ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫСЫНА ОҢ БАҒА БЕРДІ

Түркістан облысы әкімдігінде Қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық-саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жылға даму жоспары мен міндеттерін баян етті.

Түркістан облысын дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері 2019 жылдың қорытындысымен оң сипатқа ие болып отыр. Экономиканың басты көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн.272,3 млрд. теңгені құрап, көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда +5,1% өсімді құрады.

Маңызды жобаларды іске асыру бойынша облысқа 441,2 млрд.теңге инвестиция тартылған. Соның арқасында халық тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып келеді. Мәселен, мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде жыл басынан 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

Ал, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында, Түркістан қаласында 11 жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асыру көзделген. Аталған жобалардың ішінде, ең ірілері: Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежай, 630 орындық облыстық көпбейінді медициналық орталығының құрылысы.

Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, су құбыры мүлдем жоқ 43 елді мекенге су жүйесі жүргізіліп, 12 елді мекеннің тозығы жеткен ауызсу жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде былтыр қырық мыңға жуық халық сапалы сумен қамтылған. Сондай-ақ өңірдегі 412 елді мекенге табиғи газ жетті.

«Алдағы қазан айында Түркістан қаласында Түркі елдері жетекшілерінің жиынын өткізу үшін дайындық жұмыстары басталды. Аталған шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру басты міндетіміз. Өңірде әлеуметтік-экономикалық дамуды және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар өз жалғасын тауып, Түркістан қаласының көркейуі мен жандануына бар ынтамыз бен күш-жігерімізді саламыз»-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Кеңес отырысында облыс әкімі өзіне қойылған бірнеше сауалдарға тұшымды жауап берді. Қоғамдық кеңес мүшелері Өмірзақ Естайұлының облыс көлемінде атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, жүргізілген жұмыстар – бірліктің, тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін ерекше атап өтіп, алдағы уақытта әлі талай ізгі істер жалғасын табатынына сенімді екендерін жеткізді. Кеңес отырысының соңында тиісті қарар қабылданды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі