Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері
Биыл – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл. ЮНЕСКО-ның Парижде өткен Бас конференциясының 38-сессиясында Әлиханның 150 жылдық мерейтойын 2016 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлау жөнінде шешім қабылданды. «Алаш» көсемінің ел игілігіне айналған нақыл сөздерін оқырман назарына ұсынамыз.
*** Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.
*** Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.
*** Адам баласы бір-біріне өкімші де, құл да болған.
*** Байлық түбі — ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.
*** Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса — башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.
*** Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.
*** Қазақ сайлауы — жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады.
*** Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса — үкімет ісін бөліп қойған оң болады.
*** Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.
*** Байлық басы көпке байлаулы емес — базарда ақша болатынға байлаулы.
*** Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтей ақша алса — сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді.
*** Дүниеде не болса да бірте-бірте аздап ілгері басып болады.
*** Талас-тартыс жоқ болса — өмір абақтыға айналар еді.
*** Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса — қазақ халқы соңынан ерер еді.
*** Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.
*** Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.
*** Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.
*** Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.