Тәспі ұстау
Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың(Оған Алла разы болсын) айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?», – деді. «Көктегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ» [Алланы барша кемшілік атаулыдан пәктеймін!], жердегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ», екеуінің арасындағыны жаратқандай «Субханаллаһ», Алланың жарататынының санындай «Субханаллаһ». Дәл сондай «Әлхамду лиллаһ [Аллаға шүкір]», дәл сондай «Аллаһу акбар» [Алла ең ұлық], дәл сондай «Лә иләһа иллаллаһ» [Алладан өзге (құлшылыққа лайық) тәңір жоқ],дәл сондай «Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ [Күш, құдірет тек Алладан]», – деді» [Хадисті имам Әбу Дәуіт және имам Тирмизи риуаят еткен]. Мән беріп қарасаңыз, Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдің зікірде тас қолдануына тыйым салмаған, бар болғаны зікірдің оңай жолын үйреткен.
Аллаға иман келтірген құлдардың анасы, пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайы Сафия(Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бөлмеме келді. Менің алдымда Алланы зікір ететін төрт мың құрма сүйегі жатқан болатын. Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған қарап: «Ей, Хуайдың қызы! Алдыңда жатқан бұл не?», – деп сұрады. Мен: «(Бұл құрма сүйектері арқылы) Алланы зікір етемін», – деп жауап бердім.
Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сенің жаныңда тұрғаннан бері сенен көбірек Алла Тағаланы зікір еттім», – деді. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Оны маған үйретіңізші!», – дедім. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Субханаллаһи’ адада халқиһи» (Алла Тағаланы қанша жаратылысы бар болса, соншалықты тасбих етемін деп айт», – деді [Хадисті имам Тиримизи риуаят еткен]. Хадис мәтініне зер салып оқысаңыз, Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сафия анамызға(Оған Алла разы болсын) бұл дұрыс емес немесе бұл бидғат, болмаса тыйым салынған деп айтқан жоқ.
Қасым ибн Абдуррахман (Оған Алла разы болсын) сахаба Абу Дарданың(Оған Алла разы болсын) құрма сүйектерін салып жүретін бір дорбасы болғандығын, таң намазын оқыған соң, әлгі дорбадағы сүйектерді бір-бірден шығарып, Алланы зікір ететіндігін риуат еткен [Имам Ахмад ибн Ханбал «Зуһд» атты еңбегінде риуаят еткен]. Дәл осындай сарындағы риуаяттар Абу Сағид ал-Худридан, Сағд ибн Аби Уаққастан, Фатима бинт Хусейннан, т.б. ардақты сахаба, табиғиндерден жеткен.
Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин(Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Автордың «Тәспі ұстаудың еш мәкруһтігі жоқ дегені мынадай… шариғи тұрғыдан рұқсат етілгендігінің дәлелі имам Әбу Дәуіт, имам Тирмизи, имам Нәсаий, имам Ибн Хиббан Сағд ибн Уаққастан(Оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадис. Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың (Оған Алла разы болсын) айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?», – дейді.
Аталмыш хадисте Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) зікір етуде тас немесе құрма сүйектерін қолдануда әйелге тыйым салмаған. Бар болғаны абзалын және жеңілдеуін үйреткен. Егер қолдану «мәкрүһ» болса, пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баян етер еді. Тәспінің осы хадисте мазмұнында айтылғаннан айырмашылығы – жіпке тізілуі. Ал (тастардың жіпке түзілуі) тәспіні тартуға болмайды деген мағынаны білдірмейді» [ Хашияту ибн Абидин, 1-том, 650-651 беттер]. Айта кетерлік жайт: Алланы зікір еткенде тәспі ұстаудың артықшылығына арнайы еңбек жазған ғалымдар да бар. Олар:
1. Хафиз Жәләлуд-дин әс-Суюти әш-Шафиғи. Еңбегі: «әл-Минхату фис-Субхати». 2. Хафиз Мұхаммед ибн Ғиллан әш-Шафиғи. Еңбегі: «Иқадул-Масабих». 3. Шейх, ғұлама Әбул-Хасанат әл-Лакнауи әл-Ханафи. Еңбегі: «Нузһатул-фикр фи субхатиз-зикр.
Міне, осы жоғарыда келтірілген мағлұматтар тәспі ұстаудың шариғатқа қайшы емес екендігін көрсетеді.
ҚМДБ Шариғат және
пәтуа бөлімі,
www.fatua.kz