Дүңгендер тек Құранды емес, елді де сыйлай білуі шарт
Депутат халық сайлаған өкіл. Ол қай жерде жүрсін, мейлі әділеттіліктің жағында болуы тиіс. Біздің депутаттар шиеленісті оқиғалар ортасында болғанның өзінде үндемей кетеді, ойын ортаға салмайды, халқын қорғамайды. Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлға ел риза. Қордайдағы оқиғаның шындығын, себеп-салдарын атойлатып, шыжғырып, ашынып жеткізген. Ешкімге, ештеңеге жалтақтамаған. Бәрекелді! Өзге депутаттар үлгі алсын. Біз оның сөзін шып-шырғасын шығармай түгел жариялап отырмыз.
Есебім болсын, айта отырайын. Үкіметтік комиссия құрамында жүріп, жете зерттеп, жұртшылықпен әңгімелесе келе, бір жарым ғасырдан артық қордаланған біраз мәселе қатпары ашылды. Жеке-жеке тоқтала кетейін.
1. Екі жақтан ақсақалдарды шақырып, кеңес құрдық. Бес ауылдың бәрінен өкілдерін жинадық. Дүңген жағынан қариялар басын иіп тұрып, жастардың бұзақылығы, үлкендердің тәрбиеде жіберген олқылығы үшін қазақтардан кешірім сұрады. Тараптар қол алысып, мәмілеге келді. Дүңген қариялары қазақтарды мешіт жанында мұсылман болып бас қосып, мал сойып сыйлап, татуласуға шақырды. Татулық керек. Демек, жергілікті жұртшылық өзара бітіспей, келісімде өмір сүрмей болмайды.
2. Жолдардың жағдайы нашар. Басты жол Масаншы ауылының орталық көшесі арқылы өтеді. Жергілікті тұрғындар оған жақын үй салып тастаған, аула көріп, жолға кесе-көлденең машиналарын қойып қояды да, қазақтардың өтуіне кедергі келтіреді. Кикілжіңнің тууының бір себебі де жолға қатысты қақтығыстар.
Дүңген көлігімен келе жатса, қазақтың көлігіне жол беруін талап ететін көрінеді.
Жергілікті қазақтар жағы: «Басқа жол салып беріңіздерші, бұл жолды дүңгендер алып қойды, өткізбейді» деген шағым айтты. Оған ашына айқай салуға тура келді: «Қай жерде отырсың? Сен қазақ, өз жеріңдесің! Күре жолды басқаға беріп, қымсына айналып жүретін құл ма едің?» Қосымша жол ашылмайды. Дүңгендерге көлігін жолға қоюға тыйым салынады. Қара жол қалпына келтіріліп, баршаның ортақ игілігіне айналуға тиіс.
3. Дүңген балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді. Наным-сенімі солай. Осыған орай құқық қорғау органдарына нақты талап қойдық: егер сол жігіттері ерігіп, есіріп, өзгеге қол көтерсе, басынса, құқық пен тәртіпке қарсы әрекет қылса, қатаң жазалау керек. Қолдарын артына қайырып, кісен салып, түрмеге тоғытылсын. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын.
4. Біз жиын өткізгенде қазақ жастары жасы үлкендерді үнсіз тыңдады. Сөзді арсыздықпен бөлмеді. Дүңген жастары арасында қазақша сөйлейтін белсенділері болды. Бірақ оларға инабаттылықты үйренген жөн секілді. Дүңген ауылдарына да шектен шыққанды қалыпқа қайтаратын, тентекті тойтаратын ақсақалдар кеңесі секілді. Беделді, құрметті адамдар алқасы керек екенін айттық. Ол кеңес құрылатын болды. Қазақстан халқының бір бөлігі болғысы келсе, тәртіпке көнуі міндет!
5. Дүңгендерде тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды. Дүңген тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?! Дүңгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Сондықтан мен еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен сөйлестім. Ол облыстық имамды Қордай ауданына жіберді. «Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Жұмыс жасаймыз. Әр шараны қадағалап отырмын», – деді маған жаңа бас мүфтиіміз.
6. Әділін айтайық, дүңгендер жер емген, өте шаруақор, еңбексүйгіш халық. Ауылдарын өздері абаттандырып, көгалдандырып қояды. Арақ сатылмайды, оны ішпейді. Ал жиынға сылқия тойып келген бір-екі қазағымыз болды. Оларды: «Ұлтымызды масқараламай, үйіңде отыр!» деп үйіне жібердім. Бірақ дүңгендердің жаман жері – Нью-Йорктегі және басқа елдер қалаларындағы «Чайна-таун» сияқты жинақы әрі жеке тұрады, араларына өзге этностарды көп жібере қоймайды. Бірақ біз қазақ елінде біреудің отау ішінен отау тігуіне жол бере алмаймыз. Олар мемлекеттік тілді білуі, қазақтың салтын сыйлауы шарт. Салтымызды сыйламаса, халқымызды балағаттаса, қартымызды тепкілеп жатса, оған қалай бей-жай қарап отырамыз? Осыған байланысты қойылуға және орындалуға тиісті талаптардың барлығын айттық. Бұл бағытта да үлкен жұмыс істелуі қажет.
7. Көрші Қытайда әртүрлі ұлыстарды қоғамға кіріктірудің түрлі тәжірибесі мен тәсілі бар. Мысалы, егер сен қазақ болсаң, қалайсың ба, қаламайсың ба, ешкім сұрамайды, міндетті түрде қытайдан досың, жолдасың болуға тиіс. Дүркін-дүркін, жетісіне бір рет қонаққа шақырып, үйіңде қондырасың және оған қонаққа барасың. Осыған мәжбүрлейтін бұйрық бар. Халықтарды араластыру осылай жүзеге асырылады. Біз олай мәжбүрлеп отырған жоқпыз. Екі ортада көпір тұр, сонымен араласып, оны «достық көпіріне» айналдыруға болады. Қазақ қариялары да бұл жағы кемшін болғанын мойындап, қарым-қатынасты жолға қоюға келісті. Дүңгендердің қазақ еліне үдере көшіп келгеніне бір жарым ғасырдай уақыт өтіпті. Алайда іргедегі қазақтармен аралас-құраластығы үзілген. Екі ортада көпір тұр. Пайдаланбайды. Бұл мәселелердің барлығы өткен ғасырдан бері қордаланған. Енді оны тәуелсіздік аясында толық шешу аса маңызды. Жалғыз дүңген ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай ету қаупі бар.
8. Дүңгендер әз-Наурыз секілді ұлттық мерекелерімізді тойламайды. Олар үшін бұл жат. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімі «ұрпағы көз үйретсін» деп Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді талап етеді, мәжбүрлейді. Бірақ бұлар ондай мерекеге, шақырғанға келмейді. Тек Ораза мен Құрбан айтты ғана мейрам санайды.
9. Мектеп директорымен тілдестім. «Ауқатты» ауылдық округінің білім ордасында 1,5 мың оқушы оқиды. Соның 1300-і – дүңген, ал 200-і – қазақ балалары. Көпшілік азшылыққа әлімжеттік жасайды дейді. Мұғалімнің тілін алмайды екен. Дүңгендер ертелі-кеш үлкенінен кішісіне дейін жермен жұмыс жасайды, егін салады. Мұғалім балаларын мектепке келтірмек болса, «Сабақ бергің келсе, егіндікке кел!» деп айтады екен. Тіпті науқан кезінде егістікке барып сабақ беріп жүргендері де бар көрінеді. Бұл әрине, өрескел дүние. Мұның дұрыс емес екені жөнінде ескерту жасадық. Мектеп ауласындағы әжетханада жас қыздың зорлануына қатысты сорақы оқиғадан кейін бар жердегі білім ордалары ауласына бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынды. Бірде осы мектеп ауласында кезекшілік етіп жүрген мұғалімдер бөтен жігіттердің жүргенін байқап, сыртқа шығып кетуін сұрайды. Олар екі ұстазды ауладан аулақ шақырып алып, тепкілеп ұрып кеткен. Артынан араға ақсақалдар түсіп, екі жақты бітістірген.
10. Сортөбе ауылдық округіндегі 24 мың халықтың басым көпшілігі, яғни 23 мыңы – дүңген. Біразының үйінде қару-жарақ бар деген мәлімет айтылды. Неге қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Олар қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленген бе? Міне, осы салада да жұмыстар қолға алынуы керек.
Жамбыл облысының Қордай ауданына Парламенттен, Үкіметтен, Бас прокуратурадан, Ұлттық қауіпсіздік қызметінен және басқасынан өкілдер келді. Жергілікті халықты мазалаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді анықтап, жазып алды. Мектеп, аурухана, жол мәселелерін шешіп беруді сұрайды. Алдағы уақытта ол бойынша үлкен жұмыс жасалуға тиіс. Жұртшылық төбелестің қайталануын емес, жылдар бойы қордаланған түйткілдердің нақты шешілгенін қалайды. Бізді қазақ жағы жақсы қабылдады, келгенімізге шын жүректен қуанды. Қазақтың қанымен келген жер заңымен қорғалады. Қазақ бағынған заң дүңген де, басқасына да ортақ. Мемлекет ішінен мемлекет құру деген қарау пиғылдың тамырына балта шабылуға тиіс!
Бақытбек СМАҒҰЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
(фейсбук парақшасынан алынды)