BIZ_BIRGEMIZ: ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АСА МҰҚТАЖДАРҒА БЕРІЛЕДІ
Әлеуметтік желіде «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында көпбалалы отбасылардың барлығына тегін азық-түлік таратылып жатыр деген ақпарат таралған. Осыған байланысты партия филиалына барып тегін азық-түлік талап етуде. Осыған орай Шымкент қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы Сүндет Сейітов жауап береді.
Оның айтуынша, әлеуметтік желісінде тараған көпбалалы отбасыларға жаппай көмек беріліп жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
—«Nur Otan» партиясы республикалық деңгейде коронавирусқа қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында Елбасы бастамасымен «Біз біргеміз!» республикалық акциясын жариялағаны рас. Акция аясында аса мұқтаж адамдарға көмек көрсету көзделген. Олар: тыл ардагерлері, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағдайы өте төмен және көп балалы отбасылар. Бұл жердегі мақсат – аса мұқтаж, денсаулығы жоқ тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Тұрғындардың көшедегі қозғалысын азайту. Бұл санаттағы адамдар Шымкент қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының базасы негізінде тізімге алынды, — дейді С.Сейітов.
Ескерте кететін мәселе, бұл акция Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда. «Nur Otan» партиясы филиалы Шымкент қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұсынған тізім негізінде азық-түлік пен гигиеналық заттарды жеткізуді үйлестіруде. Егер демеушілер тарапынан көмек ұлғайса, жергілікті әкімдіктердің бекітуімен тізім кеңеюі де мүмкін.
Сондықтан партия филиалдарына немесе әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтарына келудің қажеттілігі жоқ.
Шымкент қаласының
төтенше жағдай жөніндегі штабы