Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төлемді 3 айға шегеруге мүмкіндік берді
ТҚЖБ растаушы құжаттарсыз автоматты түрде ипотекалық несие бойынша төлемдерді шегеруге мүмкіндік берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Уақытша қаржылық қиындыққа ұшырасаңыз, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сізге 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік береді. Ол үшін азаматтарға өтініш жолдау керек. Төлемді шегеру туралы өтініш 2020 жылғы 15 сәуірінен бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Алайда өтінішті дәл осы сәтте берудің қажеті жоқ, оны кейінірек жасайсыз. Қазір үйде отырғаныңыз жөн», — деп хабарлайды қаржы ұйымының баспасөз-қызметі. ТҚЖБ ипотекалық несие бойынша төлемдерді шегеру туралы өтінімдерді төтенше жағдай аяқталғаннан кейін 2020 жылдың 15 сәуірінен бастап интернет-банкинг арқылы қабылдайды. «Барлық өтініш мақұлданады. Шегеруді 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемдерге қатысты қолдануға болады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақтылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек екенін ескеріңіз. Үйден шықпауды және уайымдамауды өтінеміз, себебі төлемді кейінге шегеру несие мерзімін 3 айға ұзарту арқылы жүреді. Бұл сізге ай сайынғы төлем көлемін қалыпты деңгейде ұстап қалуға көмектеседі», — делінген банк мәліметінде. Банк баспасөз-қызметінің хабарлауынша, «алдын-ала және аралық заем алушылар тұрғын үй заемына өту мерзімі шегеру уақытына ұзартылатынын ескеруі тиіс». «Банк 2020 жылғы 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл қоспаймыз. Осы үш ай ішінде негізгі қарыз бен сыйақыны өзіңізге ыңғайлы уақытта ыңғайлы күні толық өтесеңіз, төлемдерді кейінге шегеру туралы өтініш бермей-ақ, қолайлы несие өтеу кестесін таңдап, айдың кез келген күнінде қарызды өтей аласыз. Мұны үйден шықпай-ақ онлайн жасауға болады»,- делінген хабарламада. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2020 жылғы 30 наурыздан бастап карантин аяқталғанша Қазақстан аумағындағы барлық филиалда клиенттерге қызмет көрсетудің жаңа нұсқасына өтеді. «Біз бөлімшелерде несие өтініштерін қабылдауды, посткредит және постдепозит операцияларды уақытша тоқтатамыз. Бұл кезде сіз Банкке келіп, тек екі операцияны қолдана аласыз: депозитті бөлу/тоқтату арқылы ақшаңызды алу, сондай-ақ заемның бір бөлігін жабу немесе оны толықтай өтеу. Бұл операцияларды пайдалану үшін сізге банк сайтындағы онлайн-брондау арқылы алдын-ала жазылу керек. Басқа жағдайларда коронавирусты таратпау мақсатында сізге қызмет көрсетуден бас тартуға мәжбүр боламыз», — деп хабарлайды банктің баспасөз-қызметі. Бұдан бөлек, егер нотариустардың жұмысына тыйым салынбаса, 27 наурыз 18.00-ге дейін берілген және мақұлданған барлық несие өтініші клиентті телефонмен жеке хабарласып шақыру арқылы берілетін болады. «Қазір біз 1000 шамасындағы несие өтінішін қарастырып жатырмыз, 200 өтініш берілу кезеңінде. Карантин аяқталғанша сатып алу-сату мәмілесін жасаспауға шақырамыз, алайда ауырып қалу қатерінен де жоғары тұрған дүниелер болса, несие өтінішіңізді қарастырып, соңына дейін жүргізіп береміз», — деп хабарлайды ТҚЖБ. Клиенттерге несие өтеу және депозит толықтыру ыңғайлы болуы үшін қаладағы карантин режимінде ашық тұрған орындарда орналасқан төлем терминалдары істейді. «Алайда сауда-ойын орталығы мен базар іздеп қалада жүрмей, төлемді ЖССБ 24 интернет-банкингі арқылы жүргізуге шақырамыз. Мұнда сіз кез келген банктің төлем картасын қолдана аласыз», — деп мәлімдейді банктің баспасаөз-қызметі.