Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі полиция қызметкерлері тексерістерінің маңыздылығын түсіндірді
Екі күн ішінде қаладағы полиция бөлімдеріне карантин режимін бұзған 198 азамат жеткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева хабарлағандай, құқыққорғау органдары шаһардағы карантин режимінің сақталуын қадағалау шараларын күшейткен. «Олар көшелердегі әр көлікті, әр адамды тексеруде. Тәртіп сақшылары азаматтардың құжаттарын тексеріп, олардың үйден шығу себептерін сұрайды. Тұрғындар еш себепсіз үйінен шыққан жағдайда немесе жұмыс орнынан анықтамасы болмаған жағдайда, полиция қызметкерлері оларды үйлеріне кері қайтарады. Карантин режимін қайта бұзса айыппұл салынады. Полиция қызметкерлері мені де көшеде тоқтатты. Қайда бара жатқанымды сұрады, аса қажет болмаса үйден шықпау керектігін түсіндірді. Бұл шаралардың барлығы вирустың таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынған. Карантин ережелерін сақтаған жөн. Тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылатын болады», – деп мәлімдеді А.Олжабаева. 28-29 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы полициясына 198 адам жеткізілді. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 77 айыппұл салынып, 2 мыңға тарта профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Карантин режимі жарияланғаннан бері (22-29 наурыз аралығында) төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 336 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 75-і қамауға алынса, 191-іне айыппұл салынды, 44-іне ескерту жасалып, 26 іс соттың қарауына жіберілді. Сонымен қатар, қатаң бақылау жүргізіліп жатқан блок-бекеттерге кіру және шығу тәртібін бұзғаны үшін 94 адам жазаға тартылды. Оның 69-ы қамауға алынса, 12 азаматқа айыппұл салынды. 13 іс соттың қарауында.