Есіл ауданында қар тазалау жұмыстарымен 22 мердігер ұйым және «Астана Тазалық» ЖШС айналысады

 

«Есіл» ауданының әкімі Берік Жәкенов халық алдында есеп беру кездесуінде қарды тазалау, шығару жұмысы жайлы баяндады. Оның айтуынша, бұл жұмысқа ауданда күн сайын 500-ден астам арнайы техника мен 750 жол жұмысшысы жұмылдырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.  «Осы қыстың төтенше ауа райы жағдайында санитарлық тазалау мәселесі өзекті болып отыр. Жауын-шашынның рекордтық мөлшері түсті. 2018 жылмен салыстырғанда жауын — шашын көлемі 66 мм-ге жетті, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 122 мм-ге тең. Яғни, осы жылы оның мөлшері екі есеге артты. Санитарлық тазалау үшін біз ауданды 11 учаскеге бөлдік, оның ішінде «Үркер», «Пригородный», «Заречный», «Тельман» тұрғын үй массивтері де бар. Онда 22 мердігер ұйым мен «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлері 80% механикалық тазалау жұмыстарын жүргізеді»,- деді Берік Жәкенов. Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы жылы қардың көп болуына байланысты қосымша полигондар ашылғанын мәлімдеді. «Жыл сайын аудан 20 га бір полигонға қарды төгіп келеді. Біз басқа полигондарды іздеуге мәжбүр болдық. Нәтижесінде екі уақытша қар жинайтын полигон Жағалау ауданында және Қосшы трассасында ашылды», — деді ол. Сондай-ақ аудан әкімі сөз арасында қалдық шығару мәселесін атап өтті. «Біздегі жүйеленіп қалған проблемалардың бірі – белгіленбеген жерге қоқыс тастау. Өткен жылдың сәуір мен желтоқсан айы аралығында аудан көлемінен 35 тоннадай қалдық шығарылды. Сонымен қатар полигонда желтоқсанда қалған тағы 24 тонна қалдық жатыр. Бұл көрсеткіш көктемге дейін өсуі мүмкін. Жалпы ауданда 10 қалдық жинау орны бар, соның бірі осы «Пригородный» тұрғын үй алабында. Біз қазіргі таңда «Сергек» өкілдерімен келісімге келіп жатырмыз, бейнебақылау орнату мәселесін шешіп, қалдық тастау проблемасымен күресетін боламыз», — деді Берік Жәкенов.