БЕТПЕРДЕ ТАҚПАЙ ЖҮРСЕҢІЗ, АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙСІЗ

Шымкент қаласында енгізілген қосымша шектеу шаралары кезінде бүкіл қалада бетперделік режим енгізіліп, барлық адам бетперде тағуға міндеттеліп жатыр. Алайда, әлеуметтік желіде «Қаладағы дәріханаларда бетперде тапшылығы байқалуда. Бұл мәселені қалай шешуге болады?» деген сауал туындап отыр.

Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері дәріханаларға күнделікті мониторинг жүргізуде.

2020 жылдың 30 наурыз күні 269 (730 дәріхананың ішінде) дәріханадағы көп рет қолданылатын дәке таңғыштардың саны шамамен 89 000 дананы құрайды. Ал, медициналық ұйымдардағы бір рет қолданылатын медициналық бетперделер мен дәке таңғыштардың саны жеткілікті мөлшерде.

Жалпы, Шымкент қаласындағы жергілікті кәсіпорындарда күн сайын 100 мың дана медициналық бетперде тігілуде. Сондықтан қалада бетперде тапшылығы орын алып жатыр деуге негіз жоқ.

Сондай-ақ, 31 наурыз күні сағат 21:00-ден кейін көшеде бетпердесіз жүрген азаматтарға қандай шара қолданылады. Айыппұл салына ма, қамауға алына ма деген сауал да туындап жатыр. Бұл сұраққа Шымкент қалалық полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы медиа-аналитика тобының бас маманы Ержан Пайзбеков былай деп жауап берді:

—Ең алдымен, барлық тұрғындарды аса қажеттілік болмаған жағдайда үйден шықпауға шақырамыз. Үйден тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін немесе жұмысқа баруға тура келетін жағдайда ғана шыққан жөн. Үйден шыққан кезде медициналық бетперде мен қолғап киіп, қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтау керек. Ал, төтенше жағдай режимін бұзып, көшеде бетпердесіз жүрген азаматтарға бірінші жолы ескерту берілелді. Екінші жолы ҚР Әкімшілік Кодексінің 476 бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді Е.Пайызбеков.

Полиция департаменті өкілінің айтуынша, төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар сот шешімі бойынша 10 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынуы да мүмкін.

Шымкент қаласының
төтенше жағдай жөніндегі штабы