Додаға дайындық
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте «2016 жыл — Олимпиада жылы. Облыс спортшыларының төртжылдықтың негізгі додасы — ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы» туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев кеңінен әңгімелеп берді.
— Елбасы халықтың 30 пайызын спортпен және тұрақты дене шынықтырумен айналысуын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттауды жүктеген болатын, — деп бастады сөзін Тұратбек Шарапиев.
— Осы аталған тапсырмаларды орындау үшін және дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында облыста біршама жұмыстар атқарылуда. Жалпы, облыста 3294 спорттық құрылым, соның ішінде 2 спорт сарайы, 1 теннис орталығы, 22 стадион, 33 спорт кешені, 255 тир, 779 спорт зал, 46 бассейн (29 жабық, 17 ашық), 1949 жазықтық құрылым (Талдықорған қаласында 5 спорт алаңы «кросс-фит») және т.б. нысандар тұрақты жұмыс істейді. Облыстағы спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 506500 адамды құрайтынын ескерсек, бұл — облыс тұрғындарының 26 пайызы. Бүгінгі күні Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында және Панфилов ауданының Жаркент қаласында дене шынықтырусауықтыру кешендерінің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Кербұлақ ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне стадионы бар спорттық кешеннің, Талдықорған қаласындағы «Жетісу» стадионының қосалқы алаңын қайта құру, жасанды төсеніші бар футбол алаңына әкімшілік тұрмыстық ғимаратының құрылысы жұмыстары жүргізілді. Райымбек ауданының спорт мектебі күрделі жөндеуден өтіп, Талғар қаласындағы Андрей Кивилев атындағы велоспорт бойынша олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің велобазасына және мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы дене шынықтыру және спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 4 691 674 мың теңге бөлінді (2015 жылы 18 аудандық, спорт мектептер аудан теңгеріміне берілді: 918 млн. 251 мың теңге).
Сондай-ақ, 2016 жылы бірқатар, атап айтсам, Ақсу, Талғар, Қарасай, Райымбек аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Жамбыл ауданының Қазыбек би ауылындағы, Қарасай ауданының Жалпақсай ауылындағы футбол алаңдарының, Райымбек ауданының Нарынқол ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жасанды төсенішпен футбол алаңының, сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы жабық жүзу бассейнінің құрылысы мен Қаратал ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорттық базасына және Көксу ауданының стадионына қайта құру жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалаусметалық құжаттамасын дайындауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сарқан ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорттық базасын күрделі жөндеу жұмыстарына да қаржы қарастырылып отыр.
27 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде спорттың 47 түрімен 27689 жасөспірім шұғылданса, облыстық спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында 12 спорт түрімен 537 оқушы, олимпиадалық резерв дайындау орталығында 8 спорт түрімен 93 спортшы, жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 19 спорт түрімен 301 спортшы шұғылданады. Спорт мектептерінің желісін кеңейту мақсатында Талдықорған қаласында және Панфилов ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, Алакөл ауданының Лепсі ауылында облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектепинтернатының филиалы ашылды. Облыста көгалдағы хоккейден «Бесарыс», регбиден «Олимп», қол добынан «Іле», волейбол мен футболдан «Жетісу», баскетболдан «Қапшағай», ұлттық спорт түрлерінен кәсіпқой клубтар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы жұмыс жасайды. Аталған клубтар халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге жетуде. «Жетісу» кәсіпқой волейбол командасы — Қазақстан Республикасы Чемпионатының жеті мәрте чемпиондары, Қазақстан Республикасы Кубогының иегері, 2015 жылы алғаш рет өткізілген Қазақстан Республикасы Супер Кубогының иегері, клубтық командалар арасында Азия Чемпионатының жүлдегерлері.
Гандболдан «Іле» кәсіпқой командасы 2015 жылғы Қазақстан Республикасының Чемпионы, Азия Ойындарының қола жүлдегері, үш мәрте Қазақстан Республикасының Президенті Кубогының иегері, екі мәрте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі Кубогының иегері болып, Жоғары лигадағы командалар арасында екі мәрте чемпионы атанды. Ал «Бесарыс» кәсіпқой көгалдағы хоккей клубының әйелдер командасы үш мәрте Азия чемпиондары, индоор-хоккей мен көгалдағы хоккейден бес мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы атағына ие болды. 2016 жылдың басынан үш халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 спорт шебері, 227 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 644 медальды жеңіп алды, оның ішінде 224 алтын, 167 күміс, 253 қола. Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының сапына Алматы облысының 780 спортшысы кірді, олардың 611-і олимпиадалық спорт түрлерінен, 169-сы олимпиадалық емес спорт түрлерінен. Мемлекет басшысының бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың санын 30 пайызға дейін жеткізу туралы міндетін орындау мақсатында облыстың барлық аудандары мен қалаларында дербес дене тәрбиесі мен спорт бөлімдері қызмет атқаруда, ауылдық округ әкімдіктерінің аппараттарында 253 спорт бойынша әдіскерлер-нұсқаушы беріліп, қазіргі уақытта олар барлық ауылдық округтерде волейбол, футбол, баскетбол және т.б. спорт түрлері бойынша секциялар жүргізуде.
Алматы облысы әкімінің өкімімен республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге жеткен облыстың 60 үздік спортшысына және 21 мүгедек-спортшысына 30 мыңнан 300 мыңға дейін облыс әкімінің ай сайынғы сыйақысы төленуде, олардың тұрмыстық жағдайлары шешілуде. 2016 жылғы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Паралимпиада Ойындарына пауэрлифтингтен облыс спортшылары Раушан Қойшыбаева мен Гүлбану Әбдіхалықова жолдама ұтып алды. Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында да спортты дамыту бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Облыстық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубында спорттың 16 түрімен 500-ден астам спортшы шұғылдануда. Алматы облысы бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын жалпы мүгедек-спортшылар саны — 1290 адам.
Ұлттық спортқа келсек, облыста 1384 дене шынықтыру ұжымында 46556 адам шұғылданады. Олармен 557 жаттықтырушылар жұмыс істейді. 2011 жылдан бастап Алматы облыстық ұлттық спорт түрлері командасы республикалық жарыстардың жүлдегерлері атанып келеді. Айта кетейік, 2016 жылғы 21-22 сәуір күндері аралығында Талдықорған қаласы «Жастар» спорт сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне спортшыларды іріктеп алу мақсатында Алматы облысы әкімінің жүлделеріне арналған қазақ күресінен «Жетісу Бөрісі» облыстық турнирі өтті. Аталған жарысқа облысымыздың қалалары мен аудандарынан 38 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Ұлан Рысқұл (Балқаш ауданы), 2 орынды Александр Косачев (Қарасай ауданы) иеленді. Брифингтің соңында баяндамашы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА