ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС АЛДЫНДА ТҰР

2019 ЖЫЛЫ ҚЫТАЙДА БАСТАЛЫП, 3 АЙДЫҢ ІШІНДЕ БҮКІЛ ДҮНИЕНІ ДҮРЛІКТІРГЕН COVID-19 КОРОНАВИРУСЫ 2008 ЖЫЛҒЫ ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫНАН КЕЙІН ҚАЙТА ТҰРАҚТАЛА БАСТАҒАН ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫН ТАҒЫ ДА ТЕЖЕЙ БАСТАДЫ. БҰЛ ӨНДІРІСІ ШИКІЗАТ БАҒАСЫНА ТӘУЕЛДІ ЖӘНЕ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ХАЛЫҚТЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТҰТЫНАТЫН НЕГІЗГІ ТАУАРЛАРЫН ӨНДІРУДЕ АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАРЛЫҚТАЙ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕН ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ДЕ ҮЛКЕН СЫНАҚ БОЛҒАЛЫ ТҰР.

Үкімет әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне байланысты мемлекет қазынасы тек алғашқы тоқсанның өзінде 350 млрд теңгеден қағылуы мүмкін екенін жариялады. Сондай-ақ, экономиканың басты қозғаушысы болып келген Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына карантин режимі енгізілгеннен кейін бюджетке түсетін салықтық түсім де күрт төмендейтіні қазір баршаға белгілі нәрсе. Бұл, әсіресе, қос қаланың еңбек нарығындағы ахуалды да шиеленістіруде. Мәселен, тек республикада қаржылық, банктік және өзге де қызмет көрсету салаларының негізгі орталығы ғана емес, шағын және орта бизнестің көшбасшысы болып отырған Алматыда және оған іргелес жатқан аудандардан күнделікті қатынап жұмыс жасайтын 2 млн-ға жуық азаматтың жартысынан көбі бүгінде уақытша еңбек демалысында жүр. Қалғанының жұмыс режимі өзгерді немесе жарымжартылай жұмыс жасауда. Үкімет жұмыс берушілерге демалыс кезінде қызметкерлердің еңбекақысы сақталсын деп ұсыныс жасағанымен, оның қалай орындалатыны әзірге белгісіз.
Қолданыстағы еңбек заңнамасының бірқатар шарттары бойынша олардың кейбірі қазірдің өзінде табыс көзінен айырылуда. Егер карантин режимі ұзартылатын болса, бұл жағдай ары қарай да жалғаса беретіні күмәнсіз. Сондықтан да, ҚР Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев 23 наурыздағы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінде түйткілді мәселелер бойынша өз шешімін жариялады. Атап айтқанда, төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) төлем төлеуді үкіметке тапсырды. Бұл көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілікпек.
Мемлекет басшысы бұдан бөлек жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тартуға шақырды. Дағдарыс жағдайында жұмыс істеп тұрған әрбір кәсіпорын, әрбір жұмыс орны аса маңызды екенін де назардан тыс қалдырған жоқ. Қысқа мерзім ішінде отандық тауар өндірушілердің реестрі жасалып, мемлекеттік сатып алулардың арнайы режимі де енгізілмек. Әрине, бұл шаралар шаруасы шатқаяқтаған әлеумет үшін көңілге медеу боларлық жаңалық. Дегенмен, карантин режимі аяқталған күннің өзінде нарықтағы ахуал бірден түзеліп кете қоюы екіталай. Біріншіден, табысы азайған халықтың тұтынушылық сұранысы төмендейді. Екінші, шағын және орта бизнеске арқа сүйеп отырған Алматыдағы сауда мен қызмет көрсету салалары дағдарысқа дейінгі деңгейге көтерілуі үшін біршама уақыт
қажет. Үшіншіден, Халықаралық еңбек ұйымының еңбек кірісінің бөлінуіне қатысты ғаламдық бағалауы бойынша, дүние жүзіндегі бүкіл жалақының 48,9 пайызы қызметкерлердің тек 10 пайызының ғана үлесіне тиеді екен. Ал, 50 пайызы ең аз жалақыны қанағат тұтуда және олардың әлемдік жалақыдағы үлесі небәрі 6,4 пайызды ғана құрауда.
Ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің ең жоғары жалақы алатын 10 пайыздық топты қуып жетуі үшін қазіргі жағдайда 300 жылдан астам уақыт қажет. Яғни, еңбекақы бөлісіне қандай да бір өзгеріс енгізу үшін әрбір ел азаматтары ұлттық табыстың көлемін өсіруге осы бастан қам жасамаса, қоғамдағы орта таптың үлесін арттыру Қазақстан сияқты дамушы елдер үшін алдағы онжылдықта да арман болып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, Қазақстандағы орташа жалақының көлемі 2019 жылдың IV тоқсанында 203,9 мың теңгені құрағанмен, оған екінің бірінің қолы жетіп отырған жоқ. Атап айтқанда, статистика бойынша, ең жоғары айлық тау-кен өнеркәсібі (428,3 мың теңге), қаржы және сақтандыру саласы (402,5 мың теңге), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (373,4 мың теңге) пен өнеркәсіп (280,4 мың теңге) саласына тиесілі. Ал, ең төменгі орташа айлық жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы (127,3 мың теңге), білім (140,2 мың теңге), денсаулық және әлеуметтік қызмет (149,4 мың теңге), өнер, көңіл көтеру және демалыс (163,1 мың теңге) салаларында болып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзіне қарағанда, Қазақстанда жалпы ішкі өнімде еңбекақы төлеу 30,5 пайызды құрайды, ал, бұл көрсеткіш Ресейде 46,4%, Норвегияда 48,7%, Канадада 50,1% екен. Сондықтан, экономика және еңбек министрліктері деңгейінде ең төменгі жалақы деңгейін кезең-кезеңмен арттыруды есептеуге кіріскен еді. Теңге бағамының өзгерісінен кейін бұл шараға деген сенім аса жоғары емес. Өйткені, айлық орташа жалақының АҚШ долларына шаққандағы көлемі әлі күнге дейін 2013 жылғы (717$) деңгейге жете алмауда. Мысалы, ол 2018 жылы 472 долларды, 2019 жылы 488 долларды құраса, биыл бұл одан ары төмендемесе өсетін түрі байқалмайды. Сондықтан, 2020 жылы Қазақстан Үкіметінің алдына үлкен міндет жүктеледі. Оны мемлекет басшысы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінде тағы еске салып: «Əрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аманесен шығып, одан да мықты болу. Біз әрқайсысымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін, – дегенді айтты. Сондай-ақ, барлық қазақстандықты осы күрделі жағдайдан сабақ алуға және ахуал тұрақталғаннан кейінгі жағдайда қажет болатын жаңа жүйелі әдістерді іздеуге шақырды.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»