Елорда әкімі Алтай Көлгінов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті

 

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жағдай жасау, үлестік құрылыс объектілерін аяқтау, елді-мекендерді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы, аулаларды абаттандыру. Әкіммен кездесуде талқыланған тақырыптар осы.Елорда әкімі Алтай Көлгінов Есіл ауданы әкімінің халық алдында есеп беру кездесуіне қатысты.

 

Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлетінін айтты. «2019 жылы №88 мектеп, №24 мектепке жапсарлас ғимарат («Пригородный» елді-мекені) пен балабақша ашылды. Бұл балаларға арналған тағы 1700 орын құрып, мектептерге жүктелген шектен тыс жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Биыл 4 мектеп пен балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл № 59, 71, 75, 76, 77, 79, 84 және 85 мектептердегі шектен тыс жүктемені азайтады. Сондай-ақ, 1200 орындық мектеп қазір жобалау сатысында. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке  меншік серіктестік аясында 360 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр», — деді Берік Жәкенов. Есептік кездесуде тұрғындар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасау мәселелерін көтерді. «Бұл өте өзекті әрі маңызды мәселе. Қалада ерекше қажеттіліктері бар 5,5 мың адам. Екі мың отбасы ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отыр. Қазір, өкінішке орай, динамика артып келеді, әсіресе ДЦП, аутизм және Даун синдромы сияқты диагноздар жиі кездеседі. Ерекше қажеттіліктері бар жандардың жағдайын тұрақты негізде жақсартып отыру маңызды. Олар қала ішінде қауіпсіз және жайлы қозғалулары үшін барлық жағдайды жасау шарт. Мысалы, инватакси саны екі есе өсті. Кәсіпкерлердің көмегімен жақын арада тағы 10 инватакси көлігін аламыз. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары болады. Балалардың ата-аналарына қосымша білім алуға, жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Бұдан басқа, қалада тағы екі оңалту орталығын салудамыз, жұмыс істеп тұрған ипподром базасында иппотерапия сабақтары үшін жабық манеж ашамыз. Бұл жұмыстардың барлығын жалғастырамыз», — деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Бұған дейін елорда әкімі «Байқоңыр», «Алматы», «Сарыарқа»аудандары әкімдерінің есеп беру кездесуіне қатысты. Тұрғындардың сұрақтары жұмысқа алынды.