Жандарбек Мәлібеков: Темірдей тәртіп, сақтық шараларының арқасында ғана бұл кедергіні еңсереміз
ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына пікір білдірді.
«Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының үндеуін оқып шықтым. Зиялы қауымның, халықтың көңілінен шығатын дүниелер жазылған. Қазіргі таңда бүкіл әлем жұрты коронавирус індетімен күресуде. Қазақстанның да осы бағыттағы жұмысы қарқынды. Бұл ретте, ортақ қиындықты жеңуге баршамыз болып атсалысуымыз қажет», дейді елтаңба авторы. Жандарбек Мәлібеков барша қазақстандықтарды осындай қиын сәтте ауызбіршілік танытуға шақырады. «Әлемді аузына қаратқан алып мемлекеттердің де дертті ауыздықтай алмай отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан темірдей тәртіп, тазалық, сақтық шараларының арқасында ғана бұл кедергіні еңсереміз деп санаймын», дейді ол. Айта кетсек, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты үндеуі жарияланды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі