Нұр-Сұлтан қаласында 28 наурыздан бері карантин режимін бұзған 421 адам полицияға жеткізілді
Блокбекеттерден кіріп-шығу бойынша ерекше режимді бұзған 99 адам жазаға тартылып, оның 84-і қамауға алынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«30 наурыздан бері елордада төтенше жағдай күшейтілді. Нұр-Сұлтан қаласының полиция басқармасы коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда. Полиция нарядтары көбейтілді. Қаланың барлық аудандарындағы азаматтар мен автокөлік құралдарының қозғалысы қатаң қадағалануда.Тәулік бойы күзет жүргізіліп, ұтқыр топтар, жаяу нарядтар іс барысын қадағалауда. Блокбекеттердегі ахуал әуеден дрондар арқылы бақылануда»,- деп мәлімдеді департамент мамандары. Құқыққорғау басқармасының дерегінше, 28-31 наурыз аралығы қалалық ПБ аумақтық бөлімшелеріне 421 адам әкелінген. 31 наурыздағы ақпарат бойынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 434 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Оның 90-ы қамауға алынды, 221-іне айыппұл салынды,103 адамға ескерту жасалып, 20 іс соттың қарауына жіберілді.
Блокбекеттерден кіріп-шығу бойынша ерекше режимді бұзғаны үшін 99 азамат жазаға тартылды. Онвң 84-і қамауға алынды,14-іне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, 1 іс соттың қарауына жіберілді. ТЖ кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға арандатып, мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 азамат қамауға алынып, оған 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Кәсіпкерлік қызмет нысандары бойынша, 130 азамат жауапкершілікке тартылды. Оның 5-еуі қамауға алынып, 110-ына айымпұл тағайындалды,15 іс сотқа жолданды. Естеріңізге салсақ, 28 наурыздан бері елордада үйден шығуға тиым салынды. Тек азық- түлік алу үшін дүкенге, дәрі алу үшін дәріханаға және ем алу үшін медициналық мекемелерге баруға, сондай-ақ қызметі рұқсат етілген жағдайда жұмысқа шығуға рұқсат етілген. Сонымен бірге, кәмелеттік жасқа толмағандарға ересектердің ертуінсіз қалада жүруге шектеу қойылды, сондай-ақ көшелерде отбасы мүшелерін қоспағанда үш адамнан артық жиналуға тиым салынды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі