Облыс әкімдігінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына деген дайындық барысы және ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асу жайы қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің айтуынша, көктемгі егістікке қажетті дәнді масақ тұқымдарының тиісті көлемі әзірленіп үлгерілген. Сондай-ақ, картоп 90 пайыз, майлы дақылдар 88,7 пайыз, қолданыстағы 8,4 мың бірлік ауыл шаруашылық техникасы 98 пайызға дайындалған. Сонымен қатар, 18,3 мың тонна дизель отынын арзандатылған бағамен жеткізу наурыз айында басталады деп күтілуде. Ол ғана емес, өнімділікті арттыру мақсатында 25,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылмақ.
Бердібек Сапарбаев жақсы өнім алу үшін сапалы тұқым дайындау мен егудін маңыздылығын атап өтті.
— Тұқым сапасы – мол өнім алудын басты өлшемі. Сондай-ақ тиісті техниканы, қажетті отын мен тыңайтқыштарды дайындауға аса назар аудару қажет. Біз егіс алқаптарын рентабельді дақылдардың пайдасына әртараптандыруға тиіспіз. Әсіресе, қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөністер мен бақша дақылдарын көбірек өсіруге ден қойған абзал, — деді облыс әкімі.
Шекара маңындағы аудандардың қажеттіліктеріне көңіл бөліп, маусымдық кезеңде су тапшылығы туындамас үшін қырғыз көршілерімен алдын-ала келіссөздер жүргізу қажет.
— Аудандардағы жұмыс сапарымда тұрғындардың дені бос жерлердің жоқтығын айтып шағымдануда. Сондықтан да, ең алдымен талдау, түгендеу жұмыстарын жүргізіп, пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл шаруашылық мақсатында айналымға енгізу негізгі міндет болып отыр, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Басқосу барысында келесі мәселе – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасы болды. Бүгінде жоба аясында 5,4 миллиард теңгеге 1,7 мыңнан астам өтінім қаржыландырылды. Одан бөлек тағы 664 өтінім «Тараз» ӘКК-мен қаралуда десек, олардың қорытындысы 10 наурызға дейін белгілі болады. Мұратхан Шүкеев жобаның барлық бес бағыты аясында облыс бойынша таңдалып алынған пилоттық 11 ауылдық округтегі аулалардың 88 пайызы қатысып жатқанын жеткізді.
Бұл қанатқақты жобаның тек облыс ғана емес, сондай-ақ барша еліміздің тұрғындарының тұрмысын арттыру жолындағы маңыздылығын тілге тиек еткен Б.Сапарбаев жергілікті жерлердегі әкімдер ұтымды ұйымдастыру жұмыстарын күшейту керектігін жеткізді. Осы орайда аймақ басшысы кепіл құжаттарының қаралуына көп уақыт кетіп отырғанын, мал сатып алуға бөлінген 5,3 миллиард теңгенің бүгінге дейін тек 2,2 миллиард теңгесі ғана игерілгенін айтты.
Облыс әкімі әрбір елді мекенде жобаны іске асыруға арнайы жауапты адамды бекіту керектігін тапсырды. Облыс әкімінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Қалендеровке көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін, яғни 10 наурызға дейін өтініш берушілердің құжаттарынтолық рәсімдеп, несиелендіру, жер телімдерін беру, мал мен техниканы сатып алу бойынша іс-шараларды аяқтау тапсырды.
– Пилоттық жобаның басты мақсаты – халықтың табысын арттыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады. Жалпы алғанда, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өткен жылдың есепті кезеңіндегі деңгейден төмен болмауы тиіс, — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Тараз » химия паркі» АЭА-ның дамуына, шағын несиелер мен гранттар көлемін арттыруға, АӘК алушылар санын нақтылауға, МӘМС жүйесін сапалы енгізуге, спорт нысандарының толық жүктемесінде жұмыс жасауына, шекарадағы бақылау шараларын күшейтуге және тұрақты түрде облыс аудандарының күндерін өткізіп отыруға назар аудартты.
Кеңесті қорытындылай келе, аймақ басшысы атқарушы органдардың негізі қызметі Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға, азаматтардың өтініштеріне жедел және мұқият ден қоюға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.