«ҚҰДІРЕТТІ ҚАРУ» – ҒАЛЫМДАР ҚОЛЫНДА
Бұл ұлы майданның алдыңғы шебі дәрігерлерге тиді. Көзсіз соғыста ерлік көрсетіп жатқан да осылар. Басқамыздың бәріміз тек бақылаушымыз. Бүкіл әлемдегі жағдайға анализ жасағыш та, бір бірімізді үрейлендіргіш те, үрейдегілерді тыныштандырғыш та өзіміз. Қалай десек те, бұл жердегі жалғыз ақиқат сағат сайын өзгеріп жатқан статистика ғана.
«Ботан» ғалымдарға әлемнің күні түсті
Әлеуметтік желілер мен интернетті кезіп жүрген дәрігерге қатысты суреттің бәрі бүгін біздің әділқазылық көзқарасымызда – «Пулицер» иегері. Өйткені бұл суреттің ешқайсысы анықтамаға зәру емес. Олардың барлығынан әлемдік ахуалды «ә» дегеннен-ақ аңғарасыз. Ендеше, бізге фейсбук арқылы бір бірімізге «психоз» немесе «ақылгөй» диагнозын қоюдың керегі жоқ.
Бір күнде 1000-ға жуық адамынан айрылып жатқан Италия, олардың көшін ұзатпай 24 сағатта 823 адамын аттандырған Испания, бір тәулікте 3000 адамынан ауру тапқан Иран, бір аптада 6000дай адамы қауіпті дерт жұқтырған Түркия, одан басқа да әлемнің екі жүзге жуық елі пандемияның салмағын сезінді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың «пик» мерзімі алда екенін айтады. Бұл мәселеде бүкіл әлемнің күні бүгін ғылым мен білімге өмірін арнаған «ботан» ғалымдарға түсті. Қазір әлемді құтқаратын «терминаторлар да» осылар. Қауіпті вирустың бетін қайтаратын «құдіретті қару» да осы зерттеуші ғалымдардың миында, қабілетінде. Ғалам біздің тілмен айтқанда өзіміз табынып, балаларымыздың аузына түкіртетін эстрада әншілерінің немесе «үрлеп ішіп, шайқап төгетін» шенеуніктердің емес, адал айлығымен күнелтіп жүрген медицина қызметкерлерінің қолында. Ендеше бүгін олар жайлы қандай мадақ, мақтау айтсақ та артық емес. #stayhome #үйдеотыр #оставайтесьдома #менсенүшінжұмыстақалдым #сенменүшінүйдеотыр хэштектері де осындай қауіпсіздік қарекеттерінен туды. “Больница как врата в загробный мир”дейді шарасыз ирандық дәрігерлер. Мохаммад та солардың бірі. Ол BBCге берген сұхбатында Иранда коронавирустан жүздеген адамның көз жұмып жатқанын, оның ішінде медицина қызметкерлері, өзінің әріптестері де бар екенін айтады. «Бұл тек біздің аурухана мен біздің елдегі ғана жағдай емес. Коронавирус соққысы бүкіл медицина жүйесін есеңгіретіп жатыр. Қызметкерлер моральдық тұрғыдан шаршады. Бізге жан жақтан көрсетіліп жатқан қысым да аз емес, отбасымызды айлап көрмедік. Медициналық маскалар, құрал жабдықтар, киім кешектер жетіспейді. Бұндай жағдаймен біздің де жұқпалы індетке қаншалықты төтеп бере алатынымыз белгісіз. Талай әріптес, талай ұстаздан айырылдық»-дейді. Бүкіл әлемдегі ахуал осыған ұқсас. «Еуропаның жүрегі» саналатын салтанатты Италия күн сайын бәленбай адамымен қоштасуда. Италяндық дәрігерлерде күн сайын ажал ошағында алысып жүрген талай әріптестерін аттандырып жатыр. «Ауруханада ИВЛ аппараттары жетіспейді. Бір сағатта он адам түссе оның төртеуі ғана аппартқа қосылады, қалғандары өкпе қабуынан, тыныс жетпеуінен көз жұмады. Өкінішке қарай балалардан айырылып жатырмыз» дейді дәрігерлер. Осындай күн сайын емес, сағат сайын, минут сайын жаңарып жатқан статистиканы көре отырып, «Итальяндықтардың өлім көрсеткіші осылай болуы заңдылық, себебі олардың жергілікті тұрғындарының бәрі қарттар» деу де әркімнің өз өресіндегі өлшем шығар. Бұл жердегі бір анық төтеннен келген ажалдың адам таңдамайтыны.
Журналистік зерттеулер бар ма?
Би-би-си секілді көптеген БАҚ карантин кезінде қарапайым көрермен назарына танымдық, ағартушылық, ақпараттық көптеген фильмдер мен бағдарламалар ұсынып жүр. Ізденем, көңіл көкжиегімді кеңейтем деген адамға жақсы мүмкіндік. Бұдан өзге БАҚ та халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр. Халықаралық болсын, отандық БАҚ болсын, әлемдегі ахуалды, қауіпсіздік шаралары мен індеттің жайылу сипатын, онымен күресті, нәтиже мен статистиканы сағат сайын ұсынуда. Бірақ мұндай ақпараттық формалар жалпы журналистиканың жүгін көтере ала ма? Карантиндік жағдайдағы өзгеретін ахуалдар мен күтілетін нәтижелер журналистік зерттеулерге өзек болуы тиіс пе? Кеше фейсбук бетінде әріптесіміз Мұхтар Сеңгірбай «Қазақстанда тәуелсіз журналистика “қайтыс болды” деп жазды. Онда «коронавирус індетінің таралуына байланысты соңғы он күн ішінде елдің сасяи, экономикалық, әлеуметтік өмірінде қаншама оқиға болып жатыр. Жұрттың көкейінде сансыз сауал, ол сауалға мемлекет те, баспасөз де жауап беріп жатқан жоқ. Бәрі бір жаңалықты айналдырып қайталай береді. Кабинетте отырып жаза салған жұтаң ақпарат. “Сараптамасы” соның асықпай айтылған түрі. Журналистік зерттеуі де. “Үйде отыр”, “Қолды жу”, “Олай таралады”, “мұнша адам жұқтырды”, -деді. Бұдан бөлек, автор: «Қазақстанның ауруханалары қанша ауруды қабылдай алады? Халі аса ауыр жағдайдағы қанша адамға бір мезетте ем жасай алады? Денсаулық сақтау министрлігінің, ғалымдардың сценарийлері қандай? Ең нашар сценарий болған жағдайда ауруларды қайда жатқызады? Мәйіттерді қайда сақтайды? Дәрігерлерді қайдан алады? Өкпе желдеткіштері қаншау? Жетпесе қайдан алады?»-деген сауалдарға жауап алғысы келеді. Тоқыраған бизнестер, жұмыссыз қалған адамдар, алдағы әрекеттер, кредит қысқан тағдырлар, қоғамдағы құқықтық, саяси сауат, ауылдардағы студенттер ахуалы, ондайн режимдегі білім сапасы, қашықтан оқыту, балабақшалар жайы, интернет мүмкіндіктері, полиция, дәрігер, әскерилер мен мұғалімдер ахуалы журналистік зерттеулерге негіз болса дейді.
«Дезинфекция жасап жүрген азаматтар. Олар қандай да бір тренингтен өтті ме? Қалай таңдалды? Өздерін қалай сақтайды? Бұл жұмыстың маңызды екенін қаншалық түсінеді? Тұрмысы қандай? Ой-сезімі қандай? Қандай сұйықтық шашып жүр? Оны шашудың шекті мөлшері қандай? Олардың жұмысын кім, қалай қадағалайды?
Тізе берсең кете береді. Қазіргі медиадан осы сұрақтарға жауап тапқым келеді» – дейді журналист. Шындығында, осындай мәселелерді көтерудегі қазақстандық БАҚтың қауқары қандай? Медиа басшыларының кризистік жағдайлардағы журналистерге берер бағыты мен жай кезде жанкештілікке балайтын қызметтері алдындағы жауапкершілігі қаншалықты?
Кәсіби көзқарас маңызды
Бәріміз айналамыздан батыр іздейміз, біздің басты кейіпкеріміз өзіміз армандайтын істерді жасауы керек. Бірақ бір қызығы, ешқайсысымыз оның орнында болғымыз келмейді. Болу міндет те емес қой, бірақ біреудің қайғысын сезіну деген бар. Кеше біразымыз «елді дүрліктіргенше жазылып шыққандардан сұхбат алу керек, сақтанудың жолдарын солар айтсын» дедік. Ал, сондай сұхбат берушінің біреуі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сұхбаттан соң елдің қарғысы мен ашу наласынан қалғанын жазды. Тіпті кейбір «батырлар» оны өртеп жібергісі келетінін айтыпты. Жазылып шыққан науқас негатив сөздердің жанына қатты батып, қайтадан ауырып қалғанын жазады. Кейіпкер дедік, кейіпкер таптық… Сонда бізге шындығында бұл жерден қандай эксклюзив керек еді?! Дәрігерлердің қазіргі өмірі, бүгінгі тыныс тіршілігі де осы кейіпкер сияқты. Олар үйде отырған бізден әлдеқайда жақын жүр ажал ошағына. Ендеше, өзіміздің кәсіби қызметімізді атқарарда қызметтің жауапкершілігі мен адамның жеке моральдық жауапкершілігін қатар таразылаған дұрыс шығар. Журналистік зерттеу кейіпкерсіз болмайтыны анық. Бірақ барлық мәселеге кәсіби көзқарас керек. «Ауырғандардың аты жөні айтылуы керек» дейтін көп көрерменнің ол науқастардың да туған туыс, бала шағасы бар екенін ұмытпаса екен дейсің. Әрі дәрігерлік құпия да ондай жариялылықты құп көрмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көпшілікке қазір өзін өзі дамытып, денсаулығын жақсартуға, еңсені езетін ауыр видеоларды көре бермеуге кеңес берді. Ендеше, бізге қалатыны сол көрерменге, өзіміздің аудиториямызға сапалы, сауатты, кәсіби дүние ұсыну.
«Аритмия» фильмі хақында бірер сөз
Сын сағаттарда жауапкершілік арқалау – ауыр. Дәрігерлер туралы біраз фильмдер көрдім. Бірақ біздің бүгінгі шынайы өмірге жақыны осы «Аритмия» фильмі секілді көрінді маған. Бір қарағанда, алкоголизмнің насихатшысындай көрінетін көркем фильмнің көрермені көп екен. Шындығында, біздің қоғам да осындай орыс қоғамынан алшақ емес. Әлеуметтік жағдайлар мен тобырлық наным сеніміміз ұқсас. Маған кинодағы «happy end» фиништерден гөрі ақиқатты айтуға тырысатын арт кинолар қызық. «Аритмия» жас дәрігерлер отбасының өмірін көрсетеді. Бәріміздің бойымыздан табылатын ізгілік, қатыгездік, батырлық пен қорқақтық, кейде жасыра алмай қалатын жасандылық, кейде шешім қабылдай алмай қалатын дәрменсіздік, қызметтегі бюрократия, шенқұмарлық кейіпкерлердің мінездері арқылы шынайы беріледі. Мұнда көркем сөз жоқ. Есесіне шындық бар. «Біздің күнделікті тұрмыс тіршілігімізді киноға айналдырып не керек? Мұны кино деуге бола ма?!» деп күйінеді бір көрермен. Жедел жәрдем дәрігерінің электр тогына түсіп, ажал аузында жатқан кішкене қызды аман алып қалған сәтін нағыз кино дер едім. Кәсіпке адалдықтың, адам өміріне деген жауаптылықтың, жалпы дәрігер қызметінің азабы мен ғажабының түйіні осыбір кадр арқылы шебер беріле салған. Осындай шешуші сәт қана ішкіш дәрігер өмірінің бұған дейінгі көрерменді жалықтыратын сәттерінің бәрін жуа салады. Жедел жәрдем көлігіне жол бермеу, олардың артынан қосыла шабу біздің де менталитетке тән. Өзіміз күнделікті куә болатын безілдеп бара жатқан жедел жәрдем көлігінің ішінде бір адамның өмірі де бебеулеп бара жататыны анық. Бірақ біреудің қайғысына алыстап қарап үйренген бізге жедел жәрдем көлігіне жол бергізу үшін де арнайы заң қабылдау қажет болды… Режиссер Борис Хлебниковтың «Аритмия» фильміндегі дәрігер Олег секілді (Александр Яценконың) «врач от бога» теңеуіне лайық «құдайға қараған» дәрігерлер бізде де бар. Бірақ олар қаншалықты қадірлі?! «Аритмия» жас дәрігерлер отбасындағы кәсібі мен жеке өмірінің қиындығын, баспана тауқыметі мен ерлі- зайыптылар арасындағы адами қарым қатынастарды дәл беруімен өтімді. Бүгінгі көркем фильмдер деректі фильмдер жүгін қоса атқарып жүргендей көрінеді. Бұндай тәсілдермен кино мамандардың қаншалықты келісіп, қаншалықты келіспейтінін білмеймін. Бірақ, адамның жанды жарасын тырнайтын ақиқаттың кино тілімен болса да айтылуы тиіс деп ойлаймын. Және бұл тақырыптар әлемдік кино өлшемінде дұрыс бағаланатын да сияқты. Оған Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі дәлел. Самал Еслямованың жұлдызын жарқыратқан да осындай әлеуметтік тақырыптағы кинолар. Бүкіл гастребайтерлар трагедиясы әлемді «Айка» болып таң қалдырды. Сол секілді «Аритмияда» дәрігер қызметінің қиындығын алақанға салғандай қылып алдына әкеледі.
Бүгінгі жағдай осындай қажет мамандыққа қамқорлық көрсету керек екенін дәлелдеді. Бүгін де мемлекет үшін әрбір медицина маманының қызметі қадірлі, басы аяулы. Адамды бетпен бет келген ажалдан арашалап қалу оңай емес екендігін дәрігерлердің ерен еңбегі арқылы көпшілік көріп отыр.
Реанимацияда істейтін бір құрбым жұмысы қанша ауыр болса да мамандығына қатысты ешқашан жаман айтқан емес. “Біз өкіметтің жұмысындағы адамдармыз”дегенді еш қалжыңсыз жиі айтатын. Олардың «өкіметін» енді түсініп отырмын, қарапайым миллиондардың сауабын алып, кішкентай ғана көмегіне жарағаны үшін өзін өкіметтің адамдарындай сезінеді екен ғой бұлар. Қандай мамандықтың қадірлі екені басымызға түскен қиындық арқылы сезіліп жатқаны өкінішті. Енді тым болмаса бәріміз біз үшін «шайқас даласында» тынымсыз еңбек етіп дәрігерлерден өзге қоғамдық тәртіпті реттеп жүрген сарбаздарды, полиция қызметкерлерін, айналаны жуып-шайып залалсыздандырып жүрген әрбір азаматты, тіпті өзімізді қадірлеп үйренейікші.
Ауру менен алыста демейік
Пандемия. Қорқыныш пен үрей. Жалпы вирус туралы фильмдердегі режиссер шеберлігі тек адамдардың психологиялық ахуалын, мінездер қақтығысын, ғылыми ізденістерін әдемі ұсына алғанымен бағалы, жүректерге қозғау сала алатынымен көрілімді. Бұл фильмдерден біз оқиғаның өзіміз ойлағаннан да салмақты, біздің қабылдай алмай жүргенімізден де күрделі екенін түсінеміз. «Заражение» (реж Стивен Содерберг ) мен «Вирусты» (реж Ким Сон Су) көруге де кеңес берер едім. Әртүрлі мінездер қақтығысы «Вируста» көбірек көрінеді. Терең психологиялық драма болмаса да, режиссер бүгінгі біздің көңіл күйді – жайбарақаттық пен жауапсыздықты жақсы көрсетеді. “Заражениеден” эпидемия асқынған тұстағы адамдар жанталасын, зомбилене бастаған қоғамның қосүрей халін байқайсыз.
Бізге де өзіміз ғашық өмірдің құнын жақындарымыздың (онда да ет жақындарымыздың) басына түскен осындай бақытсыздықтар арқылы ғана сезінудің қажеті жоқ. Бұның бәрі бізге бөтен, бізге жат, бізден алыста демейік. Елдегі соңғы деректер ол індеттің біздің де ортамызда екенін және аурудың адам мен уақытты таңдамайтынын көрсетті.
Шолпан Рақымқызы
zanmedia.kz