Талапкер таңдауын қолдаймыз!

Қазіргі уақытта инновацияға  бейім сапалы білім беру мен ғылымды дамыту, бұл әлеуметтік – экономикалық және ғылыми – техникалық ілгерілеу бағытындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басты көрсеткіші екені анық. Сондықтан елімізде заманауи білім берудің өзекті мәселелері – әлеуметтік-экономикалық, цифрлық трансформациялық жаңа жаһандық кеңістікте өмір сүруге дайын, әрі оны жақсартуға ықпал ететін креативті, шығармашыл, белсенді, әлеуметтік жауапкершілікті, білімді кәсіби мамандар дайындау болып табылады. Осы орайда Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы алғашқы халыққа жолдауында  басым бағыт ретінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне көшу елдегі білім беру сапасын арттырмай, ғылымды дамытпай  қолжеткізе алмайтындығымызды қадап айтқан болатын.

Бүгінгі таңда барлық мектеп бітіруші түлектердің ойы, мақсаты үздік , бәсекеге қабілетті ЖОО мен мамандықты дұрыс таңдау болып отырғаны баршамызға белгілі. Осы бағытта жастарға адами зияткерлік капиталды қалыптастыруда 85 жылдық толымды тарихы бар, өзіндік бай дәстүрі мен жаңашылдық әрекетеріне сүйенген, ұлы ойшыл әл – Фарабидің атымен аталатын ҚазҰУ ұжымының қызметін елемеуге болмайды. Кезінде, Елбасы «Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университеті –бұл егемен Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығы»,-деп айтқан сөзі университет ұжымына  биік мақсат, зор міндеттер қоюына түрткі болды.

 

Имиджевый видеоролик КазНУ - YouTube

 

ҚазҰУ-дың басты мақсаты –әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге өз үлесін қоса отрып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде-200 университеттің қатарына ену. ҚазҰУбасшылығы барша ұжыммен  университеттің жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялануға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемді білім, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізге ие қызметтерді жүзеге асыруда.

Бүгінде ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының(UNAI)  тұрақты даму жөніндегі ғаламдық хабын қатарынан үш мерзім басқарып келеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның штаб пәтерінде өткен Өркениеттер Альянсы форумында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ таныстырған «4.0 Университет» моделі әлемдік деңгейде кеңінен таратуға ұсынылды. Бұл жоба  ұлы ойшыләл-Фараби идеялары негізінде жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформаларының симбиозын құрайды. ҚазҰУ-дың БҰҰ академиялық ықпалдылық бойынша жаһандақ хабы болуы, Голландия, Түркия, Италия, Иордания, Қытай, Египет академиялық институттарында ҚазҰУ орталығының ашылуы, университет аумағында – «Hewlett-Packard», «Cisco», «KoniсaMinolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», «Microsoft», «Intel», «Касперский зертханасы», «Huawei» сияқты әлемдік компаниялармен бірлесіп ғылыми – зерттеу лабораторияның жұмыс жасауы университеттің күн сайын артып келе жатқан академиялық ықпалдылығы мен жұмыс берушілердің арасындағы беделінің, жоғары ғылыми әлеуетінің дәлелі.

ҚазҰУ-да Қытай Ғылым Академиясының Аэроғарыштық Ақпарат Ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ашылды. ҚазҰУ ТМД елдер арасындағы санаулы университеттер ішінен тарихта алғашқы рет «Әл-Фараби-1,2» отандық наноспутниктерін ғарышқа шығарды. Нәтижесінде ІТ-технологияларды дамытудың жаңа бағыттары жаппай цифрландыру білім беру ісінде де тиімділігін көрсете бастады.

Қазіргі таңда университетіміз талапкерлерге алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын инновациялық жоғары сапалы білім беруден терең ғылымды игеруге, бейімделген білім ордасына айналып отыр десек артық емес. ҚазҰУ «Scopus» және «WebofScience» жетекші халықаралық дерекқорларына кіретін ғылыми журналдардағы жарияланымдар саны бойынша Қазақстан жоғары оқу орындары арасында көш бастап отыр.

Университет құрамында 16 факультет, 10 ғылыми – зерттеу институты мен орталықтар, технопарктер қызмет атқарады. Екі мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100 – ден астам академиялардың академиктері, 30 – ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері т.б мемлекеттік атаулы сыйлық  лауреаттары қызмет етеді.

Сондай-ақ, университетте еліміздің барлық өңірінен және алыс – жақын шет елден келген 20 мыңнан астам бакалавр студенттері мен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар, докторанттар білім алуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білікті ғалымдардың ордасы болғандықтан, мемлекет тарапынан және халықаралық деңгейде жүзеге асып отырған фундаменталды және қолданбалы жобаларды зерттеу мен қаржыландыру осы ортаға шоғырланған. Сонымен қатар, ҚазҰУтүлектері мен ғылым,білімге жанашыр демеушілер арқасында арнайы  эндаумент қоры  құрылып, ғылымның дамуына және әлеуметтік жобаларды қолдауға жұмсалуда.

ҚазҰУ-да дарынды студенттерді  қолдау назардан тыс қалмайды. Соңғы үш жылда университет білім алушыларына 350 миллионнан астам қаржыны құрайтын сырттан 1300 демеушілік шәкіртақы тартылыпты. Жыл сайын мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен топтағы үздік оқыған студенттерге және ҚазҰУ қызметкерлерінің балаларына оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған.

Университетте студенттердің  рухани мәдениетін қалыптастыру, дамыту мақсатында «Айналаңды нұрландыр», «Салауатты дене тәрбиесі», «100 кітап», «ҚазҰУ – Гринкампус» секілді бекітілген,баламасы жоқ инновациялық әлеуметтік жобалар аясында көптеген іс-шаралар  атқарылып, нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізіліп, жоғары бағалануда.        Университеттің көп салалы  инфрақұрылымының негізіне ең заманауи құралдармен жабдықталған көп функционалды әл – Фараби кітапханасы, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, әлемде теңдесі жоқ, бірегей «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы,біліктілікті көтеру институты, әскери мамандандыру кафедрасы, 16 – студенттер үйі мен 1- жас ғалымдар үйі, 300 – орындық интернет орталығы, спорт кешені, тамақтану комбинаты, кинотеатр, Ыстықкөлдегі спорт – сауықтыру лагерін атаумызға болады.  Мұнда студенттер кампустан шықпай-ақ, 500-ден астам білім беру, әлеуметтік, мәдени және демалыс қызметтерін пайдалана алады, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек және денсаулық диагностикасы да бар. Кампус аумағында оқытушылар, студенттер және қала тұрғындары үшін экологиялық тұрақтылық пен қолайлы жағдай жасайтын «Аквапоника» экожүйесі пайдалануға берілді.

ҚазҰУ-дың білім беру үдерісіндегі инновациялық-технологиялық және рухани-әлеуметтік бағыттағы қызметтері өз нәтижесін беруде. Оған дәлел ретінде университеттің QS халықаралық рейтингісінде қарқынды түрде алға жылжуын айтуға болады. Соңғы жылдары университет халықаралық QS рейтингісінде 207 орынға ие болып отыр. ҚазҰУ ТМД елдер аумағында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі екінші орында тұр.Сонымен қатар, «QS WUR by Subject» пәндік рейтингінің нәтижесінде ҚазҰУ ТМД елдері жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып әлемдегі ең үздік 51-100 топқа енген. Жалпы аталмыш рейтингіге жетекші қазақстандық университеттің алты мамандығы кірді.

Бұл жетістікке халықаралық қоғамдастық «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Феномені» деген жоғары баға берді. «UI GreenMetricRankingofWorldUniversities» жаһандық рейтингісінде ҚазҰУ 172 орын алып, үздік 200 экологиялық университеттері қатарында өз позициясын нығайта түсті. «TimesHigherEducation» Британ агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ Орталық Азия университеттерінің арасында алғаш болып әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының тобына кірді. Сонымен қатар,әлем мемлекеттері бойынша жүргізіліп жатқан беделді еуропалық «ARES» рейтингісінің мәліметтері бойынша Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы жоғары бағалап, ҚазҰУ АА позициясына ие болып, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының қатарына көтерілді.

Қымбатты талапкерлер, білімнің қара шаңырағына айналған, университетіміздің ірі құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылатын “Экономика және бизнес жоғары мектебінде” (ЭжБЖМ)  бізде білім алып, қазір ұстаздық етудеміз. Бұл біз үшін жақсы абырой әрі өзімізді оқытқан ұстаздарымызбен  тыңдаушы шәкірттеріміздің алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнда оқу кредиттік жүйе талаптарына сай, заманауи инновациялық әдістемелерді қолдану арқылы классикалық білім берудің үздік дәстүрлері негізінде жүргізіледі. ЭжБЖМ экономикадан «бакалавр» біліктілігінде экономика; менеджмент; есеп және аудит; қаржы;мемлекеттік және жергілікті басқару; логистика; маркетинг мамандықтар бойынша мамандар дайындайды. Ғылым мен педагогикалық қызметке бейім студент түлектер ғылыми-педагогикалық (2 жыл) немесе профильді (1 жыл) бағыттардағы магистратурада,кейін докторантурада(3жыл,PhD) оқу мүмкіндіктері бар.

ҚазҰУ түлектері ҚР Президенті әкімшілігінде, парламентте, үкімет үйінде, мемлекеттік мекемелерде, қаржы секторында, ірі өндіріс, сауда корпорацияларында және жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп келеді. Биік белестерден көрініп жүрген  түлектеріміздің қазіргі студенттерге үлгі болып, өз салалары бойынша лидерлік дәрістерін өткізіп тұратындығын айта кеткен жөн. Осындай дәстүрді жалғап келе жатқан түлектердің ұрпақ сабақтастығы тағылымы баршамызды қуантады.

Қорытындылай келгенде, білім және ғылым дамудың іргетасы болуымен қатар, еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, алтын арқауы. Білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстылық пен жақсы тұрмыс кешу негізі білімділікте екенін ұлы Абай жақсы айтқан: «Балаң білімді парасатты болсын десең, малыңды аяма». Ия, бүгінгі таңда ұлы ақынымыздың өсиетімен егемен еліміз дарынды балаларын әлемнің іргелі оқу орындарына  заманауи білім мен ғылымды меңгеруге қомақты инвестиция жұмсап, ұлттық адами капиталдың әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін көтеріп жатыр.Бұл баршамызды қуантатын үрдіс.

Құрметті ата – ана және талапкер, ұлы Абайдың айтқанын арқау етіп, біліммен сусындап мәңгілік ел мұратында тәуелсіз Қазақстанымыздың кемелді, парасатты азаматы әрі маманы болуды мақсат етейік.

Сондықтан қымбатты талапкер, біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және Бизнес жоғары мектебі іргелі білім беру ордасы ретінде, талапты, дарынды талапкерлердің таңдауын қолдаймыз.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика кафедрасының менгерушісі

э.ғ.к. доцент Садыханова Г.А.,

э.ғ.к. доцент м.а. Тураров Д.Р.

 аға оқыт.  Кулиев И.У.