Ардагер: Зейнетақыны 10%-ға арттыру – біз үшін үлкен көмек
Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде егде жастағы адамдар мен мүгедектерді қолдауға ерекше көңіл бөлгенін айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Мемлекет басшысы әлеуметтік әлсіз топтағы адамдарды, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға үлкен көңіл бөлді. Зейнетақыны 10%-ға арттыру – біз үшін үлкен көмек», – деді С. Мыңбаев. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айболат Есентеміров мемлекет төтенше жағдай кезінде түсіністік танытып, жаңа сын-тегеуріндерге дайын екендіктерін көрсетті деген пікірде. «Шағын және орта бизнес қолдауға зәру. Алайда мемлекет өз тарапынан барынша жеңілдіктер жасап келеді.
Ең бастысы мемлекет үнемі қолдау көрсетуде. Мәселе туындаған кезде қолдау шараларын біртіндеп ұсынады. Себебі алдын ала бәрін болжау мүмкін емес. Мемлекет әркез демеу танытып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көп шығын шеккен салалардың несиелері үш айға шегерілетінін айтты», – деді А. Есентеміров. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 130 мыңан астам ШОБ субъектілері бар. Онда 360 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Естеріңізге салайық, 31 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдап, төтенше жағдай кезіндегі дағдарысқа қарсы шараларды жариялады. Атап айтсақ, ШОБ субъектілеріне салықтық демалыс беру, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды өсіру, ең төменгі жалақы көлемінде қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету тізімін кеңейту, сақтандырылмаған азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен медициналық көмек алу құқын беру.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі