Елордада адамдар көп шоғырланатын орындарда рейд жүргізу жалғасуда
Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы мен полициясы волонтерлермен бірге төтенше жағдай талаптарын бұзушыларды анықтауда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шара кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тәртіп бұзылған жерлерді анықтаса, волонтерлер ұйымдардың қызметшілеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Бұл шаралар қалада коронавирус таралуын алдын алу үшін және азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалуда. Аталмыш тәртіпті бұзғандарға алдымен ескерту жасалады, сондай-ақ 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Оған бағынбаса ТЖ енгізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтамағаны үшін әкімшілік қамауға алынады», — деп ескертті учаскелік полиция инспекторы Әли Әбитаев.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында адамдар көп шоғырланатын нысандардың бірқатарының жұмысы тоқтатылды: кинотеатрлар, театрлар, көрме мен ойын-сауық орындары, сондай-ақ түнгі клубтар, караоке, барлар, компьютерлік клубтар, фитнес-орталықтары, жаттығу залдары, бассейндер және т.б.