Білім саласын тазартпай, таза қоғам құра алмаймыз немесе «Мұғалім мәртебесі» туралы заң оны жүзеге асыра ала ма?

Ана неге жылады?

Өткенде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында № 59 мектеп жанынан өтіп бара жатып, жылап тұрған бір әйелді көрдім. Өтіп кете беруге ұятым жібермей, неге жылағанын сұрадым. Баласын орналастыру үшін мектеп директорына өтінішпен кірген екен. Сауран 12/2 үй осы мектепке тіркелсе де, орын жоқ деп қайтарып жіберіпті. Жалғызбасты ананың сегіз жастағы ұлы сабаққа бармай жүргеніне бір апта болыпты. Жұмысым алыста еді, енді не істеймін деп таусылғандай болды. «Егемен Қазақстан» басылымының журналисі Анар апайдың араласуымен, заң талаптарына сай баланы мектепке қабылдады. Мені ойға қалдырғаны, сол қаршадай баламен ананы күйзелтпей, жылатпай директор өзі қабылдай салса не кедергі болды деймін де!?

Мұғалім, директорларымыз неден қорқады?

«Мұғалім мәртебесі» туралы заң шыққанда екі-үш директорға хабарласып, заңның артық-кем, жетілдіруі тиіс жерлері туралы ой-пікірлеріңізді айтсаңыз, – деп өтініш айтқанда, ескі стеоротиппен ат-тонын ала қашқан еді. Жаңа заңмен бірге жаңа қоғам еніп келе жатқанын ұғынса, ең әуелі, мектеп директорлар белсенді болуы тиіс емес пе? Санасы үрей мен қорқынышқа толы мұғалімдер мен мектеп директорларынан алған білім қандай болмақ? Олар келешек қоғамды құрайтын жас жеткіншектер не білі,м неңдей рух бермек? Бұндай мұғалім мен директор қандай болмыс иесін тәрбиелеп шығармақ? Алматылық Ғалия атты ана мектеп директоры мен мұғалімнің, оқушының арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгерту керек деп пікірін білдірді. Мектеп директоры мұғалімдерге құл сияқты қарауды қою керек. Әрдайым жұмыстан шығып кетем бе деуден санасын қорқыныш пен үрей билеген мұғалімде осылайша, құлдық психология қалыптасқан. Сосын, мұғалімнің өзі оқушылар қит етсе «ата-анаңды шақыртамын, директорға апарамын, бұзық бала деп есепке қоямын, мектептен шығарамыз» деп балалардың санасына қорқыныш пен үрей ұялатады. «Ал, бала санасына ұялаған үрей, ол, баланың бүкіл өмірінің дамуына салынған бұғат», – дейді, Ғалия апай. «Сол себепті Қазақстан мектебінде директор мен мұғалім санасының өзгеруі кезек күттірмей, шешілуі тиіс мәселе» дейді.

Заң қуатты болуы үшін өзіміз сауатты болайық!

Ал, «Мұғалім мәртебесі» туралы заңның өзектілігін баспасөз беттерінде талмай көтеріп, Білім және ғылым министрлігінің қарауына ұсынған ұстаз, республикалық «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы бұл мәселеге басқа қырынан тоқталды. «Мұғалімдер соңғы кездері құқықтық-нормативті заңдардан көп таяқ жеді. Оның біреуі «Балалар құқығы туралы» заң еді. Бұл заңда салалық ерекшеліктер қамтылмауы кесірінен дарынды көп мұғалім ата-ананың әсіре дауларының құрбанына айналып кетті. Мұғалім баламен жұмыс жасайтын кадр болғандықтан, оның өзіндік ерекшеліктері, мәртебесі болуы керек. Мұғалімді концерттерге, ауылдық мұғалімдерді аудандық әкімнің есеп беру жиналысына зал толтыру үшін жіберетінін бәрі біледі. Мұғалім шығармашылықпен айналысуы тиіс кездерде көше сыпыруға шығатын жайттарды білеміз. Біз әкімшіліктің заңсыздықтарымен күресіп, мұғалімнің құқын талай қорғап көмекке келдік. Осы кезге дейін Шымкентте, Өскеменде, Павлодарда, Алматыда мұғалімдердің құқын қорғау туралы сот болды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде қанша шулады. Заңда қылмыстық жауаптылық қарастырылмағандықтан, барлық іс әкімшілік ескертумен шектелді. Тіпті, айыппұл да салынбады. Мұның бәрі мұғалімді ойыншық етіп, қарсы жаққа ескерту берудің жолы ғана еді, дейді. Сайлау кезінде мұғалім қолбала болып, кесірінен мәртебесі қаншалық түсетіні белгілі. Біз, мұғалімнің атақ-даңқын, абыройын түсіріп алдық. Қоғамның алдында мәртебесі жоқ адамның алдына барып, тәлім ал десеңіз, кім барып тәлім алғысы келеді! Балаға алдындағы мұғалім кумир болуы керек. Әкімшіліктің тапсырмасымен қағаз жазудан басын көтере алмай, балаға не айтарын білмейтін мұғалімнің оқушы алдында қандай мәртебесі болуы мүмкін?! «Мұғалім мәртебесі» туралы заң – мұғалім мәртебесін көтерудің біржақты жолы, бір тармағы ғана. Мұғалім беделін көтеру жан-жақты жол. Бұрын бакалавриат пен магистратураны бітірген жас маманның айлығы бірдей еді. Енді, айырмасы болады. Заңда көрсетілгендей, магистрлер мектепке барып мұғалім болса, оған он айлық есептік көрсеткіш жалақы қосылады. Оның сыртында мұғалімдік жолды таңдаған талантты, дарынды адамдарды ынталандыру, шабыттандыру мақсаты жүзеге асады. Ия, осы заң мұғалімдер беделін тым көтермес. Бірақ, әсер етеді. Бұл заң тұңғыш рет қабылданып отыр. Әлі толықтырылып, жетілдірілуі керек.
Абай Құнанбаев, «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді. Мұғалімге артық жұмыс жүктеп, беделін түсірген сайын, дарынды мұғалімдерді мектепке келіп жұмыс істеуден қашқақтатамыз. Басы істейтін, қабілетті, талантты мамандар мектепке келмейді. Себебі, білімді адамдар біреуге қолбала болғысы келмейтіні рас қой.

Мектепте кімдер мұғалім болып жүр?

Жасырын емес, соңғы отыз жыл бедерінде мұғалімдік мамандыққа даярлайтын жоғары оқу орнына басқа оқуға балы жетпей қалған жастар, әйтеуір оқуға түсті деген атаққа ие болу үшін құжатын тапсырып, мұғалімдік мамандықты қаламаса да, ілініп-салынып, пара беріп емтихан, сынақ тапсырып диплом алып келген. Мұғалім беделін көтеруге барынша атсалысып жүрген қоғамдағы белсенді мұғалімдер арқасында алыс ауылдарда ашылған, саны бар, санатта жоқ мұғалімдік дипломды басып шығарып берумен айналысып келген оқу орындары енді жабылады. Сөйтіп елордамыз Нұрсұлтан мен Алматы және ірі облыс орталықтарынан іргелі жиырма оқу орны ғана мұғалім даярлайтын болады екен. Осы ретте, Аятжан Ахметжанұлы: «Өзі беске оқымаған адам, ешкімді беске оқыта алмайды. Бұл – аксиома! Өзі лидер болмаған адам ешқашан лидер тәрбиелей алмайды. Сонда біздің қоғамды кім тәрбиелеуі керек? Істерге жұмыс таппай қалған адам қоғамға білім беретін жерде істеп, тәрбие бере ала ма? Оқуға түсерде де, басқа оқу орнына балы жетпей қалған, тестіден ең аз балл жинаған білмсіз бала мұғалімдік оқуға баратын болды. Мына үрдісті жоймасақ, мемлекетті құрдымға тартатын ең басты себеп осы болады. Біліксіз маман қайдан шығады? Ол білім саласынан шығады. Қазіргі кезде, адамдар емделейін десе дәрігерден, мектепке бала берсе директор мен мұғалімнен, заңға жүгінейін десе, полиция мен прокурордан, пәтер алса, үй құлап қалмас па екен деп құрылысшыдан қорқатын болды! Неге? Себебі, адамдар мамандардың біліксіздігінен қорқады. Ал, біліксіз, білімсіз мамандар білім саласынан дұрыс білім алмағаннан шығады. Енді, мұғалім оқушыға не себепті білім бере алмауда? Білімсіз, біліксіз мұғалім мектепте қайдан адасып жүр?! Ол тәрбиеленіп шыққан мектеп, университет дұрыс болмаса, мұғалім өтірік баға қойса, университет мұғалімі бағаны сатып қойса, одан сапасыз маман келіп шығады. Мен бағаны сатып қою дегенді түсінбеймін! Себебі, бағаны сатып алған білімсіз бала ертең сенің балаңды оқытуы мүмкін. Ол ертең дәрігер боп шығып, немеремізді қарауы мүмкін. Судья болып, іс жүргізіп, адам тағдырына араласуы мүмкін. Ол саясаткер болып, мемлекеттің жүйесін жасауы мүмкін. Мұғалім өзі ақша алып отырып, балаға жемқор шенеунік болма деп айта ала ма? Әрине, айта алмайды!

Алдымен өзіңді тәрбиеле, ұстаз!

Жақында бір анамен әңгіме болды. Ол өз баласын мектептен-мектепке ауыстырғанда біраз қиындыққа тап болғанын айтты. Алматы қаласындағы «Айгерім» ықшам ауданындағы мектепте оқып жүрген баласының киімі жиі жыртылатын болған екен. Мектеп мұғалімдерін байқап қараса, олардың өздерін тәрбиелеу керек екенін түсінеді. Бәрі кезінде күнкөріс қамымен ауылдан келген адамдар. Оқуды әйтеуір бітіріп, диплом сатып алған «мамандар» екені көрініп тұрды дейді. Балам физика-математика пәнін өте жақсы оқитын. Оны баласының білімі, олармен пікірлесу арқылы білген. Сонымен қаладағы № 10 ықшам аудандағы пәтерге көшуге тура келді дейді, ол. Үйге жақын орналасқан № 86 мектеп директорына барып жолыққанда, директор онымен тіпті сөйлескісі де келмеген. Менсінбеген кейіппен, менде орын жоқ деп жауап берген. Айнұр апай өзінен кіші адамның сонша мінез көрсетуіне шыдамай «Мұныңыз не? Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Бұлай сөйлеуге қақыңыз жоқ. Адамға сай дәрежеде сөйлеңіз!» деп талап етіпті. Айнұр айтады, «Мысалы, Канада мемлекетінде таңертең оқушыларды мектеп директоры өзі қарсы алатын салт бар екен. Ал, біздің елімізде бала психологиясынан бейхабар, мұғалім ретінде адаммен сөйлесу мәдениетін білмейтіндер директор бола береді деп», қынжылды.
Бұл тұрғыда Стэнфорд университетінің құрметті профессоры, білім саласындағы бірнеше сыйлықтың лауреаты, педагогика, психология, медицина және математика саласындағы оқыту мен оқуды бағалауды зерделеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Л. Шульманның мұғалімнің «үш көмекшісі» (бас, қол, жүрек) атты теориясы – мұғалімнің білімі, білігі мен тәжірибесі ғана маңызды емес, оның жан дүниесінің тазалығы мен рухани байлығының сай болуына баса назар аудартады.
Дүниежүзіне танымал педагог-психолог А.Пажарес деген ғұламаның айтуынша, қазіргі заманда білім беру процесінде балаларға мұғалімнің білімінен гөрі, ұстанымы (принципі) күштірек ықпал етеді, дейді.

Ең бастысы баланы жүрегіңмен жақсы көр!

«Баланы жыл он екі ай алдау мүмкін емес. Жаныңыз таза болмаса, сездіріп аласыз. Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол, әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді.
Қазақта «балажан» деген сөз бар. Өз баласын әркім де жақсы көреді. Ал, барлық баланы «бала» деп қабылдау көп адамның қолынан келе бермейді. Егер, мұғалім баланы жақсы көрмесе, онда оның ертерек мектептен кеткені жөн. Бала жақсы көргенді де, жек көргенді де сезіп тұрады. Жалпы, мұғалім үшін ең жоғары баға – шәкірттерінің өз мұғаліміне еліктеуі, ұқсауға тырысуы!
Ал, мұғалім абыройлы болу үшін не істеу керек?
Өткен ғасырдың басында «Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» – деген дәуірден өттік.
Бәсекелестік қызған бүгінгі күні мұғалім М.Әуезов айтқандай «Өзі отырған жерді төр етуге» өзі ұмтылуы қажет.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік мұғалім мамандығын таңдаған екенсің, ұстаз атына сай болуың керек!», – деп ұстаз Өмір Шыныбекұлы, өз ойымен осылай бөлісті.

Директорды ауыстыру нәтиже бере ме?

Қоғамды алға жетелейтін тәрбиелі, білімді, кәсіби білікті мұғалімдер екені белгілі. Осы себепті, келесі жылдан бастап кездейсоқ біреулер мектеп директоры, не мұғалім болмауы үшін ауылдық, аудандық мектептер облыстық білім басқармасына тікелей қарайтын болады. «Мұғалім мәртебесі туралы» заңының осы бабы жайлы Сұлтан Сүлеев былай дейді: «Ия, ауыл, қала мектептерінің директорларын тағайындауда да өзгеріс бар. Ротацияны әрбір төрт жылда жүргізетін болады. Онан ары уақытты өткізіп алса, коррупциялық әрекет болып табылады. Ротация жасау бұрынғыдай деңгейлес мектеп басшыларын өзара ауыстырумен шектелмейді. Енді алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарының басшыларын артта қалған мектепті көтеруге тағайындауы мүмкін. Бұл «төмендеу» емес. Қайта сенім арту деп ойлаймын. Себебі, бұл кісілер өздерінің мол тәжірибесін басқа мектепке алып барады, оны алға тартады. Ротация жасау қалаларда жүргізілсе жаңа маманның күнделікті өміріне көп өзгеріс әкеле қоймас. Бір қаланың қай бұрышы болсын қатынау оңай. Қиындық ауылдық мектеп директорларына байланысты болуы мүмкін. Өз отбасынан, жақындарынан ондаған, жүздеген шақырым жыраққа көшуге тура келеді. Кей жерлердегі трайбализм элементтерінің сақталғанын ескерсек, ауыл директорларының алдында үлкен сын тұр. Әр қиындықтың бір жақсылығы болатыны белгілі. Енді мектеп директорлары да квалификациялық тест арқылы өз жалақыларын көтеруге мүмкіндік алып отыр. Тест тапсырудың нәтижесінде жалақыны жүз, елу, отыз пайызға дейін ұлғайтуға болады екен. Директор болуға кез келген педагогикалық білімі бар, еңбек өтілі сәйкес, соттылығы жоқ, психикалық есепте тұрмайтын азамат өтініш бере алады. Бірақ білім департаментінің жанынан құрылған комиссия көп жағдайда бұрын басшылық қызмет атқарған директор мен орынбасарларға көңіл бөледі. Осы кісілердің директор лауазымын конкурста жеңіп алу мүмкіндігі үлкен. Жалпы мектеп директорын жиі ауыстыру бүгінгі қоғамда керек шара. Одан білім, тәрбие беру сапасы өзгереді, төмендейді», деп ойламаймын. Стандарт барлық жерде бірдей, тек соның сақталуын қадағаласа болды».

Қаңғыбас балаға мектеп енді жауап бермейді

Белсенді мұғалімдермен кездесуінде министр Асхат Аймағамбетов, баланың мектептен тыс уақыттағы қауіпсіздігіне байланысты дауға нүкте қойыпты. Бұрынғы кезде бала компьютер клубында немесе түнгі уақытта көшеде жүргенде полиция анықтап, мектеп директорынан бастап сынып жетекшісіне дейін жауап беріп, оқиға болған жерге шақырылатын. Педагогтың жеке өміріне қол сұғылатын. Мұғалім(мектеп) енді оқушының сабақ кезіндегі уақытына ғана жауап береді. Қалған уақытта ата-анасы немесе олардың орнын ауыстыратындар жауапты. Егер бала мектептен тыс жердегі үйірме , іс-шараларға қатысатын болса, сондағы педагогтар жауапты. Алайда мектеп балалардың қоғамдық жердегі мінез-құлқы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі шарт.

Ұстазға тіл тигізсең  айыппұл төлейсің

«Ата-анасы, не бала мұғалімге тіл тигізсе, айыппұл салынады. Тіпті қамау жазасы бар. Мысалы Алматы облысында мұғалімді ата-ана келіп соққыға жыққан, Алматы қаласында мұғалімнің басын жарған. Және бір облыста тісін сындырған оқиға болды. Сол оқиғаларда ата-аналарға әкімшілік ескерту берумен шектелген. Бұл деген қылмыстық істер ғой. Ендігі заңда ата-анаға айыппұл салынып, қылмыс салмағына қарай үш айдан алты айға дейін қамау жазасы қарастырылған. Айыппұл төлеу туралы бапқа, дұрыс емес деп өз қарсылықтарын білдіріп жатқандар бар» деген сөзімізге Аятжан Ахметжанұлы: «айыппұл төлеме, төлемеу үшін заң бұзба. Ата-ана баласын тәрбиелесін. Баласы тәртіпті болсын», – деп жауап берді.

Мұғалімге басы артық жұмыс артып қою тыйыла ма?

«Сиясы әлі кеппеген заңда көрсетілгендей, бұдан былайғы жерде әкімшілік бір рет мұғалімді өзінің басы артық жұмысына жексе, бір рет ескерту береді. Екінші рет қайталанса, әкімшілік маманы міндетті түрде айыппұл төлейді және жұмысынан босайтын болады. Одан кейінгі жерде білім саласына жоламайтындай етіп заңмен бекітеді. Дегенмен, бұл баптың өзгертетін жері бар екен. Мысалы, дәл осы әрекет бір жылда бір рет қайталанса деп жазылған сөзді алып тастау керек. Бұл бап бойынша, әкімшілік құқықты әр жылы қайталап бұзып, ескерту алып отыра береді екен. Баптың осы жерін дұрыстап, толықтырып, сауатты, әрі түсінікті етіп жазу керек».
«Мұғалім мәртебесі» туралы құқықтық нормаларды айқындап алар кезде қоғамға сауал тасталған екен. Сонда мұғалімдердің айтатыны тек, айлығын көтеру мен зейнетке шығу туралы заңды енгізуді сұраған. Құқықтық нормалар ешкімді қызықтырмаған. Бұл біздің мұғалімдер деңгейі демеске амал жоқ! Ал, отыз жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім Сұлтан Сүлеев: «Зейнет жасына байланысты да ұстаздар арасында жүз пайыз келісім жоқ сияқты. 58 жас деп айтып жүрміз. Бірақ басқа топ 63-ке дейін істеуді қалайды, немесе зейнетке шығып алып, жастармен сағатқа таласып жүрген апайлар көп екені белгілі. Сонда жастар қашан жұмыс бастайды, қашан тәжірибе жинайды? Бұл жай лирика.

Мектеп, қоғам, отбасы  бірлігі керек

Айналып келгенде, осы істеліп жатқан істің бәрі азаматтық қоғам орнатуға деген талпыныс. Құқықты құрметтейтін әлеуетті тәрбиелеу нышаны. Оны іске асыру тек мұғалімнің ғана емес, қазақстандық әр азаматтың борышы. Жоғарыда жазылған заңдар мақсаты қоғамға пайдалы, еркін ойлы, тәрбиелі адам тәрбиелеп шығару. «Баланың үш жұрты болады», – дейді Аятжан. Ол, мектеп, қоғам, отбасы. Осы үштаған өзара дүрдараз болса, диктаторлық ырықпен жүрсе, бұдан таяқ жейтін тек бала! Бала суицид жасайды, темекі шегеді, нашақорлыққа әуестенеді. Сондықтан, осы үштаған тату, әріптестік ниетте жұмыс жасаса бала психологиялық, интеллектуалды дамиды. Біз мынаны ұмытпауымыз керек, сауатсыз, күнкөріс қамымен директорға, не әкімшіліктегі сөзі өтетін таныстарына пара беріп жұмысқа кірген мұғалім ешқашан қоғамды алға сүйремейді! Тек артқа тартады. Парамен кірген мұғалім өзіне құлдықты сатып алғанын ұмытпауымыз керек. Ондай мұғалім әкімшіліктің, директордың қолжаулығы. «Мұғалім мәртебесі» заңы бүгін-ертең қоғамда үстемдік етеді деу әрине, тым әсірелеу болар еді. Бірақ алға қарай ұмтылу – әр адамның парызы екенін ұмытпауымыз керек!

Жан-жақты болмаса ол ұстаз емес

Өмір Шыныбекұлы: Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамып жатыр.
Сондықтан өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты оқушылар тарапынан қойылуы мүмкін тіпті жанама сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт. Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім өз пәні мен педагогикадан өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті.

Әдеп біздің  басты қаруымыз

Сұлтан Сүлеев – Даулы тағы бір мәселе, мектептерде құрылатын әдеп кеңестері туралы норма. 16-бап. Осыны жүзеге асыру үлкен қиыншылық туғызады. Себебі әдеп дегенді көп басшы өз ұстанымы, тәжірибесі, позициясынан қарайтыны рас. Менің істегенімді анау басқа мұғалім де жасады, неге мен ғана жауап беремін дегендей ұстаздар арасында өзара сенімсіздік пен жанжал туғызатын бап. Бұл бап басшылардың өзіне ұнамаған мұғалімді қамшылайтын құралына айналып кетпеуін қадағалау керек.Заңның бір ұнаған жері мұғалімдердің біліктілігін арттыру туралы .18-бап. Болашақ бағдарламасы бойынша стипендия алып ,шетелде оқу мүмкіндігі. Немесе, курстардың ақылы болуына тиым салу. Енді, министрліктің арнайы тапсырмасымен ғана біліктілік арттыру бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бұл бапқа сәйкес арнайы бұйрық шығуын күтейік.
Аятжан Ахметжанұлы – Қытай мектептерінде ер мұғалімдер саны тоқсан пайыз. Біздің еліміздегі мектептерде тоқсан пайызы әйел мұғалималар жұмыс істейді.Қазір бес миллионға жуық отбасы болса, соның әр бесінші отбасындағы ұл-қыз бала әке тәрбиесін көрмей- білмей өсуде. Ұрпақ тәрбиесінде әке тәрбиесінің маңызын барлық ата-ана біледі. Осы себепті мектепте ер мұғалімдер санын арттыру керек деп ойлаймын. Ол үшін білім бөлімінде ер мамандар саны көп болуы керек. Бұл ұсыныс бұл жолы кірмей қалды. Келешекте заңға енгізетін боламыз.

Оймақтай ойлар

Өмір Шыныбекұлы:
Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп,
технология жылдам дамып жатыр

Сондықтан, өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты  оқушылар тарапынан  қойылуы мүмкін тіпті жанама  сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт.  Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім  өз пәні мен педагогикадан  өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті.

Сұлтан Сүлеев:
Даулы тағы бір мәселе, мектептерде
құрылатын әдеп кеңестері туралы норма

16-бап. Осыны жүзеге асыру үлкен қиыншылық туғызады. Себебі әдеп дегенді көп басшы өз ұстанымы,тәжірибесі, позициясынан қарайтыны рас. Менің істегенімді анау басқа мұғалім де жасады, неге мен ғана жауап беремін-дегендей ұстаздар арасында өзара сенімсіздік пен жанжал туғызатын бап. Ежелгі қанатты сөз бар ғой: что позволено Юпитеру, то не позволено быку деген. Бұл бап басшылардың өзіне ұнамаған мұғалімді қамшылайтын құралына айналып кетпеуін қадағалау керек.Заңның бір ұнаған жері мұғалімдердің біліктілігін арттыру туралы .18-бап. Болашақ бағдарламасы бойынша стипендия алып ,шетелде оқу мүмкіндігі. Немесе, курстардың ақылы болуына тиым салу. Енді, министрліктің арнайы тапсырмасымен ғана біліктілік арттыру бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бұл бапқа сәйкес арнайы бұйрық шығуын күтейік. Мәжілісте мен көтерген бір мәселе, ол қашықтық олимпиадалардың дипломдары мен грамоталарына байланысты болды. Оларды квалтестен өткеннен соң портфолиоға саламыз. Бар дау осы жерде туындайды. Әр аймақ оны есептеу, есептемеуді өздері шешеді екен.Бір ізділік жоқ. Бұл қателікті жөндеу үшін министр бұйрық шығаратынын айтты. Жоғарыда айтқанымдай заңның әр бабына сәйкес әлі талай түсіндіру жұмыстары жүретіні белгілі. Заңды өз мүддесіне пайдалану, мәртебесін көтеру ол ұстаздың өзіне байланысты. Талқылау керек, ойын айту керек. Ал министрлік осы ескртулерді есепке ала отырып, заңның білім саласына тигізетін көмегін оңтайландыратыны сөзсіз.

Аятжан Ахметжанұлы:
Қытай мектептерінде ер мұғалімдер
саны тоқсан пайыз

Біздің еліміздегі мектептерде тоқсан пайызы әйел мұғалималар жұмыс істейді.Қазір бес миллионға жуық отбасы болса, соның әр бесінші отбасындағы ұл –қыз бала әке тәрбиесін көрмей- білмей өсуде. Ұрпақ тәрбиесінде әке тәрбиесінің маңызын барлық ата –ана біледі. Осы себепті, мектепте ер мұғалімдер санын арттыру керек деп ойлаймын. Ол үшін, білім бөлімінде ер мамандар саны көп болуы керек. Бұл ұсыныс бұл жолы кірмей қалды. Келешекте заңға енгізетін боламыз.

Зүбайра Тілегенқызы