Дін және зайырлылық

Сұрақ: Демократиялық, зайырлы қоғам құру жолына түскен тәуелсіз елміз, алайда осы зайырлылығымыз атеизмге алып бара жатқан жоқ па, бұлай дейтінім — осы мәселеге екінші жақтан ой жүгіртіп көретін болсақ, зайырлылық пен атеизм дегеніміз егіз ұғымдар сияқты болып көрініп кетеді кей-кейде?

Жауап: Бұл түсінік ислам дінінің мәні мен мәтінінде де бар. Ислам философиясы тарихында дана бабамыз Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисалаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше — адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды. Негізінен, бүгінгі қазақ тіліндегі «зайырлы», «зайырлылық» сөзі – «заһир», яғни «анық», «ашық» деген мағыналарды білдіретін араб тілінен енген сөз. Бұл сөзді алғаш рет өткен ғасырда Алаш қайраткерлері «Алаш мемлекетін» құруда өз заңнамаларында қолданды. Олар бұл сөзді:

1. Ашық, нақтылық;

2. Адами, адамдық, өркениеттік;

3. Азаматтық деген мағыналарда қабылдады. Бүгінгі Егемен еліміз Қазақстан да өз тәуелсіздігін жариялай сала, кешегі Алаш мемлекеті заңнамасы қолданысындағы «зайырлылық» терминін алып, демократиялық, құқықтық, зайырлы ел сипаты ретінде халқына Ата заңмен бекітіп берді. Яғни, зайырлылық ұғымы «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады.

Енді зайырлылықтың қандай ұстаным екендігіне тоқталайық. «Зайырлылық» ұстанымы – қоғамның кез-келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін республикалық басқару жүйесінің ең басты тетігі. Жалпы, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың ішінде түсінуге жеңіл кейбір сөздіктердегі «зайырлылық» ұстанымына назар аударайық: бұған «барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез-келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама берілген. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың Құдай туралы танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады.

Екіншіден — мемлекет діни басшылықтан, яғни діни биліктен тәуелсіз. Оның себебі — саясатта діни басшылыққа тәуелді болу мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды. Дін көп, діни басшылар да көбейеді, сондай-ақ бір діннің ішінде де көптеген ағымдар мен топтар бар. Олардың әрқайсысының басшылық туралы діни тұжырымдары бар. Ал саясатта басшылық, оған бағынатын халық және осы қатынасты реттейтін құқық бар. Егер мемлекет діни басшылықты қабылдаса, онда халықты біртұтастандыру, бір құқықты ортақ тұғыр қылу, басқаруды да бірізділікке түсіру қиынға соғар еді.

Үшіншіден — мемлекет кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болады. Себебі — теологиялық діни нормалар қанша көп болса, сонша құқықтық ұстанымдар мен оның қызметтік нормалары да қайшылыққа түскен болар еді. Сондықтан демократиялық, құқықтық мемлекет зайырлылықты ұстаным ретінде таниды. Негізі, философиялық тұрғыдан алғанда, «ұстаным мен мұрат» немесе «принцип пен идея» бірін-бірі толықтырып тұруы шарт. Мұны қалай түсінеміз? Мемлекет азаматтарының бақытты болуына қызмет етеді. Мұраты — азаматтарының ары, намысы, жаны және мүлкінің қауіпсіздігіне, амандығына т.б. құқықтарына кепілдік беру. Мемлекет осы мақсаттың орындалуына да зайырлылық ұстанымын шарт деп біледі. Шарт дегеніміз — белгілі бір құбылыстың бар болуы мен баяндылығының уақыт пен кеңістіктегі қажеттіліқ жағдайы. Сонда зайырлылық ұстанымы мемлекетті мақсатына жеткізетін құрал болып отыр. Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі халыққа Жолдауында зайырлылық ұстанымын біздің елдің ең басты құндылығы ретінде бағалайды. Сондықтан зайырлылық ұстанымы мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік, қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық. Зайырлылық ұстанымы мемлекеттің баяндылығына қызмет ететін, мемлекет құрушыларының құқықтарының қорғалуы мен сақталуына, бақытты болуына жеткізетін ең басты шарт болғандықтан саяси және құқықтық тұрғыдан діннен осы салада бөлінеді.

 

Досай Кенжетай