Әлемге үрей туғызған қытай коронавирусы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (ДДСҰ) Қытайда тараған коронавирусқа қатысты қауіптілік деңгейі өзгертілді. Ұйым хабарлауынша, қазір вирус жұқтыру ықтималдығы бірнеше күн бұрынғы көрсеткішке қарағанда әлдеқайда жоғары. ДДСҰ мен мамандардың коронавирус жұқтыру қаупінің шектеулі сипаты туралы мәлімдемесі қазір аздап өзгеріске ұшырады. Бүгінде вирус жұқтыру қаупі ғаламдық деңгейде «жоғары» болып отыр. Қытайдың патогендік микроорганизмдерді сақтау ұлттық ұйымы коронавирустың жаңа түріне қатысты ақпарат пен оның электронды микроскоп көмегімен жасалған алғашқы суретін жариялады.
ДДСҰ дабыл көтерді
ОКҚ брифингінде коронавирустың тарауына байланысты әлемде қалыптасқан жағдайды баяндаған еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин: «Вирустың көзі жануарлар, жарғанаттар, сүтқоректілер, оның ішінде қояндар, құстар, сондай-ақ, Ухань базарындағы аю табаны, аю және борсық майы. Вирус тарауының ауа тамшылығымен қатар алиментарлы жолы болуы мүмкін. Бір апта бұрын біз вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін растамадық, бірақ соңғы мәлімдемеге байланысты адамнан адамға жұғатыны анықталды. Бірақ жұғу деңгейі өте төмен және адам қабылдайтын вирустың концентрациясына байланысты. Үкіметте Уханьдағы қазақстандық студенттерді эвакуациялау пысықталып жатыр»,– десе, Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Қазіргі уақытта ҚХР аумағынан 25 858 адам келді. Олардың арасында қазақстандықтар да, шетелдіктер де бар. Барлық жолаушылар туралы ақпарат біздің министрлікке жіберіледі. Әрі қарай Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті арқылы тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерулер, өзге адамдармен қарым-қатынасы тексеріледі. Кейбір жолаушылардан Жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері байқалған. Қазіргі уақытта қызуы көтерілген 23 жолаушы келді, оның төртеуі ЖРВИ күдігімен ауруханаға жатқызылды. Вирустық инфекциялар арасында нақты айырмашылықтар болмағандықтан, оларды ЖРВИ күдігімен ауруханаға жатқызамыз. Барлығынан қан сараптамалары алынды. Үш тәулікте егжей-тегжейлі диагностика жүргізіледі. Сәйкес ем-дом тағайындалды», – деп мәлімдеді.
Қытайлықтарды тоқтататын қаулы!
Арадағы шекара неге жабылмайды
Осы сауалға түсінік берген Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев: «Қазақстан Қытаймен арадағы шекараны жабуды жоспарлап отырған жоқ. Ол үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы қажет. Алайда коронавирусқа байланысты қытайлық азаматтарға Қазақстанның визасын беру талаптары күшейтілді. Қазіргі кезде біздің ҚХР-дағы елшілігіміз бен бас консулдығымыз осы елдің азаматтарына денсаулық туралы анықтама жағынан виза беру талаптарын күшейтті. Бұдан бөлек, Қытай азаматтары үшін әуежайда электронды виза рәсімдеу жұмысы тоқтатылды. Бірақ Қытаймен арадағы шекара жабылса, Қазақстан азаматтарын елге қайтару мүмкін болмайды. Қазіргі мәліметке сәйкес, ҚХР территориясында 1 300 Қазақстан азаматы бар. Олардың ішінде 635 турист Хайнань провинциясында жүр. Бұдан бөлек, елшілік, бас консулдық қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері бар»,– деп атап көрсетті.
Қытайда 2019 жылдың желтоқсанынан бастап белгісіз коронавирустың таралуына байланысты ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы жауып тастады. Бірінші болып Ухань қаласы жабылды. Себебі қауіпті індет 11 миллионнан астам тұрғыны бар осы қаладан тараған болатын. Карантин жарияланған қалалар арасында Чиби (534 мың адам), Эчжоу (1,08 миллион адам), Хуанган (7,5 миллион адам), Сяньтао (1,6 миллион адам), Чжицзян (550 мың адам), Цяньцзян (963 мың адам), Хуанши (2,7 миллион адам), Эньши (809 мың адам) мен Сяньнин (2,5 миллион адам) бар. Бүгінгі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 106 адам көз жұмды. Бұған қоса бұл ауру басқа елдерге де тарай бастаған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуын тоқтата тұру туралы. «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 46-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін Қазақстан Республикасына келудің, болудың және одан кетудің жетпіс екі сағаттық визасыз режимінің қолданылуы бөлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуы 2020 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин
Ермек Сахариев