Желідегі жаны жайсаң жамағат!

Күні кеше осы желіге жаңылпаштар салып, оның ел-елдегі оқушыларға жетуін өтініп, баршаңыздан қолдан келгенінше көмек берулеріңізді сұраған болатынбыз. Бұл өтінішімізді бірден қолдап, мейлінше жәрдем берген адамдар қарасы көп болды. Соған марқайып қалдық. 187 адам ризашылығын білдіріп, лайк басса, 40 адам тілек-ниеттерін айтыпты. Ал 20 адам: Жарылқасын Дәулет, Құттықыз Манапова, Бақтыгүл Маханбетова, Нұргүл Темешова, Ерлан Омарович, Владислав Тен, Тамара Наби, Нұрболат Адырбек, Алмагүл Алтаева, Орынбасар Бақытбеков тағы басқалар өз парақшалары мен сайттарда бөліскен. Сәуле Мешітбайқызы «ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайтына беріпті. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин газетке арнайы бет беретінін сүйіншіледі. Гүлмира Әбіқай «Жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел» деген жобасы бойынша кеңінен насихаттайтынын айтса, Айгүл Елшібаева мен Алтын Асаубаева тіл ұстарту сабағында пайдаланатынын, ал Райхан Есіркепқызы уатсап арқылы тарататынын жеткізіпті. Жұмағали Арғынбаев пен Ділдагүл Нұрмаханбет «төменгі сыныптарға арналған оқулықтарға енгізсе» деген ұсыныс айтып, ағынан жарылыпты. Ал Үкілай Бестай өз парақшасында «Жаңылтпаш айтып жарысайық» деп елді сайысқа шақырыпты. Оны қостап жатқан адамдардың қарасы көп. Баршаңызға мың да бір алғыс айтамын.

Айтпақшы, өткенде жаңалықтардан бір оқушының «мектепке барып оқығым келеді. Мектебімді сағындым. Анам ұрса береді» деп жылағанын көріп, көңілім босады. Бұл жағдай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің де жүрегін қозғапты. Ол дереу интернеті жоқ елді мекендерде оқушыларды мектепте оқыту туралы шешім қабылдады. Сондықтан балаларға арналған дүниелеріңіз болса, БАҚ арқылы таратуды қолға алуға шақырамын. Ұсынысымызды дұрыс түсініп, қолдап жатқан жамағатқа Алланың нұры жаусын! Бар да нар болыңыздар!
Ізгі ниетпен Ермахан Шайхыұлы.

Жаңылпаштар

Қанағат «Қағанаттың» тағамына қанағаттанды,
Жамағат та «Қағанаттың» тағамына қанағаттанды.
Қанағат «Тағамның» да тағамына қанағаттанды,
Жамағат та «Тағамның» тағамына қанағаттанды.
Қанағат та, жамағат та «Қағанат» пен «Тағамның»
Тағамына қанағаттанды.
«Қағанат» пен «Тағам» да Қанағат пен жамағаттың
Тағамға деген талғамына қанағаттанды.

Ескерту: «Қағанат» пен «Тағам» – асхананың аты.

***
Шопыр лағып кетті,
Лағып кетті де,
Бір лақты қағып кетті.
Бір лақ лағып кетті,
Лағып кеткен лақты,
Шопыр қағып кетті.
Лаққан лақ айыпты ма?
Лаққан лақты қаққан айыпты ма?
Оны бағалатшы байыптыға,
Жазасын берсін лайықтыға.

***
Бақыттың бағы шапты,
Жақыптың бабы шапты.
Сақыптың бағы да, бабы да шапты.
Бақыттың бағы – бабы,
Жақыптың бабы – бағы.
Сақыптың бағы да, бабы да – бағы!
Бақыттың бағы шапсын,
Жақыптың бабы шапсын,
Сақыптың бағы да, бабы да шапсын!
Бақыт та, Жақып та, Сақып та бақ тапсын!

Ермахан Шайхыұлының фейсбук парқшасынан