Жел туралы жете білесіз бе?
Қазақтың астрономиялық танымында жел ауа райының жалпы жағдайына әсер ететін негізгі себептің бірі саналады. Мәселен қазақтың көне «тоғыс» есебі бойынша, үркер суға түссе жаз жаңбырлы, ал құрғаққа түссе, жаз бойы азынаған жел соғып, қуаңшылық болады. Күз бен көктемде соққан желдің жағдайына қарап, қыс пен жаздың қандай болатынын мөлшерлеп, соған сай жазғы өндіріс пен қытымыр қыстың қамын жасайды. Себебі жазғытұрым жел қатты болса, жерді құрғатып, ақ шаңды аспанға шығарып, көктем мен жазда қуаңшылық болады. Ал күздің қара суығымен бірге сумаңдап соққан қара жел де қыстың жайсыз болатынынан хабар береді. «Жел еспей, бұлт көшпейді», «жел дауыл шақырады, бұлт жауын шақырады», «керіспейінше, ашу басылмайды, жел тұрмайынша, күн ашылмайды» деп қараған халқымыз ауа райының өзгерісін де желмен байланыстырса, «жермен келген жермен кетеді, желмен келген желмен кетеді», «жел бар жерде сел бар» деп қыстың қасат қарының еріп, көктемнің келуін де желмен қатысты деп біледі.
Қазіргі ғылымда желдің жылдамдығын 12 балдық арнайы Бофорт шкаласымен анықтайды. Мұндағы 0 балл желсіз тымықты білдірсе, жылдамдығы 30 м/с-тан жоғары 12 баллдық желді дауыл деп атайды.
АҚШ метеорологтарының айтуынша соңғы жиырма жылда желдің ең қатты соғуы 70 м/с болған. Ал әлемдік рекорд 1934 жылы тіркелген. Ол кезде желдің соғу жылдамдығы 103 м/с-қа тең болған екен. 1996 жылы Барроу аралында «Оливия» циклоны соққан кезде жоғарыдағы рекордтардың бәрін бұзып кеткен. Оның жылдамдығы –113 м/с-тан асқан.
Жел басқа, боран басқа, дауыл басқа…
Тілі бай, атауларының астары шүңет халқымызда желге байланысты атау да аз емес. Кейбір зерттеушілер желге, қарлы боранға қатысты атаулардың өзі 100 ден асады, тіпті неше жүзге жетуі мүмкін дейді. Ендеше біз де желге қатысты атаулардың біразын атап көрейік.
Тілімізде желге қатысты атаулар үлкен жақтан жел, боран, дауыл деп үшке бөлінгенімен, оның соғу жылдамдығы(Қазақша айтқанда қаттылығы), соққан мезгілі және соққан орнына қарай ішінен тағыда көптеген түрлерге бөлінеді.
- Дауыл– көбінде теңізде және теңіз жағалауларында соғатын, жылдамдығы 30 м/с-тан асатын аса жойқын боран.
- Нөсерлі дауыл- нөсерлеп жауған жаңбырмен қатар соғатын боран.
- Шаңды дауыл — шөл, шөлейт және татыр далада желдің топырақты немесе құмды ұшырып соғуы. Мұндай дауылды қазақ тілінде «қара дауыл» деп те атайды.
- Көк дауыл – аязды қарлы боран.
- Боран –жылдамдығы 20 м/с-тан жоғары, өте қатты соғатын жел.
- Арқаның ақбораны-Сары арқа даласында соғатын ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран.
- Алақаншық – бір бәсеңдеп, бір ұйтқып соғатын боран.
- Ақтүтек- жауған қармен қабаттасып, ұйтқып соғатын боран.
- Ноқай- көзді аштырмай, құйын тәрізді үйіріліп, үдеп соғатын боран.
- Бұрқасын- қармен қабаттасып, бет қаратпай долданып соққан боран.
- Жаяу бұрқасын — бәсең соққан боран.
- Ақборан- қарды ұшырып, жер әлемді ақ қармен тұмшалаған боран.
- Ақжорға- жердің бетімен қарды ұшырып ұйтқып соққан жел.
- Құйын –үйіріле, ұйтқи соғатын, кейде шаң-тозаңды көкке үйіріп соғатын екпінді жел.
- Алақұйын – астаң-кестең ұйтқыған боран.
- Қара құйын – топырақ, құм боратқан жел.
- Қызыл жел – аңызғақ, ыстық жел.
- Майда жел – жұмсақ самал.
- Салқын жел – тым суық та, тым жылы да емес жел.
- Суық жел- ызғарлы күзгі жел.
- Қара жел – бұлтты күні соғатын ызғарлы, жауын-шашынсыз жел.
- Қарыма жал – бет қаритын өткір жел.
- Үскірік жел – күзде, қыста соғатын құрғақ, суық жел.
- Ызғырық жел – өңменіңнен өтер суық жел.
- Аңызғақ жел-жылы, ызғары жоқ жел.
- Керімсал жел – шілдеде оңтүстіктен соғатын аңызғақ жел.
- Теріскей жел – терістіктен ескен салқын жел.
- Үрме жел – екпіні бір басылып, бір көтеріліп соғар жел.
- Ыстық жел – аптап жел.
- Көктем самалы- жазғытұрым соғатын тым жылы әрі құрғақ жел.
- Өкпек жел- жанға жайлы самал жел.
- Ескек жел – есе соққан жел. Жібек жел – салқын самал.
- Желемік – әлсіз жел. Мұны ексім деп те айтады.
- Алтын күрек – оңтүстіктен үзбей соғып, қыстың соңғы қарын күрт ерітетін жылы жел.
- Ебі – шығыстан соғатын жел. Ол қара ебі және ақ ебі болып бөлінеді. Қара ебі жазда, жер қарада, ақ ебі қыста қар ұшырып соғады.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
6alash ұсынады