Облыс әкімі Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барды
Сарысу ауданындағы екі күндік жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәдени-әлеуметтік нысандардың, өнеркәсіп және коммуналдық кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың өтініштер мен ұсыныстарына құлақ түріп, өзекті мәселелердің шешу жолдарын сарапқа салды.
1997 жылға дейін ауданның әкімшілік орталығы болған Саудакент ауылы аталған мәртебесінен айрылғаннан кейін онда бос қалған нысандар қатары көбейе бастады.
Салдарынан ауылдық емхана мен аурухана біріктіріліп, бұрынғы орталық аурухана корпустарының бірі әлі күнге дейін пайдаланусыз тұр. Жергілікті билік оны аудан әкімдігінің қарамағына беру арқылы онда әлеуметтік мекемелердің бірін орналастыруды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі аталған емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесіне назар аударып, ондағы емделушілердің жай-күйінен хабардар болды.