ЕЛБАСЫ ҚҰРҒАН ҚОРҒА 100 МИЛЛИОН АУДАРЫЛДЫ!

Бұл қаржыны аударған YDD Corporation» Қарағанды ферроқорытпа зауыты Кәсіпорын акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз.
“Ел басына күн туcа, ер етігімен су кешер” демекші, ғасыр тажалы атанып отырған коронавируста осал жау болмайын деп тұр.

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселеге кеңінен тоқталды.
Қазіргі қиын жағдайда әр азамат қолынан келген үлесін қосуға тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған үндеуінде осылай деді.
«Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер. Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс. Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады. Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін», – дейді Тұңғыш Президент.
Оның айтуынша, ондай қорды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет. Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс.
«Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік. Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының үндеуіне қолдау білдіріп жатқан байлар да жетерлік.
Алайда біз, осы орайда жедел шешім қабылдап, халықпен бірге екенін алғашқылардың бірі болып көрсеткен YDD Corporation» Қарағанды ферроқорытпа зауытына ерекше тоқталмақпыз.
Олар төтенше жағдай барысында мемлекет қабылдаған іс-шараларды қолдау үшін Қарағанды облысында құрылған қорға 100 миллион теңге бөліпті.
Кәсіпорын акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің игілігі үшін ортақ іске ат салысып, COVID-19 таралуына қарсы әрекет ету туралы үндеуін қолдап, өз үлестерін қосуға шешім қабылдады.
— Қазір біз барлығымыз бірігетін уақыт. Біздің кәсіпорын да шетте қалып қоя алмады. Біз қазақстандықтар мен еліміздің экономикасын қолдау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз, — деді YDD Corporation акционері Ерлан Нығматулин.
Игі іске ат салысу ел азаматтарына сын! Осындай сын сағатта сүрінбеген азаматтарға халықтың да сенім келешекте зор болмақ!

Elana.kz