АЛЛАДАН КЕЛГЕН СЫЙ
Жүніс жаңа телефон сатып алу үшін оқу жылында ақша жинады. Ата-анасы күнделікті тамағына деп берген ақшадан жұмсамай, үйге қайтып әкеліп, жинай берді.
Ақшасы әжептәуір жиналғанда телефон алуға бірге бару үшін досымен алдын ала келісіп алған ол, сабақтан келгеннен кейін киімін ауыстырып, сыртқа шықты. Ал досы Саят көрші тұратын. Сыртқа шыққанда Саят досын көрген ол оның әлденеге жабырқаулы екенін байқады. Жүніс не болғанын сұрады. Саят:
— Кенже қарындасым ауырып жатыр. Анам мені дәріханаға дәрі-дәрмек алып келу үшін жұмсады. Бірақ ақша тек бір дәріге ғана жетті. Үйге қалай барарымды білмеймін. Анам ақша жетпегенін естіп, жабырқайтын болды. Себебі үйде басқа қаражат жоқ. Жүр, аздап ойнайықшы, үйге кейінірек барамын – деді.
Екеуі ойын алаңына бет алғанымен, Жүністің көңілі орнына түспей қойды. Саяттың сөздері есінен кетпей, көз алдына ауырып жатқан кішкентай Мәриям елестей берді. Сол мезет ойына өзінің телефон сатып алу үшін алып шыққан ақшасы есіне түсіп кетті.
— Дәрілер жазылған қағазды берші – деді бірден Саятқа.
Ұнжырғасы түсіп отырған Саят оның қағазды не үшін сұрағанын сұрамай-ақ қолына ұстата салды. Жүніс қағазды ала салып, дәріханаға жүгірді. Дәріханадан дәрі-дәрмекті алып, одан шыққан соң дүкеннен жемістер алып Саятқа келді де:
— Кеттік сенің үйіңе. Мен Мәриямның дәрілерін сатып алдым – деді күлімсірей.
— Сен телефон алу үшін жинаған ақшаңды жұмсап жібердің бе? Сен сол телефонды қатты армандап жүр едің ғой – деп Саят таңқалды.
— Телефонды кейін де сатып алуға болады. Ал Мәриямның денсаулығы одан маңыздырақ – деді Жүніс. Екеуі Саяттікіне қарай бет алды.
Жүніс содан өз үйіне кешкісін бірақ оралды. Бірақ өзін тосын сый күтіп тұрғанын сезбеген де еді. Әкесі мен анасы оған мектепте жақсы оқығаны үшін жаңа телефон сатып алып қойыпты. Қатты таңырқаған баланың көзінен жас ыршып түсті.
— Аллаға шүкір! Бұл Алладан келген сый ғой — деп, күндіз болған жайды ата-анасына айтып берді.
Мүфтият.кз сайтынан