Елордада теннистен «Nur-Sultan Spring Open 2020» турнирі өтеді
Халықаралық әйелдер күніне орай 7, 8 наурызда әуесқойлар арасында теннистен «Nur-Sultan Spring open 2020» дәстүрлі әйелдер және аралас жұптық турнир өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Турнирді Қазақстан теннис Федерациясы мен Нұр-сұлтан әкімдігінің қолдауымен «BATYL» коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады. Шараның ашылу салтанаты жаңа Теннис орталығында өтеді. Дәстүрлі түрде турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан 100-ге жуық әуесқой теннисші, сондай-ақ Қазақстанның әуесқой теннисшілер рейтингісінің ондығына кіретін жақын және алыс шетелден келген спортшылар қатысады. Жарысқа қатысуға W20+ категориясында 20 жасқа толмаған ойыншылар, 35 жасқа дейін W35+ категориясына, 40 жасқа дейін MD40+ категориясына жіберіледі. Кәсіби ойыншы мәртебесі бар, ITF, ATP, WTA турнирлеріне қатысқан, теннистен спорттық дәрежесі бар қатысушылар жарысқа жіберілмейтіндігін айта кеткен жөн. Еске салсақ, былтыр 24 қазанда Нұр-сұлтан қаласында Теннис орталығының салтанатты ашылуы өтті. Қызыл лентаны кесу құрметі Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичке, сондай – ақ теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа берілді.