Төртжылдықтың басты бәсекесі басталды!

Сонымен, жазғы атлеттердің басын бір жерде қосатын төртжылдықтың басты бәсекесі шымылдық түрді. 31-ші додасын дүбірлетіп бастаған Олимпиада ойындарының Рио де Жанейро төріндегі ашылуын миллиардтар тамашалады десек қателеспеспіз.

Тіршіліктің басталуынан бастап, бүгінгі өркениеттің шегіне жеткен тұсын тұспалдап жеткізген салтанатты рәсім Бразилияның әрі бүкіл әлемнің еғ үлкен стадионы әйгілі «Мараканада» өтті. Амазонка елі дәстүрлі карнавалын да, ән-күйін де көрерменге мінсіз жеткізуге тырысқаны анық. Ал, ел құрамаларының шеруіне келсек, 207 құраманы Олимпиада ойындарының отаны Грекия бастап шықты.

1371225674

«Бісміллә» деп қазақтың туын таэквондошы Руслан Жапаров ұстап шыққанда тебіренбеген жүрек болмаған шығар, бәлкім. Тіпті, басқа құрамалардың қатарынан көзіне жас алып жатқандарды көзіміз шалып қалды. Көптеген мемлекеттердің басшыларын да көрермендердің «VIP» орындарынан байқасақ, Оңтүстік Кореяның құрамасы шерулеткен сәтте екі езуі құлағына жетіп қол бұлғаған БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун үлкен планда телекөрермен назарына ұсынылды.

                             222  2222

Олимпиадаға келді деген аты болмаса, өте аз спортшылармен келген мемлекеттер де жоқ емес. Еуропаның Андоррасы мен Люксембургі он атлетке жетер жетпес спортшымен келген болса, ең аз құраммен Африканың Чад елі Рио төрінен табылыпты. Олар небары үш атлетті бәйгеге қосқалы отырса, үшеуі де жүгіруден жарыс жолына шығады екен. Айта кетейік, 108 лицензия жеңіп алған Қазақстан құрамасы соның 104-ін жарыс жолына аман-есен шығармақ. Бразилияға бара алмаған төрт спортшының тағдырын бұған дейін бүге-шігесіне дейін мәлімделген болатын. Сондай-ақ, 207 ел құрамасының басым бөлігін әйел азаматшалардың бастап шыққанына куә болдық.

Естеріңізге сала кетейік, Рио де Жанейрода туын желбіреткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарын екі апта бойына «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Қазспорт» және «Хабар» агенттегінің тікелей эфирінен тамашалай аласыздар. Сонымен қатар, ғаламторда Google іздеу жүйесінің Риодағы дүбірлі доданың аңдысын аңдып отырғанын қаперіңізге береміз. Яғни, қай ойын қашан болады, қандай рекордтар мен қызықтар болып жатыр, командалық есепте кім көш бастап тұр, тағысын тағы түрлі мәліметті осы Google-дың қол жетімді жобасынан оңай таба аласыз.

Ермұрат Назарұлы

«ЕлАна»