КЕЛІННІҢ АТАСЫН «ЖҰБАТУЫ»
Қарап отырсақ, қымбатшылық жағадан алып тұр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кебі баяғы.
Доллар анау «ұшып» кеткен.
Мұнай мынау «түсіп» кеткен!
Ауылдағы азық — түлік бағасы да удай!
Қазақ төзімді халық. Сол төзімділігі кейде — бақ, кейде — сор!
Бірақ соны бағалап жатқан кім бар?!
«Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды, анаған да, мынаған да жалтақтап өлетін болдық қой» дейтіндер көп арамызда. Сондайда менің есіме бір құрдасымның әйелінің атасына айтқан «жұбату» сөзі түседі.
Бірде атасы үйде ебіл- дебіл жылап отыр дейді.
Үлкен кісінің көңілі босап жылағанын көрген келіні: — Ата — ау, неге жылап отырсыз? — демей ме, көңілін ауламақ ниетпен.
Сонда атасы: — Қарағым — ау, неге жыламайын. Елден суық хабар алдым жаңа ғана. Тай — құлындай тебісіп өскен бір құрдасым бар еді. Таяуда ғана жетпіс жасын тойлап еді. Сол байғұс ойламаған жерден қайтыс болыпты. Ауырып сырқамаған. Соған көңілім босап отыр — дейді ғой иығы селкілдеп.
Сонда аңғал келіншек: — Ата — ау, жетпіс жас, аз жас емес қой. Сонша неге қамығасыз? — деген екен!
Сол құрдасым айытпақшы, расында да 30 жыл көп — көрім уақыт емес пе?
Нағашыбай Қабылбек