Түркістан облысының 30 ауылында интернет мүлдем жоқ

Келесі аптадан бастап еліміздің білім ошақтарында қашықтан оқыту жүйесі бойынша сабақ басталады. Әрине, қашықтан білім беруге қатысты көптеген сын пікірлер айтылуда. Бұл түсінікті де. Өйткені, бұл мәселе аяқ астынан қолға алынғандықтан мектептердің бұған дайындығы жоқ еді.

Сондықтан онлайн оқыту жүйесі мұғалімдер қауымын әп-сәтте әбігерге түсіріп, жүйкелерін жүндей түте бастағаны анық. Әлеуметтік желілерде мектептердің, әсіресе, аудан-ауылдардағы білім ошақтарының қашықтықтан білім беруге ешқандай дайындығы жоқ екенін, интернет мәселесі тіптен, қиын болып жатқанын шырқырап айтып жатқан мұғалімдер көп. Тіпті, интернетке қосыла алмай бір-біріне дауыс көтеріп, қырылысып жатқан мұғалімдердің ащы айқайлары ватсап желісі арқылы да тарап кетті. Одан редакцияға да хабарласып, осынау бастаманың әуресі көп болып тұрғанын айтып жатқандар жетерлік. Бар мәселе – интернет пен компьютерде болып тұр. Интернеті жоқ ауыл, компьютері жоқ отбасы дегендей… Әрине, Білім және ғылым министрлігі ұстаздар мен ата-аналардың бұл алаңдаушылығын көрмей-білмей отырған жоқ.

Содан болар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс» деп жұртты сабырға шақырды.

Дегенмен де нағыз айқай-шу келесі аптада басталатын сияқты. Өйткені, қазір қанша жерден онлайн оқытуға дайынбыз десек те, бар ақиқат, бұл саланың бар шынайы тіршілігі сол 6-сәуір күні белгілі болатыны анық.

Мысалы, Түркістан облысы әкімдігінің сайтында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы келтірген мәліметтерде мынандай жолдар бар екен: «Жалпы орта білім беру мектептерінің саны – 902 бірлікті, ондағы оқушылар саны – 467,6 мың адамды құрады. Оның ішінде, 902 мектеп – байланыс және интернет жүйелеріне жалғанған, 897 мектепте 2675 интерактивті тақталар орнатылған. Мектептер 42,8 мың бірлік компьютерлік техникамен жабдықталған. 1 компьютерге – 10,5 оқушыдан».

Өңірдегі 902 мектептің барлығын қағаз бетінде интернетпен қамтып тастаған Түркістан облысы әкімдігінің бұл мәліметі қаншалықты рас екендігін анықтау әрине, қиындау. Бірақ, осы аймақтағы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының мәліметтеріне қарағанда дәл қазір Түркістан облысының 30 елдімекенінде интернет байланысы мүлдем жоқ. Тағы 55 ауылда интернет өте нашар, жылдамдығы 2 G ғана. Мұндай жылдамдықпен онлайн оқытуға қосылу тіптен, мүмкін емес. Оқу жылының соңғы тоқсаны басталуға санаулы-ақ күндер қалды. Енді осы уақыт ішінде Түркістан облысының әкімдігі бұл ауылдарды интернетпен қамтып үлгере ме?

Тағы бір айтары, қашықтан оқытуға облыстық адами әлеуметті дамыту басқармасы (бұрынғы білім басқармасы) жауапты болса, интернет тарту мәселесіне облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы жауапты. Бірақ ертеңгі күні онлайн оқыту кезінде кездесетін кемшіліктерден негізінен білім басқармасы оңбай таяқ жейін деп тұрған сияқты. Яғни, бұл істе мұғалім мен ата-ананың шашы ағаратыны анық. Білім сапасы да төмендейді. Әрине, қазіргідей қысылтаяң сәтте мұндай жәйттерге түсіністікпен қараған да дұрыс шығар. Дегенмен де облыс басшылары қашықтан оқыту мәселесіне шындап назар аудармаса, ертеңгі күні істің барлығы көзбояушылық болатыны анық.

Иә, онлайн оқытуға «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары да қосылып, көгілдір экраннан бейнесабақтар көрсетілмек. Бірақ, бұдан кері байланыс жоқ қой. Үйдегі оқушы шынында ол сабақты көрді ме, жоқ па, мұғалім оны қалай анықтайды? Сондықтан бұл істе ата-ананың да жауапкершілігі зор. Әзірге бұл жүйе бірте-бірте бір қалыпқа түсер деген үміт қана көңілге медеу болып тұр. Бірақ, бір жүйеге түскенше де үнемі найзаның ұшында жүретін ұстаздар қауымы қиналып, талай айқай-шудың болатыны анық. Әйтеуір, Алла тағалам сабыр берсін.

egemen.kz