Жылқының еті 17 ауруға ем
Қазақ халқы төрт түліктің төресі деп төбесіне көтеретін жылқының қасиетін тауысып айту мүмкін емес. Ата-бабамыз еті мен сүті шипа жануарды бағалай білген.
Қазірде қазақ қана емес, көп ауруға ем саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері де мойындап отыр. Шетелдік зерттеуші-дәрігерлер еттің ішіндегі ең пайдалысы – жылқының еті екендігін, жылқы майының адам организмінде ешқашан тұнбаға түспейтіндігін зерттеп білді. Олар жылқы етінің 17 түрлі ауруға ем болатындығын мойындады, деп жазады Facebook желісінің “Денсаулық, жансаулық- зор байлық” тобында.
Жылқы етінің ең басты қасиеті- жүрек, қан тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауына, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері мол. Ағза жасушаларын жаңартып отыратын қасиеті де дәлелденген. Ал бұл дегеніңіз қартаймаудың басты қағидасы.
Сонымен қатар, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады. Мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді. Мамандардың айтуынша жылқы етін тұрақты жеу мидың ұзақ уақыт «мүлтіксіз» қызмет көрсетуіне септігін тигізеді. Ол үшін жылқы жүрегін пісіріп не қуырып жеу керек. Ал қақталған сүр ет бүйрек жұмысына пайдалы. Сүрленген етті әбден пісіріп, сүтпен бірге қабылдау бүйрек пен несеп жолдарына оң әсерін тигізеді.
Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, жылқы бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Мамандар жылқы етін мұздатқышта сақтағаннан гөрі оны сүрлеп сақтаған әлдеқайда пайдалы екендігін айтады.