«Жанұя» отбасын қолдау орталығында бос орындар жәрмеңкесі өтті

Қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан жұмыс іздеушілерге 250-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шара аясында ізденушілер жұмыс берушілердің өкілдерімен кездесіп, жалақы деңгейі мен үміткерлерге қойылатын талаптар туралы ақпарат алып, өздері таңдаған жұмыстың ерекшелігімен танысып, сұхбаттасудан өтті. Сонымен қатар, Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  

Жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Нұрлан Исекеевтің айтуынша, өткен жылы жалпықалалық бос жұмыс орындары бойынша 6 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 724 адам жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ мамандарға мұқтаж жұмыс берушілер үшін 16 шағын бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, қорытындысы бойынша 54 адам жұмысқа орналастырылыпты.

«Биыл халықтың сұранысына қарай осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастырып отыру ойымызда бар. Күннің суығына қарамай таңнан бері адамдар келіп, өздеріне ыңғайлы жұмыстармен танысып, түйіндемесін қалдырып жатыр. Бұл жәрмеңкеге 20-дан аса мекеме қатысып, техникалық мамандықтардан бастап еден жуушы, күзетші, IT мамандарын, қалалық үлкен сауда орындары сатушыларды, кассирларды жұмысқа қабылдауда», — деді Н.Исекеев.

«Бізге жәрмеңкеге қатысу өте тиімді болып отыр. Себебі бізде әрдайым бос жұмыс орындары кездеседі. Сондықтан өзімізге керекті мамандарды жұмысқа тарту мақсатында әрі жарнама көзі ретінде осындай шараларға қатысуға тырысамыз», — деді «Жеті Аспан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен келген маман.

Аталған іс-шара аясында алимент борышкерлері де өздерінің талаптарына сай бос жұмыс орындарына түйіндемелерін қалдырды.

«Жәрмеңкеге алимент бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында 30 шақты адам келді. Олардың 10-ы жұмыс орындарына жолдама алды. Қадағалау аймағымыз бойынша борышкерлерді бос жұмыс орындарымен барынша хабардар етіп отырамыз», — деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Сәкен Үдербай.

Айта кетсек, жұмыс берушілер «Электрондық еңбек биржасы» (www.enbek.kz) интернет – порталында 6 489 бос жұмыс орнын орналастырды, оның ішінде 350-ден астам бос жұмыс орны икемді жұмыс кестесімен. Жалақысы 100 000 теңгеге дейін – 3 147 орын, 100 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін – 1 818 орын, 150 000 теңгеден жоғары – 1 524 орын бос жұмыс орындары көрсетілді.