Жұмыссыздыққа қарсы жоспар есеп үшін емес, ел ертеңі үшін жасалуы керек

Айдың-күннің аманында ел болып күрмеуін шеше алмаған жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі күннен күнге өршіп барады. Төтенше жағдай жарияланғаннан бергі жиырма күнді есепке алмағанда, Қазақстандағы жұмыссыздық 4,8 пайызды шамалаған. Бұл ҚР Статистика комитетінің ақпан айындағы ресми мәліметі. Алайда, еңбекке қабілетті 9 миллионға жуық тұрғынның төтенше жағдайға байланысты қанша пайызы жұмыссыз қалғанын әзірге есептеп жатқан ешкім жоқ.

«Байтал түгіл, бас қайғы» болған бұл күндері мемлекеттік қызметкерлердің өзі жұмыссыз қалған. Өйткені,
ҚР Статистика комитеті 2020 жылдың 26 наурызында 2019 жылғы еңбек нарығындағы жағдай туралы ақпаратпен бөлісті. Онда Қазақстан экономикасының әртүрлі саласында 8,8 млн адамның 66,7 пайызы жұмыспен қамтылғаны, оның ішінде 3,8 млн (15- 28 жас аралығындағы) жастың 3,7 пайызы (81 мыңы) жұмыссыз екені айтылған.
Ал, қазіргі жағдай жоғарыдағы көрсеткіштермен салыстыруға мүлде келмейді. Мәселен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында карантин жарияланған алғашқы күндері тек Алматы қаласының өзінде 266 мың адам жұмыссыз қалғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, ол оңтүстік астанада орналасқан шағын және орта кәсіпкерліктің 80 пайызы өз жұмысын
тоқтатқанын, нәтижесінде Алматыда жарты миллион адам табысынан айырылатынын болжаған-ды. Соңғы
ақпаратқа сенсек, бұған дейін елімізде жалдамалы жұмысшылардың саны 6,7 млн адамға жеткен. Енді оған карантиннің кесірі көбірек тиген өзін-өзі жұмыспен қамтып, өз күнін өзі көріп келгендерді қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, коронавирус елге келгелі ханнан да, қара халықтан да маза қашты.
Мысалы, Төтенше жағдай жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Президент Қ.Тоқаев жұмыссыздық
мәселесін сөз етіп, карантинге байланысты жұмысын тоқтатқан сауда, туризм және қоғамдық тамақтану, ШОБ салаларында жұмыс істейтін 1,6 млн адамның тағдарына алаңдаушылық білдірді. Кейіннен ол Нұр-Сұлтан,
Алматы және Шымкент қалаларындағы жастар карантин кезінде төрт қабырғаға қамалып, қол қусырып қарап отырмас үшін жергілікті билік оларды еңбекпен қамтудың жолын қарастыру керектігін тапсырып, жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмыс істеуге келген жастарға тұрақты жалақыдан бөлек, бірден 85 мың теңге берілетінін айтты. Өз кезегінде жастар індетке қарсы жұмыстарға тартылмақ. Десек те, билік бұл қадамға шарасыздықтан барып отырғанын түсінуіміз керек. Себебі, жұмыссыздық Қазақстанды ғана емес, дамыған елдерді де тығырыққа тіреп отыр. Бір ғана мысал келтірсек, өткен бір аптада АҚШ-та 6,65 млн адам жұмыссыз ретінде мемлекеттен көмек сұраған. Оның алдындағы аптада 3,3 млн АҚШ азаматы дәл осы себеппен көмекке жүгінген. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай алпауыт елдің еңбек нарығында бұрын-соңды болмаған. АҚШ-та аптасына жұмыссыз ретінде тіркелетіндер саны 300 мың адамнан асып көрмепті. Есесіне, соңғы екі аптада он миллионға жуық американдық жұмыссыз қалып отыр. Ал, Қазақстанда қалыпты күндердің өзінде күн тәртібінен түспеген жұмыссыздық мәселесін бұдан әрі қалай шешетіні әзірге белгісіз. Дәл осы түйткілді шешуге бағытталған мемлекеттік жобалардың тағдыры да қазір қыл үстінде. Мысалы, жастарды жұмыспен қамтудың ең қысқа жолы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаржыны әлі игеріп үлгерген жоқпыз.
Атап айтқанда, өткен жылы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 1,5 млрд теңге 20 мың адамды оқытуға бөлініп,
бағдарламаның талабына сай білім алғандардың 20 пайызы өз кәсібін бастауы керек-тін. Алайда, індеттің
әсері жас кәсіпкерді былай қойғанда, аяғынан тік тұрған алпауыттардың өзін тұралатып жатыр. Мына жағдайдан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 210 мың қазақстандық жасты қамтитын «Жас маман» атты жобасының да болашағы не болары түсініксіз. Бәрін айт та, бірін айт, енді ресми статистиканың барлық есеп-қисабы карантинге немесе төтенше жағдайға дейін және кейін деп саралануы тиіс. Мысалы, төтенше жағдайға дейін жұмыс істейтін жастардың 77 пайызы жалдамалы жұмыскер болған. Оның ішінде 388 мың жас сауда-саттық саласында, 253 мыңы ауыл шаруашылығында, 239 мыңы білім саласында, 218 мыңы өндіріс
орындарында, ал, қалғаны (23 пайызы) өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Енді кейінгі жағдай ресми органдардың бұл есебін қаншалықты теріске шығарар екен? Жастардың жайы не болмақ?

Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»