелсіздікке биыл ширек ғасыр толып отыр. Желтоқсан оқиғасы ұлттық мүдде арқалаған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетіп, сол ұлы махаббат жолында жандарын қиюдан да тайынбаған жолбарыстығының айғағы болды. Желтоқсан қазақтың қай қоғамында да өшпес орын алады. Ол қазақ жастарының ұлттық идеологияға сусындап, ажалдың өзін тайсалдырғаны —ұлтжандылықтың биік шыңы. Бүгінгі күні Желтоқсан жарасы, қасіреті тиісінше бағаланбай жатыр. Оған республикадағы бүкіл желтоқсаншылардың басын біріктіру мәселесі тұр. Сол қанды қыстағыдай барлық желтоқсаншылар бірлік танытса, Желтоқсан оқиғасының мән-маңызын бағалау, барынша шынайы көрсету мүмкін болар еді. Желтоқсан шындығын шырқыратып тұрып жеткізуге әр тұлға адалдық танытса деймін. Себебі тарих бұрмалауды көтермейді.

Желтоқсан орталығын ашса…

Болат Шарахымбай, ақын, журналист:
— Желтоқсанның өткені мен бүгінгі келбетіне, бағамдалуына байланысты бұған дейін де айтып жүрген ұсынысым бар. Ол — Астанадағы Мемлекет институты жанынан Желтоқсан орталығын ашу. Мемлекет институты Қазақ мемлекетінің 90-жылдардан кейінгі тарихын саралайды. Осы ретте оның құрамдас бөлігі болып Желтоқсан орталығы ашылса, көп күрмеудің шешімі табылар еді. Жалғыз бұл институтпен шектеліп қалмай, кез келген білім мекемесінен, жоғары оқу орнынан, ғылыми-зерттеу орталықтардан Желтоқсан бөлімшесін ашу қазіргі күні ауадай қажет. Желтоқсан көтерілісі нағыз патриот ұрпақ тәрбиелеуде таптырмас құрал болып қалыптасуы үшін оны әр мекемеде жылдың әр күні насихаттау керек-ақ. Әйтпесе бізде Желтоқсан оқиғасы тек Тәуелсіздік мерекесі кезінде ғана аталып өтіледі, өзге уақыттарда бұл тарихи оқиға мүлде болмағандай сыңай танытамыз. Бұл дел-сал күйден арылатын кез жетті.

Айша Айтжанова, ардагер желтоқсаншы, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының Ақтау қаласы бойынша төрайымы:
— Ақтаудағы барлық желтоқсаншылар бір қолдың саласындай бірлікте қимылдайды. Сондай ынтымақты ұйымдарды барлық облыстар мен қалаларда қалыптастырған жөн. Және бұл ұлт мүддесі үшін бірігу болып табылмақ. Ешкім де Желтоқсан мүддесін қарақан басының қамымен алмастырмауы керек.

Әбдірашит Бәкірұлы, саясаткер, зерттеуші:
— Желтоқсан оқиғасын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал оның бүгінгі қоғамнан алар орны тікелей өзімізге тәуелді. Егер насихаты терең болмаса, ол тарих көмбесіне айналады. Солай тарих тасасында қалып қоймауы үшін, қазіргі ұрпақ оны қастерлейтін шығармашылық топ құруымыз керек. Әдеби топ Желтоқсан оқиғасын бүкпесіз жыр ететін туындыларды дүниеге әкеліп, қалың оқырманына жеткізсе, ол да бір үлкен іс. Деректі фильмдер қатарын көбейту керек. Желтоқсан оқиғасы әр қазақтың жүрегіне тоқылса, сонда ол бағасын алады. Күнделікті күйбең тірлікті баяндаудан аспайтын арзанқол киноларды көбейткенше, тікелей Желтоқсан ерлігі мен қасіретін боямасыз бейнелейтін кинотуындылар болуы шарт. Мұндай шығармашылық топ құру үшін Желтоқсанды бір арнаға ұйыстыратын ұйым болуы қажет. Желтоқсанды уағыздап жүрген барлық ұйымдар бірігіп, меморандумға қол қойса, сонда ғана аталған шығармашылық топ толыққанды дүниеге келеді.

Ғалия Қайдауылқызы, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
— Желтоқсан оқиғасы күллі қазаққа тән. Ал желтоқсаншылар — сол бүкілқазақтық майданның сарбаздары. Бұл ұғымды жіктеуге, жіліктеуге болмайды. Ол бар қазақтың айбынын көрсетіп, Тәуелсіздікке қол жеткізген айы оңынан туған қасиеті. Бұл ұлтымыз үшін ұлы серпіліс болды. Сондықтан ол өз мән-маңызын жоймайды. Оған бір дәлел келтірейін, кеше ғана Астана қаласында 5-14 жас аралығындағы балалардың өнер сайысын көрдім. Сонда Зайсан қаласының тумасы, желтоқсаншы қазақ қызының ұлт азаттығы жолында өзі көрген қорлығы мен зорлық-зомбылығынан сыр шертетін сахналық көрінісін тамашалап отырып жыламаған жан қалмады. Бұл — бүгінгі ұрпақ бойындағы Желтоқсан дарытқан ұлттық күш, ұлттық қайраттың қайнаған көрінісі. Сондықтан Желтоқсан бағасын алмай жатыр деп даурыға бермей, сол мақсаттағы нақты әрекеттер көшін түзеу керек.

Серік Сапарғали, қоғам қайраткері:
— Желтоқсан ақиқатын жүйелі түрде қатты айтса ләзім. Бұғып үндемей қалу тарихқа қиянат жасаумен тең. Және қатты айтам деп асырып, ұлттық намысты орынсыз қайрау да қажет емес. Менің айтар ұсынысым — желтоқсаншыларға ұлт күрескері мәртебесін беріп, әлеуметтік жеңілдіктер мен материалдық көмек көрсетілуі тиіс. Желтоқсан сарбаздарының көзі тірілерінің денсаулығы нашар, еңбекке жарамсыз. Сол себептен олар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мәртебесімен теңестірілсе деймін. Бұл ұсынысымды «ұлтым» деген әр қазақ қолдайды деген сенімдемін.

Жастар көтеріліс туралы білуге ынтық

Жанатбек Жақыпов, «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің Астана қаласы бойынша төрағасы:
— Желтоқсан көтеріліснің жеңісі һәм жемісі — Тәуелсіздік. Бірақ сол ерлік пен елдіктің туын тік ұстаған қаһармандар ісі жекелеген тұлғаларға таңылып, көпе-көрінеу қиянат жасалып отыр. Бар қазақ үшін Желтоқсан ортақ әрі дара. Ал бұл тарихи оқиға өз дәрежесінде шешілуі үшін билікпен қоян-қолтық араласып әрекет жасау керек. Себебі бүгінгі билік Желтоқсанға қай жағынан да қарсы емес. Сондықтан билікпен тығыз байланыста жұмыс жасаса, сонда ғана қордаланған мәселелері біртіндеп шешілер еді. Бізге Үкіметпен жұмыс тәжірибесін тың сипатта түрлендіру өте қажет. Өз тәжірибемнен алып айтайын, ұсыныс айтып жүріп, Астана қаласынан әкімдіктің қолдауымен Желтоқсан саябағын ашқыздым. Яғни билікпен кеңесе пішкен тон келте болмайды. Ұсыныс бар да, оны іске асыру бар. Ал кез келген идеяны жүзеге асыру үшін қаражат, мемлекеттік қолдау керегі белгілі. Сол себептен де Үкіметпен жұмыс жасағанымыз жөн.

Шолпан Антаева, желтоқсаншы, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының Бостандық ауданы бойынша төрайымы:
— Желтоқсан оқиғасының отыз жылдығы құрметіне орай республика көлеміндегі желтоқсаншылардың басын қосқан бұл жиын зор бастама болса игі еді. Егемен күнге де жеттік-ау деп шүкірлік ете отырып, мәселелердің де жоқ еместігін айту — азаматтық, аналық парызым. Мәселе — отыз жыл болса да ұлт күрескері дәрежесін ала алмай тарихымыздың ақтаңдақ бетіне жазылғанымыз. Бұл ұлт тарихын желтоқсаншылардың көзі тірісінде бұрмалау емес пе? Сондықтан бар қазақ болып, бір Желтоқсанды асқақтата қастерлесе деймін.

Жұлдызай Бейсенбаева, ардагер желтоқсаншы:
— «Желтоқсан ақиқаты» тек желтоқсаншы азаматтардың мүддесін қорғайтын ұйым деп тар деңгейде ойлаудан арылатын кез келді. Бұл бірлестіктің төрағасын халық сайлады. Көтерілісті ағат түсіндіру әлдекімдерге керек те болар, ал біз Желтоқсан ақиқатын келер ұрпаққа боямасыз жеткізуді қасиетті борыш санаймыз.

Айсұлу Кеңесқызы, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының Алматы облыстық төрайымы:
— Тәуелсіздік мерекесі кезінде әсіресе білім бе-ру мекемелері кездесулерге жиі шақырады. Сонда жас буынның Желтоқсан туралы білуге ынтыққан бейнесіне сүйсінемін. Енді айтар ұсынысым — кеше өткен тарихын тірі тұлғалардан білуге құмартқан өскелең өрендермен желтоқсаншылардың жыл он екі ай бойы жүйелі байланыс орнатса. Бұл білім ордаларында Желтоқсан бөлімін ашудан басталғаны абзал.

Ералы Мәмбетбаев, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының төраға орынбасары, Алматы қаласы бойынша төрағасы:
— Мен осы көтеріліске қатысып, тек жақында ғана ақталдым. Билік желтоқсаншылардың ақталып, қажетті делінген мәртебеге қол жеткізуіне оңтайлы жағдайлар туғызса болар еді. Алды жетпісті желкелеп, соңы елуді еңсеріп қалған желтоқсаншылар әлеуметтік қолдауға мұқтаж.

Жортулы Толымбек, желтоқсаншы, ұстаз:
— Тәуелсіздік тарихын тереңнен ала отырып, патриоттық тәрбиені Желтоқсанмен ұштастыру әр ұстаздың ұлттық борышы болса екен. Міндетті тәрбие жоспарына бұл көтерілісті кең сипатта енгізсе, құба-құп. Әйтпесе Желтоқсан оқиғасының қыр-сырынан беймәлім мәңгүрт ұрпақ бабалар аманаты — Тәуелсіздікті қолдан сусытып алмасына кіп кепіл?!

Болат Құрымбаев, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық ұйымының төрағасы:
— Көтеріліске отыз жыл толар қарсаңында біздің ұйым түрткі болып, республикамыздың түкпір-түкпірінде бастамашыл шараларды қолға алып жатырмыз. Оны қалай ардақтап, қаншалықты насихаттасақ та артықтық етпейді. Желтоқсан дарытқан ірі ұлттық мінезді қазіргі жастардың бойынан көру үшін патриоттық тәрбиені нақты осы тарихи оқиғамен ұштастыра берген орынды. Сонда бүгінгі буын да кесек ұлттық мінезге бай болары ақиқат.

Түйін:
Желтоқсанның ызғарлы желі мен зәрлі боранында кеңестік биліктен сауға сұрап төменшіктемей, «қазақ жерін қазақ қана басқара алады» деп қасқая шыққан кешегі қазақ жастарының ерлігі жеміс беріп, тәуелсіз елге айналдық. Жеңіс рухын сыйлаған Желтоқсанның айтар ақиқаты айтарлықтай көп. Жоғарыда аталған келелі кеңесте бас қосқан ұлт жанашырларының Желтоқсан қасіретінің қазақ қоғамында ешқашан қайталанбауын қалайтын үндері биікке көтерілді. Олар жоғары билікке ұсыныс тастап, жүрек түкпіріндегі ойларын ортаға салды. Қазақ үшін елжіреген тілектердің, «ұлтым» деп лүпіл қаққан жүректердің үні тиісті тұлғаларға жетіп, қажетті деңгейде атқарылар айшықты сәттері туар деген сенімдеміз. Әрине, біздің басты өтінішіміз желтоқсаншылардың он шақты қоғамдық бірлестіктері бар. Әрқайсысы әр жаққа тартады. Ынтымағы, бірлігі жоқ. Сондықтан олар бірлесуі қажет. Сонда ғана олар зор күшке айналады, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне көмектесе алады.

Айзат Рақыш