ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАСТАУ АЛҒАН «ҚАМҚОРЛЫҚ» ЖОБАСЫ БАСҚА ӨҢІРЛЕРДЕН ҚОЛДАУ ТАПТЫ
«Қамқорлық» жобасы елімізде етек жая бастады. Үлгі аларлық шараға өзіндік үлесін қосқан Ақтөбе облысының тұрғыны Гүлбарам Қабыланқызы Жетісай ауданына арнайы келіп қайырымдылық жасады.
«Ұлтымыздың жақсы қасиеттерінің асылы-жомарттық, кең пейілділік. Түркістан облысында «Қамқорлық» бағдарламасының барын естіп, аз да болса мұқтаж жандарға көмегім болсын, деп шештім. Бүгін бар дүние ертең жоқ. Балаларымның бәрі қолдады», – дейді ақ жаулықты ана.
Үлкен шаңырақтың отанасы ауылдағы мұқтаж жандарға екі бас ірі қара сойып 30-ға жуық отбасына таратты. Одан бөлек Жетісай қаласы мен Асық-ата кентінде орналасқан балаларға арналған екі оңалту орталығының төсек-орнын түгелдей жаңартып, қажетті тұрмыс жиһаздарын сыйға тартты.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында тағы бір шаңырақ шаттыққа бөленді. Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округіне қарасты Қызылкөл елді мекенінің тұрғыны Шегебай Сарыбаевқа ауылдасы, жеке кәсіпкер Сәкен Әшірметов көлемі 120 шаршы метр болатын 6 бөлмелі үй алып беріп, мұқтаж жанды қуантты. Жақында зейнетке шыққан ақсақалдың отбасындағы алты жан жылдар бойы дым тартқан аядай ғана бөлмені паналап келген. Осыны ескерген аудан әкімдігі «Қамқорлық» жобасы аясында демеуші тауып, жанұяның баспаналы болуына қолғабыс етті.
Өзгелерге үлгі етерлік ерекше бағдарлама Nur Otan партиясының бастамасымен жүзеге асып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейінен шығуға ұмтылдырады. Тұрмыстық жағдайы тым төмен деңгейде өмір сүріп жатқан 7 мыңға жуық адам, яғни, 1643 отбасы жан-жақты көмекпен қамтылуда. Бағдарлама билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға сеп болғаны анық.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі