Ерлан Қарин: Басты басымдық азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігіне беріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Басты басымдық — бұл азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі төтенше жағдайдың алғашқы аптасы өтті. Төтенше жағдайдың ең бірінші күнінен бастап билік жедел әрі жағдайдың алдын орап әрекет етті. Төтенше жағдай енгізу шаралары мен екі ірі қала — Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин бойынша айрықша режим енгізу дұрыс болды. Бұл ауру жұқтыру жағдайлары байқалған негізгі қалаларды оқшаулауға және вирустың өзге қалаларға ауқымды таралуына жол бермеуге мүмкіндік жасады. Жаңа вирус жұқтырған адамдардың Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тіркелу фактісі шетелден келген азаматтармен байланысты болды. Жұқтырғандар саны өсіп келе жатқанымен кейбір өзге елдердегідей ауқымда өте қарқынды емес. Мұның барлығы да қатаң, батыл әрі жедел шаралардың арқасында орын алды» — деді ҚР Президентінің кеңесшісі. Оның атап өтуінше, орталық және өңірлік билік қысқа ғана уақыттың ішінде қажетті ресурстарды жұмылдырып, барлық қызметтердің жұмысын жолға қоя алды. Бұл мемлекеттің мұндай ауқымдағы дағдарысты жағдайда әрекет етуге қабілетті екендігін көрсетеді. «Төтенше жағдай режимінің алғашқы күндері қоғамның да дағдарыс жағдайында жұдырықтай жұмылуға қабілетті екендігін көрсетіп берді. Төтенше жағдай режимі аясында енгізілген бірқатар шектеу шаларына, карантиннен туындаған қолайсыздықтар мен қиындықтарға қарамастан көптеген қазақстандықтар қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап қоймай, өзара көмек көрсетіп, түрлі волентерлік, қайырымдылық шараларына бастамашылық жасап, қатысуда. Дегенмен, жағдайдың күрделілігін толық бағаламау әлі де бар, барлығы бірдей карантин мен төтенше жағдай талаптарын түсінбейді әрі сақтамайды. Өз кезегінде мемлекет азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету бойынша байыпты шаралар көрсетіп жатыр. Жергілікті жерлерде көрсетіліп жатқан салықтық жеңілдіктер мен өзге қолдау шараларынан бөлек мемлекет төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға ай сайын төлем жасауға ниетті», — деді Ерлан Карин. Оның айтуынша, жағдай күрделі болғанымен бақылауда тұр. Дегенмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жайбарақат жүруге болмайды. Кез келген қолайсыздықтарға жағдайдың өрбуіне қатысты ең нашар нұсқаның өзіне де дайын болуымыз қажет. «Қазір әлемдегі жалпы ахуалдың қалай дамитындығына көп жайт тәуелді болып тұр. Өкінішке қарай, кейбір елдер шараларды кешігіп қабылдады. Сондықтан дағдарыс созылуы мүмін. Қазір мемлекеттік аппарат жаңа тактикалық жоспармен және мұнан арғы жалпы стратегиямен жұмыс істеп жатыр. Бұл жайында Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында бүгін Президент айтты. Қазіргі сәттегі басты басымдық — бұл азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Барлық мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен осыған бағытталады», — деді ол.