Қарағанды облысында 2 сәуірден бастап карантин аймағына кіру және шығу шектеледі

Карантинге байланысты шектеулер туралы. Коменданттық сағат енгізілуі мүмкін бе? Коронавирус Қарағанды облысының аумағына қайдан кірді. Осы және басқа да сұрақтарға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасының студиясында жауап берді.

Облыста коронавирустық инфекциямен ауырғандар саны 13 адамға жетті. 30 наурызда зертханалық тәсілмен тағы да 6 оқиға расталды. Олардың барлығы 18 наурызда Минск – Нұр-Сұлтан рейсімен Қарағандыға ұшып келген студенттер. Арнайы рейстің барлық жолаушылары дереу карантинге орналастырылды. Пациенттердің жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалайды.

Облыста барлығы 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында, тағы 514 адам үйлерінде оқшауланған.

— Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің өкімі бойынша бүгінгі күннен бастап коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында 30 наурыздан бастап бес қалада — Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында жекелеген шектеу шаралары бар карантин режимі енгізілді.

Ал 2 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап адамдардың жоғарыда атап кеткен қалалардың карантиндік аймағына кіріп-шығуына тыйым салынады. Сондай-ақ, 2 сәуір күні сағат 00:00-ден бастап теміржол және автовокзалдардың, әуежайдың (арнайы рейстерді, жүк, пошта тасымалдарын және экипажы ауысатын техникалық тоқтауларды қоспағанда) қызметі уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қозғалысы да шектетіледі, — деп хабарлады облыс әкімі.

— Карантин нәтижесінде коменданттық сағат енгізілуі мүмкін бе?
— Мұндай мәселе қарастырылмауда. Ешкім коменданттық сағат енгізуді болжап отырған жоқ.
— Адамдар несие мерзімін кейінге қалдыру және карантин кезінде банкоматтарды толтыру жөнінде көптеген сұрақтар қояды.
— Дұрыс сұрақ. Облыста жұмыс істейтін екінші деңгейдегі банктердің барлық филиалдары осы мәселемен айналысуда. Бұл жұмыстарды Ұлттық банк бақылауда. Біз, жергілікті билік те өз тарапымыздан оны қадағалаймыз. Карантин кезеңінде өсімақы, айыппұл және бұрын берілген несиелер бойынша негізгі қарыз бойынша барлық төлемдерді кейінге қалдыру жоспарлануда. Банкоматтардың толықтырылуына қатысты Ұлттық банк қолма-қол ақшаның тапшылығы болмайтынына кепілдік береді.
— Қарағанды серіктес қалалармен тығыз байланыста. Мүмкін, бір үлкен карантиндік аймақ құру керек пе?
— Біз де дәл осыны айтып отырмыз. Неліктен бес қаланы карантин аймағына кіргіздік. Тағы да қайталаймын. 2 сәуірден бастап бес қала — Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай шаһарлары кіру және шығу периметрі бойынша жабылады. Осы қалалардың арасында, үлкен еңбек көші-қонын ескере отырып, жол жүруге рұқсат етіледі.
— Коронавирус қайдан келді?
– 10 жұқтырғандар – бұл Минск-Нұр-Сұлтан авиарейсімен келген. Үш адам – жергілікті тұрғын.
Басқа арнайы рейстерді Қарағандыға қабылдау жоспарланып отырған жоқ.
— Карантин кезінде қанша кәсіпорын жұмыс істемейді?
— Біздің облыста 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар. Әрине, олардың көпшілігі шектеу шараларын қабылдайды.
— Билік «АрселорМиттал Теміртау» және басқа да өндірістік кәсіпорындардың қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібермеуге кепілдік бере ала ма?
— Бұл мәселе бойынша бүгін біз ірі кәсіпорындардың басшыларымен кездестік. Карантин кезеңінде жұмыс орындары мен жалақы сақталады деп келісті. «АрселорМиттал Теміртаумен» меморандумға әзірше қол қойылған жоқ. Келісім талқылану барысында. Дегенмен компания Үкіметке бұл туралы растама жіберген.
— «АрселорМиттал Теміртаудың» мердігерлік ұйымдары бойынша айтып берсеңіз.
— Жалпы әлемдік экономикалық жағдай. Біздің негізгі экспорттық өнімдерімізге, оның ішінде АМТ өндіретін металдарға баға төмендеді. Сұраныс пен құнның төмендеуі өндіріс көлеміне әсер етеді. Қазір компания өндірісті қолдауға, жалақыға және басқа да төлемдерді өтеу үшін негізгі капиталға салуды жоспарлаған ақшаны бағыттайтын болады.
— Тұрақтандыру қоры мен баға бойынша жағдайды түсіндірсеңіз.
— Кейбір шағын сату нүктелері бағаны негізсіз көтере бастады. Мұны қатаң қадағалаймыз. Қант пен қарақұмықтың бағасы өндірушілер тарапынан өсірілді. Бағаны ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорынан интервенциялар жүргіземіз. Мұндай жұмысты барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша жүргізетін боламыз. Ондай тауарлардын саны – 19.
— Карантинге алынған көпқабатты үйдің кіреберісін құлыпқа алу қаншалықты заңға сай?
— Сол кезде бірнеше тұрғын үйден шығып, карантин режимін бұзғысы келген. Аудан әкімдігі мен ПИК басшылығы олай істемеуі керек еді. Оларға құлыпты алып тастауға тиісті тапсырма берілді. Болашақта бұл қайталанбайды.
Онда полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Тұрғындар тәулігіне екі рет медициналық бақылаудан өтеді. Барлық талаптар мен ережелер орындалады.

Соңында әкім халыққа үндеу тастады:
— Тыныштықты сақтауды және белгіленген карантин режимін сақтауды сұраймын. Бұл ережелерді қаншалықты қатаң ұстансақ, үйреншікті және қалыпты өмірімізге қайта оралуымыз соған байланысты. Жауапты мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстайды, қажетті шаралар жедел түрде қабылдануда.

ҚАРАҒАНДЫ
ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ