Есімнің де естісі бар, есері бар

Жуырда бір досым баспаналы болып, жаңа үйіне қонаққа шақырды. «Шақырған жерден қалма» дейтін қазақпыз ғой, бардым. Қонақтар түгел жиналғанша, келгеніміз өзара әңгіме дүкен құрып, естелік суреттер қарап, енді біріміз теледидарды ермек қылдық. Спорт арналарының бірінен футболдан Аргентина құрамасы, атақты Марадона туралы деректі фильм көрсетіліп жатыр екен. Соны тамашалап отырғанымызда үй иесі үстелге шақырды. Қонақтардың ішінде кейбіріміз бір-бірімізді танымаймыз. Соны себеп қылып, дастархан басында танысып-білісіп отырайық деп, әркім есімін, қай жақтан келгенін айтып, өзіміз туралы қысқаша мәлімет беріп жатырмыз. Кезек маған қарама-қарсы отырған қызға келді. Ол: «Есімім – Аргентина. «Пәленше» жерден келдім», – деп өзін таныстырды. Елең ете қалдым. Өйткені, ұлты қазақ қыздың бізге үш қайнаса сорпасы  қосылмайтын,  мұхиттың ар жағындағы елдің атын иемденіп жүргеніне таң қалдым. Тіпті, «есімім – Аргентина» дегенді естігенде күліп жібере жаздағаным да жасырын емес. Ішімнен «Аргентинасы несі? Әлде әлгі фильмнен кейін мазақ қылып отыр ма?», – деп ойладым. Жоқ, мазақ емес екен. Расымен Аргентина – азан шақырып қойған аты болып шықты. Сөйтіп, қонаққа барып Аргентина туралы фильм көріп, Аргентина деген қызбен танысып қайттым.

 Бұрын адам есімдеріне көп мән бермейтін едім. Осы бір оқиғадан кейін оған деген қызығушылығым оянып, әсіресе, қазақ есімдері туралы деректерді іздеп жүріп, жинайтын болдым. Нәтижесінде көптеген қызықты есімдерді кездестірдім. Мәселен, сізге өтірік, маған шын, қазақтар арасында Лимон дейтін мұғалім, Балтабай дейтін әйел, Сағат, Минут дейтін ағайындылар бар екен. Тіпті Маймылша есімді қазақ бар екенін естігенде: «Ойпырмай, адамның ойына келмейтін нәрсе жоқ екен-ау», – деп әбден күлгенім бар.

Былай қарасаң, таң қаларлық еш нәрсе жоқ. Маймылшаны қоспағанда, аталған өзге есімдердің адам атына лайық болмаса да, өзіндік мағынасы бар. Мәселен, Лимон дегеніміз – кәдімгі жемістің аты. Оның үстіне, қазақта Алма, Анар, Мейіз, Қарақат сынды жеміс-жидектің атын иемденіп жүрген қыздар жетерлік. Бірақ, Лимон десе, еріксіз езуге күлкі келетіні жасырын емес. Өйт-кені, лимон – қазақ топырағына жат тропикалық жеміс. Содан болар, халқымыз оны адамға ат қып қоюды еш ойламаған. Десек те, Лимон мұғалімнің анасы осы бір қышқыл жеміске деген құштарлығынан қызын солай атапты. Әйтсе де, ұнаған нәрсеңнің бәрін адам атына айналдыру ақылға сыймайды. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» демекші, ертең әркім өзіне ұнайтын жемістерді баласына есім қылып, «Апельсин», «Банан», «Мандарин» деген қаракөздеріміз қаптаса не болмақ?

Сол сияқты Балтабай деген есім де әйел адамға мүлдем сай емес. Тіпті, сол атты естігенде көз алдына тау тұлғалы, алып, қаһарлы жуан жұдырықты елестейді. Ал, Минут деген, тіптен, күлкілі. Қанша жерден тоңын теріс айналдырып, адамға қатысты мағына шығарайын десең де илеуге келмейді. Бейне бір, Сағат дейтін ағасының есіміне қарап, соған қатысты болсын деп қоя салғандай. Егер тағы бір баласы болғанда «Секунд» деп қояр ма еді, кім білсін?!

Әрине, қайдан құлақ шығарса да, қазаншының өз еркі. Бірақ, ат қою мәселесінде тым еркінсуге жол жоқ. Өйткені адам есімі мағыналы, салмақты болу керек. Тіпті жақсы, мағыналы ат қою – ата-ананың баласы алдындағы ақысы. Бұл – шариғатта айтылған дүние. Соған қарамастан дін Исламды ұстанатын қазақ арасында еш мағынасыз, күлкілі есімдер көп кездеседі. Мысалы, өзім білетін Минигүл деген қыз бар. Қараңыз, қандай мағына береді? Тіпті, ойлап болмайсың. Сөйтсек, сол қыздың ата-анасы бірдей математик екен. Олардың өз істеріне берілгендігі соншалық, математикадағы «минимум» деген терминнің түбірін алып, қыздарына есім қылыпты. Осы есімді алғаш естіген кезде, «мүмкін Максигүл деген әпкесі бар шығар» деп ойлағам. Алла қолдап, жоқ болып шықты. Сөйтіп, ата-анасының тракторшы немесе құрылысшы болмағанына шүкірлік қылдым. Әйтпесе, кім біледі, қыздары трактор бөлшектерімен немесе құрылыс терминдерімен аталып жүрер ме еді. Осыған ұқсас жағдай АҚШ-тың Чикаго қаласында орын алған. Ол жерде ерлі-зайыпты дәрігерлер бес қызына Менингит, Ларингит, Аппендицит, Перитонит, Тонзилит деп ат қойып, айды аспанға бір-ақ шығарған.

Ал енді мына есімге назар аударыңыз. Бала кезімізде ауылымызда Нақу есімді әжей болатын. Ойын баласы болғандықтан атына мүлдем мән бермейтінбіз. Қайта Нақу әжей деп алдынан шығып, сәлем беріп, батасын алуға тырысатынбыз. Рас, алғаш естігенде құлаққа түрпідей тиетін бұл есімнің Минут пен Минигүлге қарағанда аятарлықтай мағынасы бар болып шықты. Бұл араб сөзі екен. Қазақша мағынасы – араб тілінің морфологиясы деген сөз.

Бұдан бөлек елімізде Партизан, Армия, Патриот сынды езуге күлкі ұялататын есімдер де бар. Сонымен қатар, Жүрегім, Әттаһиат деген құлақ үйренбеген аттар да кездеседі. Ал Совхозбек, Колхозбектер қазақ есімдерінің тізімінен әлдеқашан орын алып қойған. Бұл есімдер келмеске кеткен кеңестің сүйегімізге салған таңбасы іспеттес. Сол кездегі Съезд, Слеттердің ізін қазір Саммитхан, Азиадалар жалғастыруда. Бала дүниеге келген сәттегі ірі оқиғаны ат қылу үрдісінің белең алғаны соншалық, соңғы әлемдік дағдарысқа байланысты елімізде бір отбасы жаңа туған сәбилерін «Дағдарыс» деп атапты. Бір кездері еліміздің оңтүстік өңірінде Бен Ладен есімді бала дүниеге келгенін естіп: «Бұл қалай болғаны?», – деп таң қалған болатынбыз. Ал Дағдарысты естігенде жағамызды ұстадық. Осы ретте пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисін айта кеткен жөн. «Расулулла(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мағынасыз және жағымсыз аттарды жақтырмайтын еді. Бірде Хузн деген сахабадан: «Атың кім?», – деп сұрайды. Ол: «Хузн (яғни «қайғы»)», – дегенде Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сенің атың – Сахл (мағынасы «жеңілдік» болсын)», – дейді. Сол кезде сахаба: «Жоқ, әкем қойған атты өзгертпеймін», – депті. Кейін Хузнның баласы: «Әкем қойған атын өзгертпеді. Біз ешқашан қайғыдан құтылмадық», – деген екен». Яғни ат қою ойнап емес, ойланып істейтін үлкен міндет.

Сонымен қатар, біз еліктегіштігіміз ұстап өз тіліміздегі мағынасына мән бермей, өзге ұлттың есімдерін де қойып жүрміз. Мысалы, Зина деген есім негізінен орыс ұлтына тән болғанымен, өкінішке орай, осы атты иемденіп жүрген қаракөздеріміз де бар. Ал, бұл сөз дініміздегі ауыр күнәлар-дың бірінің атауы екендігі белгілі. Сондай-ақ, құдайсыз идеологияның негізін қалаған адамдардың атымен аталып жүрген Мэлс есімді қазақтардың да бар екені өкінішті. Радамира, Руфинат, Лилида сияқты есімдер де өзгенің жылтырына қызығушылығымыздан туған дүниелер. Оның үстіне, бүгінгі телесериалдар да қазақ есімдерінің бұрмалануына айтарлықтай ықпалын тигізуде.

Жалпы, балаға ат қоюдың маңызы өте жоғары. Бұның ата-ананың бала алдындағы ақысы екендігін жоғарыда айтып өттік. Бұл жөнінде Ибн Аббастан (Оған Алла разы болсын) Имам Байһақи риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру», – деген. Келесі бір хадисте Алла елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қиямет күні өз аттарыңызбен және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар», – деп ат қоюдың қаншалықты маңызды екенін айтқан.

Негізі тек қазақта ғана емес, әлем халықтары арасынан да сан түрлі адам таңғаларлық есімдерді кездестіруге болады. Мәселен, әлемдегі ең ұзын есім Үндістан азаматының еншісінде. Оның аты 1478 әріптен тұрады. Есімін толық айтып шығу үшін 10 минут уақыт керек екен. Ал ең қызық фамилия 19 ғасырда өмір сүрген француз азаматында болған. Қызықтығы сол, оның фамилиясы – 1792, яғни тек сандардан құралған. 1792 текті сол адам өзінің төрт баласына жылдың алғашқы төрт айының атын қойған. Нәтижесінде, балаларының толық аты-жөндері (яғни аты мен фамилиясы) – Қаңтар 1792, Ақпан 1792, Наурыз 1792 және Сәуір 1792 болып тіркелген. Сондай-ақ, Испанияда өтетін қызықты есім иелерінің съездіне қатысушылар арасында «Екі келі күріш», «Мен картопты жақсы көремін» есімді адамдар да кездескен. Олар Үндістанның Кандмахал ауданының тұрғындары екен.

Кейбір дерек көздерінде адамның есімі оның тағдырына әсер ететіндігі айтылған. Бұған жоғарыдағы пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі де дәлел. Психолог мамандардың айтуынша, мағынасыз, күлкілі, жағымсыз есім адам есейген кезінде оған кері әсер ететін көрінеді. Мәселен, жоғарыда айтылған Маймылша есімі сондай аттардың қатарына жататыны еш күмән тудырмайды. Тіпті, бұл есімді қоюдағы мақсат та түсініксіз. Міне, дәл осындай есім иелері бала кезінде мән бермесе де, кейін өз атынан ұялып, соның салдарынан жүйкесіне қысым түсуі әбден мүмкін. Сондықтан, ат қою мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, дін мен ділге қайшы келмейтін, мағыналы есімдерді қойған абзал.

Аллаға шүкір, ұлтымыз мағыналы, салиқалы есімдерге бай. Оның үстіне, дінімізге байланысты әдемі есімдер де жетерлік. Бұрынғы қазақ мұның бәрін өз орнымен, үйлесімді пайдалана білген. Мәселен, Кеңес одағына дейінгі қазақтардың барлығында дерлік мұсылманша есім болғаны белгілі. Өкінішке орай, сол кездегі есімдер бүгінде сирек кездеседі. Тіпті, кейбір жас ата-ана оларды ескі есімдер деп менсінбей, балаларына тіл келмейтін, дін құп көрмейтін аттарды қойғанды жөн көреді. Кім біледі, мүмкін сол кездегі ескі болса да, есті есімдерді қайта жаңғыртсақ, қазір бір-бірімізді Аргентина, Дағдарыс, Маймылша деп шақырып жүрмейтін бе едік?!

 

Еламан Қоңыров